Телеграмм КС - https://t.me/consot_kz
Конституциялық Соттың нормативтік қаулысына анықтамалық ақпарат
(2025 жылғы 4 желтоқсандағы № 76-НҚ)
Конституциялық Сот ҚПК-нің 56-бабы екінші бөлігі бірінші абзацының, 161, 162 және 163-баптарының конституциялылығын тексеру туралы өтінішті қарады. Өтініш субъектісі дау айтып отырған осы баптардың ережелері тергеу судьясына отырыс өткізбей, мүлікке тыйым салуды жеке-дара қарауына мүмкіндік береді.
Конституциялық іс жүргізу материалдарына сәйкес тергеу судьясы күдіктінің өзіне ғана емес, сонымен бірге өтініш субъектісі мен жұбайына ортақ меншік құқығымен тиесілі пәтеріне тыйым салуды жеке-дара санкциялаған.
Өтініш беруші осындай процестік әрекеттерді мүдделі адамдардың позициясын нақтыламай жүргізу мүмкіндігі сотта өз сөзін тыңдату конституциялық құқығын бұзады деп есептейді, бұл өзінің аталған мүліктің тең меншік иесі ретіндегі мүдделерін қозғайды.
Конституциялық Сот шешім шығарған кезде келесілерді негізге алды.
Сотта әркім өз сөзін тыңдату құқығы Конституцияның 77-бабы 3-тармағының 4) тармақшасында Қазақстан Республикасының барлық соттары мен судьяларына ортақ және бірыңғай болып табылатын сот төрелігі қағидаттарының бірі ретінде бекітіледі. Осы құқықты сақтау ұлттық және халықаралық құқықта әділ сот төрелігінің ажырамас бөлігі болып табылады.
Мүлікке тыйым салу өзге де процестік мәжбүрлеу шараларының бірі ретінде қылмыстық іс фигуранттарына тергеп-тексерудің, сот талқылауының тәртібін және үкімнің тиісті түрде орындалуын қамтамасыз ету мақсатында қолданылады.
ҚПК-нің 56-бабы екінші бөлігінің бірінші абзацына сәйкес тергеу судьясы материалдарды жеке-дара қарай алады. ҚПК сот отырыстары міндетті түрде өткізілетін бірқатар мәселелерді айқындайды, сондай-ақ прокурордың немесе тараптардың өтінішхаты болған кезде не заңды шешім қабылдау үшін маңызы бар мән-жайларды зерттеу қажет болған жағдайда сот отырысын өткізуді соттың қарауына қалдырады.
Тергеу судьясы қызметінің мұндай ұйымдастырушылық-процестік нысаны сот төрелігінің конституциялық үлгісіне қайшы келмейді және сотқа дейінгі тергеп-тексеру сатысында жеке адамның конституциялық құқықтарының сақталуына кепілдік беретін сот бақылауын білдіреді.
Конституциялық Соттың пікірінше, Конституцияда бекітілген сотта өз сөзін тыңдату құқығы ең алдымен басты сот талқылауы шеңберінде қолданылады. Алайда бұл, егер сот әрекеттері салдарынан құқықтары мен бостандықтары айтарлықтай шектелсе, адамның процестік мәртебесіне қарамастан да берілуге тиіс.
Тергеу судьясы шешімді жеке-дара қабылдайтын жағдайларда, сотта өз сөзін тыңдату құқығына заңда мүдделі адамды қабылданған сот актісі туралы хабардар етудің, сондай-ақ жоғары тұрған сот сатысына оған шағым жасау мүмкіндігін берудің тиісті тетігін белгілеу арқылы кепілдік берілуге тиіс.
Конституциялық Сот ҚПК-нің 163-бабы жетінші бөлігі екінші абзацының қисынсыз тұжырымдалуын да көрсетті, бұл тергеуші енгізген мүлікке билік етуге уақытша шектеуді тергеу судьясы оны санкциялаудан бас тартқаннан кейін де сақтауға мүмкіндік береді. Шектеуді алып тастауды осылайша кейінге қалдыру құқықтық екіұштылық туғызады, өйткені ҚПК-нің 161-бабының оныншы бөлігіне сәйкес қаржы ұйымдары мен тиісті тіркеу органдары, егер оларға мүлікке тыйым салуды санкциялау туралы қаулы уақтылы келіп түспесе, аталған уақытша шектеуді өз бетінше алып тастауға міндетті.
Конституциялық Сот ҚПК-нің 56-бабы екінші бөлігі бірінші абзацының, 161, 162 және 163-баптарының ережелерін төмендегідей түсіндірмеде Конституцияға сәйкес келеді деп таныды:
«1) қаралып отырған қылмыстық-процестік нормалар үкiмнің азаматтық талап қою, басқа да мүлiктiк өндіріп алулар немесе мүлiктi ықтимал тәркiлеу бөлiгiнде орындалуын қамтамасыз ету мақсатында ғана мүлікке тыйым салуды қолдану мүмкіндігіне жол береді;
2) сотқа келіп түскен материалдарда ортақ меншік құқығындағы мүліктің күдікті (айыпталушы, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексінде тікелей аталған өзге де тұлға) деп танылмаған адамға тиесілігі туралы мәліметтердің болуы заңды және негізді шешім қабылдау үшін едәуір маңызы бар елеулі мән-жай және, тиісінше, сот отырысында тең меншік иесіне сотқа өз ұстанымын айту мүмкіндігін бере отырып, осындай мүлікке тыйым салуды қолдану мәселесін зерттеуге негіз болып табылады».
Үкімет алты ай мерзімде Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісіне Конституциялық Соттың қортынды шешімінде жазылған құқықтық ұстанымдарына сәйкес қылмыстық-процестік заңнаманы жетілдіруге бағытталған заң жобасын енгізуі қажет.