Мұнай және мұнай өнімдерінің айналымы үшін жауапкершілік туралы норма Конституциялық Соттың құқықтық ұстанымдарын ескере отырып түзетілді

Мұнай және мұнай өнімдерінің айналымы үшін жауапкершілік туралы норма Конституциялық Соттың құқықтық ұстанымдарын ескере отырып түзетілді

Телеграмм КС - https://t.me/consot_kz

 

Конституциялық Сот 2023 жылғы 18 мамырдағы №14-НҚ нормативтік қаулысында (https://www.gov.kz/memleket/entities/ksrk/documents/details/471187?lang=kk) Қылмыстық кодекстің 197-бабын Конституциялық Сот берген мына түсіндірмеде Конституцияға сәйкес келеді деп таныды: адамды бұл бап бойынша қылмыстық жауаптылыққа тартқан кезде олардың шығарылу заңдылығын растайтын құжаттар деп адамның аталған әрекеттерді жасау заңдылығын куәландыратын, заңнамада регламенттелген құжаттарды түсінген жөн.

Конституциялық Сот нақ қандай құжат мұнайдың немесе мұнай өнімдерінің шығарылу заңдылығын растайтын құжат ретінде әрекет етеді деген дәлме-дәл және нақты заңнамалық анықтаманың болмауы құқық қолданушы тарапынан кеңінен түсінік беруге алғышарттар жасайды және азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын бұзуға алып келуі ықтимал деп санайды. Заң шығарушы аталған іс-әрекеттерге қылмыстық сипат беру шегін белгілемеген. Осы бап бойынша қылмыстық жауаптылық мұнайдың немесе мұнай өнімдерінің шамалы көлемімен осы іс-әрекеттер жасалған кезде де туындауы мүмкін.

Конституциялық Соттың шешімін іске асыру мақсатында мынадай заңнамалық шаралар қабылданды:
«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне бизнес жүргізу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2024 жылғы 6 сәуірдегі Заңмен (https://adilet.zan.kz/kaz/docs/Z2400000071) «Мұнай өнiмдерiнiң жекелеген түрлерiн өндiрудi және олардың айналымын мемлекеттiк реттеу туралы» Заңның 18 және 19-баптарына мұнай өнімдерінің шығарылуын растайтын құжаттардың тізбесін нақтылайтын өзгерістер енгізілді.

«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қазақстан Республикасының қылмыстық заңнамасын оңтайландыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2025 жылғы 16 шілдедегі (https://adilet.zan.kz/kaz/docs/Z2500000210) Заңмен ҚК-нің 3-бабына нақтылау енгізілді, оған сәйкес 200 АЕК-тен асатын залал 197-бап бойынша елеулі залал деп танылады. Түзету қылмыстық юрисдикциядан елеулі қоғамдық қауіп төндірмейтін әрекеттерді алып тастауға мүмкіндік береді.