Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының 2023 жылғы 18 мамырдағы №14-НҚ нормативтік қаулысы

Конституциялық Соттың нормативтік қаулысына анықтамалық ақпарат

(2023 жылғы 18 мамырдағы № 14-НҚ)

 

Конституциялық Сот Қылмыстық кодекстің (бұдан әрі - ҚК) 197-бабының Конституцияға сәйкестігін тексеру туралы азаматтың өтінішін қарады.

ҚК-нің дау айтылып отырған нормасына сәйкес мұнайдың және мұнай өнімдерінің шығарылу заңдылығын растайтын құжаттарсыз оларды тасымалдағаны, иемденгені, өткізгені, сақтағаны, сондай-ақ мұнайды қайта өңдегені үшін адам қылмыстық жауаптылыққа тартылады.

Өтініш субъектісі сотпен ҚК-нің 197-бабы төртінші бөлігінің 2) тармағында көзделген қылмыс жасағаны үшін кінәлі деп танылған және оның пікірінше, заңнамада мұнай мен мұнай өнімдерінің шығарылу заңдылығын растайтын құжат деген ұғым ашылып жазылмаған. Оның нысаны, мазмұны, оны бекіту және беру тәртібі жоқ. Бұдан басқа, ҚК 197-бабының «Меншiкке қарсы қылмыстық құқық бұзушылықтар» деген тарауда орналасқанына қарамастан, қаралып отырған бап бойынша қылмыстық істерде меншік иесі болып табылатын жәбірленушілер жоқ.

Конституциялық Сот нақ қандай құжат мұнайдың немесе мұнай өнімдерінің шығарылу заңдылығын растайтын құжат ретінде әрекет етеді деген дәлме-дәл және нақты заңнамалық анықтаманың болмауы құқық қолданушы тарапынан кеңінен түсінік беруге алғышарттар жасайды және азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын бұзуға алып келуі ықтимал деп санайды. ҚК-нің 197-бабының диспозициясынан меншік құқығын қылмыстық-құқықтық қорғау міндеті тікелей байқалмайды. Бұдан басқа, көрсетілген бапта көзделген іс-әрекеттерді жасаған кезде мұнайдың немесе мұнай өнімдерінің меншік иесіне немесе өзге де иесіне зиян келтірілмеуі де мүмкін. Заң шығарушы аталған іс-әрекеттерге қылмыстық сипат беру шегін белгілемеген. Осы бап бойынша қылмыстық жауаптылық мұнайдың немесе мұнай өнімдерінің шамалы көлемімен осы іс-әрекеттер жасалған кезде де туындауы мүмкін.

ҚК 197-бабы Конституциялық Сот берген түсіндірмеде Конституция сәйкес келеді деп танылды:

адамды бұл бап бойынша қылмыстық жауаптылыққа тартқан кезде олардың шығарылу заңдылығын растайтын құжаттар деп адамның аталған әрекеттерді жасау заңдылығын куәландыратын, заңнамада регламенттелген құжаттарды түсінген жөн және Үкіметке алты айдан кешіктірмей Парламент Мәжілісіне ҚК өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасын енгізсін.

Дата публикации
19 мая 2023