41-бап. Конституциялық іс жүргізуге қатысушылар, өтінішті қарау кезінде тартылатын өзге де тұлғалар мен органдар
- Мыналар: өтініштері бойынша конституциялық іс жүргізу қозғалған тұлғалар мен органдар, актілерінің конституциялылығы тексерілетін мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдар конституциялық іс жүргізуге қатысушылар деп танылады.
- Мыналар:
1) мемлекеттік органдар мен ұйымдар;
2) сарапшы және пікірлері өтінішті жан-жақты, толық және объективті қарауға жәрдем ететін өзге де адамдар;
3) аудармашы өтінішті қарау кезінде тартылатын тұлғалар мен органдар деп танылады.
- Қажет болған жағдайда конституциялық іс жүргізуге қатысушылар, осы баптың 2-тармағының 1) тармақшасында аталған өзге де тұлғалар мен органдар конституциялық іс жүргізуге қатысу үшін өз өкілдерін айқындай алады, олардың өкілеттіктері белгіленген тәртіппен берілген сенімхатта немесе өзге де құжатта ресімделеді. Заңға байланысты конституциялық іс жүргізуге қатысушылардың өкілдері конституциялық іс жүргізуге өкілеттіктерін ресімдемей қатысуға құқылы.
- Азаматтардың өтініштерін қарау кезінде заңды өкілдер, адвокаттар, заң консультанттары палатасының мүшелері болып табылатын заң консультанттары, сондай-ақ заңмен, жарғымен немесе ережемен ұйымдар мүшелерінің құқықтары мен мүдделерін, басқа да адамдардың құқықтары мен мүдделерін қорғау құқығы берілген осы ұйымдардың уәкілетті адамдары ғана өкіл бола алады.
- Мемлекет кепілдік берген заң көмегін алуға құқығы бар өтініш субъектісінің өтініші бойынша Конституциялық Сот адвокаттың немесе заң консультантының қатысуын жүгінген адамның таңдауы бойынша облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың адвокаттар алқасына немесе заң консультанттары палатасына тиісті қаулыны жіберу арқылы қамтамасыз етеді. Адвокаттың немесе заң консультантының еңбегіне ақы төлеу Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүргізіледі.
- Өкілдердің саны екі адамнан аспауға тиіс.
- Мемлекеттік органдар, ұйымдар өтініш жіберген азаматтың, оның заңды өкілінің, аудармашының, сарапшының (маманның) Конституциялық Соттың талап етуі бойынша оның отырысына қатысуға жұмсалған барлық уақыт ішінде орташа жалақысын сақтауға міндетті.
49-бап. Конституциялық іс жүргізуге қабылданған өтінішті Конституциялық Соттың отырысында қарау үшін материалдарды дайындау тәртібі
- Конституциялық Соттың Төрағасы өз өкімімен Конституциялық Соттың отырысына материалдар дайындауды жүзеге асыратын Конституциялық Соттың судьясын айқындайды. Келіп түскен өтініштің ерекше маңыздылығына немесе шұғыл болуына байланысты материалдарды дайындау Конституциялық Соттың бірнеше судьясына тапсырылуы мүмкін.
- Өзара байланысты бірнеше өтініш келіп түскен кезде Конституциялық Сот оларды бір конституциялық іс жүргізуге біріктіру туралы шешім қабылдауға құқылы.
- Конституциялық іс жүргізуге қабылданған өтініш бойынша Конституциялық Соттың судьясы Төраға белгілеген мерзімдерде Конституциялық Сот отырысының қарауына материалдарды дайындайды, бұл үшін ол:
1) конституциялық іс жүргізуге қатысушыларды, өтінішті қарау үшін тартылатын өзге де тұлғалар мен органдарды айқындайды, оларға осы Конституциялық заңда көзделген құқықтары мен міндеттерін түсіндіреді;
2) өтініш нысанасына қатысты қажетті құжаттар мен өзге де ақпаратты талап етіп алдырады;
3) қажет болған кезде тиісті лауазымды адамдарға сауал қойып жауап алады, ғалымдарды, сарапшыларды (мамандарды), аудармашыларды тартады және тексерулер, сараптамалар, зерттеулер жүргізуді тапсырады, бұл жөнінде ұйғарым шығарады;
4) отырыс басталғанға дейін он күннен кешіктірмей Конституциялық Соттың судьяларын өтініш материалдарымен қамтамасыз етеді;
5) Конституциялық Сот шешімінің жобасын дайындайды;
6) өтініштің тиісінше қаралуын қамтамасыз ету жөнінде өзге де әрекеттерді жүргізеді.
- Келіп түскен өтініштің ерекше маңыздылығына және шұғыл болуына байланысты Конституциялық Сот оны жеделдетілген тәртіппен қарау туралы шешім қабылдай алады. Бұл жағдайда Конституциялық Соттың отырысына материалдар дайындауды Конституциялық Соттың регламентінде айқындалған тәртіппен Конституциялық Соттың судьясы-баяндамашы жүзеге асырады.
- Дайындық жұмысы аяқталғаннан кейін Конституциялық Соттың Төрағасы өз өкімімен Конституциялық Сот отырысының күнін айқындайды, онда өтініште қойылған мәселелер мәні бойынша қаралатын болады.
- Конституциялық Сот өтінішті конституциялық іс жүргізуге қатысушыларды және өзге де тұлғаларды шақырмай және тыңдаулар өткізбей қарауға құқылы.