Құрметті әріптестер, ардагерлер, қадірлі құтқарушылар!
Сіздерді «Құтқарушы күні» кәсіби мерекесімен шын жүректен құттықтаймын. Құтқарушы – қазіргі заман қаһарманы. Батылдық пен жанқиярлық қасиеттерге ие тұлға.
Сіздердің кәсібиліктеріңіз бен батылдықтарыңыздың арқасында талай адамның өмірі сақталып, азаматтардың қауіпсіздігі қамтамасыз етілуде.
Қазіргі таңда бірігіп, қол жеткізген жетістіктеріміз аз емес. Президентіміз бен Үкімет тарапынан көрсетілген сенім мен қолдаудың арқасында бұдан да биік жетістіктерге жететінімізге сенімдімін.
Қызметтік міндеттерін атқару кезінде ерлікпен қаза тапқан барлық әріптестердің есімдері мәңгі ел есінде. Жылдар бойы ісіне адал қызмет етіп, енді өздерінің бай тәжірибелерімен жас ұрпақты тәрбиелеп отырған ардагерлерімізге ерекше ризашылығымды білдіремін.
Баршаңызға мықты денсаулық, отбасыларыңызға амандық, халықтың игілігі мен қауіпсіздігі үшін атқаратын қызметте сәттілік пен табыс тілеймін.
Қазақстан Республикасының
Төтенше жағдайлар министрі
Мұрат Мұханов
Құтқарушылар өрт сөндіруге және іздестіру-құтқару жұмыстарына аттанып жатқанда, биік таулы бекеттердің мамандары мұздақ көлдерді бақылап, авиациялық экипаждар ұшуға дайындалады, ал кезекші орталықтар тәулік бойы оқиғалар туралы хабарламаларды қабылдайды. Осы күнделікті жұмыстың артында өз мүмкіндіктерін жүйелі түрде кеңейтіп келе жатқан азаматтық қорғау жүйесі тұр. Өңірлерде өрт сөндіру деполары мен құтқару станциялары салынып, техника жаңартылып, цифрлық бақылау жүйелері мен авиациялық инфрақұрылым дамытылуда.
19 қазанда құтқарушылардың кәсіби мерекесі атап өтіледі. 2026 жылы 1995 жылы Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар жөніндегі мемлекеттік комитеті құрылғанына 31 жыл толады. Бүгінде азаматтық қорғау органдарында 27 мыңнан астам қызметкер қызмет етеді.
2026 жылдың басынан бері төтенше жағдайлар қызметтері шамамен 82 мың рет шақыртуға шықты. 8,8 мыңнан астам адам құтқарылып, 10,3 мыңнан астам азамат эвакуацияланды, ал 3,2 мыңнан астам зардап шеккен адамға медициналық көмек көрсетілді. «112» қызметінің пультіне 4,2 миллионнан астам қоңырау түсті.
Әрбір шақыртудың артында қауіп-қатерді жылдам бағалауды, қажетті күштерді жұмылдыруды және көмек көрсетуді талап ететін жеке оқиға тұр. Сонымен қатар министрлік төтенше жағдайлардың алдын алу бағытында да жұмысты күшейтіп келеді. Мұндағы мақсат – қауіп-қатердің бір бөлігін адамдар мен елді мекендерге зардабын тигізбей тұрып анықтау. Жыл басынан бері өрт және өнеркәсіптік қауіпсіздік, азаматтық қорғаныс бағыттары бойынша шамамен 25 мың тексеру жүргізілді.
Цифрлық жүйелер қауіп-қатердің алдын алуға көмектеседі
Азаматтық қорғаудың цифрлық жүйесі біртіндеп орын алған оқиғаларға ден қою құралы ғана емес, күнделікті жұмыстың маңызды бөлігіне айналып келеді. Камералардан алынған деректер, кезекші қызметтердің хабарламалары және модельдеу нәтижелері мамандарға әртүрлі өңірлерден келіп түскен ақпаратты салыстыруға мүмкіндік береді. Су тасқыны қаупі төнген кезде бұл ықтимал су басу аумақтарын алдын ала бағалауға, ал табиғи өрт кезінде өрттің шыққан орнын және оның таралу бағытын жылдам анықтауға көмектеседі.
Төтенше жағдайлар министрлігінің Стратегиялық жоспарлау және жедел басқару орталығында Дағдарыс орталығы мен тұрақты жұмыс істейтін «Тұран» жедел штабы қызмет етеді. Мемлекеттік органдардың өзара іс-қимыл алгоритмдері қайта қаралып, төтенше жағдайлар кезінде республикалық азаматтық қорғау қызметтерін тарту тетіктері айқындалды.
«Табиғат» жүйесі табиғи өрттерді ерте анықтауға арналған. «Тасқын» және «Талсим» жүйелері су тасқыны процестерін модельдеуге көмектеседі. Каспий теңізі мен сейсмикалық белсенділікті цифрлық бақылау құралдары да дамытылып жатыр. Дағдарыс орталығына еліміздің сегіз өңірінде орнатылған орман өрттерін ерте анықтауға арналған 114 камерадан бейнелер келіп түседі.
Қауіпті өндірістік объектілердегі бейнебақылау жүйелеріне қолжетімділік кеңейтілуде. Қазіргі уақытта мамандар «Qarmet» АҚ, «Қазақмыс» АҚ және «Шалқия Цинк» ЖШС-нің 18 шахтасы мен кенішінен деректер алып отыр. Мұндай мониторинг кәсіпорындардағы жағдайды жедел бағалауға және оқиғалар кезінде іс-қимылдарды үйлестіруге мүмкіндік береді.
Азаматтық қорғаудың бірыңғай ведомствоаралық KORDIS радиожелісі құрылды. Ол төтенше жағдайлар қызметтері арасында тұрақты цифрлық байланысты қамтамасыз етуге арналған. Жоба Төтенше жағдайлар министрлігінің, Ішкі істер министрлігінің, Ұлттық ұланның және басқа да мемлекеттік құрылымдардың қатысуымен жүзеге асырылды. Алдағы уақытта жұмысын он мемлекеттік орган үйлестіретін азаматтық қорғаудың барлық 15 қызметін осы желіге қосу көзделген.
Ұшқышсыз ұшу аппараттары іздестіру және мониторинг жүргізу мүмкіндіктерін кеңейтеді
Далада, орманда немесе тау шатқалында адамды іздеу кезінде үлкен қашықтық, қараңғылық және жетуі қиын жер бедері іздестіру жұмыстарын күрделендіреді. Ұшқышсыз ұшу аппараты аумақты әуеден шолып, бейнені іздестіру тобына жіберуге және жерүсті бөлімшелерінің жетуі қиын учаскелерді тексеруге мүмкіндік береді. Бұл ретте одан әрі қандай әрекеттер жасау керектігін құтқарушылар нақты жағдайды ескере отырып, алынған деректер негізінде шешеді.
Төтенше жағдайлар министрлігінің бөлімшелерінде 242 ұшқышсыз ұшу аппараты бар. Олардың 187-сі жасанды интеллект функцияларымен жабдықталған. Тағы үш аппарат док-станциялармен бірге алдын ала белгіленген бағыттар бойынша ұшып, автоматты түрде көтерілуге және қонуға қабілетті.
Ұшқышсыз ұшу аппараттары жоғалған адамдарды іздеуге, табиғи өрттерді, су тасқындарын және су айдындарын бақылауға тартылады. Ажыратымдылығы жоғары камералар мен тепловизорлар тау шатқалдарын, далалық және орманды аумақтарды, соның ішінде түнгі уақытта да тексеруге мүмкіндік береді. Бағдарламалық құралдар адамдарды, көлік құралдарын және жүзу құралдарын танып, олардың қозғалысын бақылайды әрі операторға хабарламалар жібереді.
Жыл басынан бері ұшқышсыз ұшу аппараттары шамамен бес мың операцияға жұмылдырылды. Олардың көмегімен 28 адам құтқарылды. Әуеден барлау кең аумақтарды жылдам тексеруге және жерүсті топтарын зардап шеккен адамдар болуы мүмкін жерлерге бағыттауға көмектеседі.
Авиация шалғай және жетуі қиын аудандарға жақындай түсуде
Шалғай елді мекендер мен таулы аймақтар үшін авиация көбінесе көмек жеткізудің ең жылдам жолы болып табылады. Тікұшақ құтқару тобын, жабдықтарды немесе науқасты автомобиль жолымен жетуге қарағанда әлдеқайда жылдам тасымалдай алады. Сондықтан авиацияны дамыту әуе кемелерінің санын арттырумен ғана емес, сонымен қатар әуеайлақтар, ангарлар және әуе кемелерінің базаларын орналастыру желісін кеңейтумен де байланысты.
Төтенше жағдайлар министрлігінің авиациялық паркі 45 әуе кемесінен тұрады. Тікұшақтар мен ұшақтар іздестіру-құтқару операцияларына, табиғи өрттерді сөндіруге, әуеден мониторинг жүргізуге, мамандарды тасымалдауға және медициналық эвакуациялауға қатысады.
2026 жылдың басынан бері «Қазавиақұтқару» АҚ әуе кемелерімен 2 735 ұшу орындалды, оның ішінде 486 ұшу санитариялық авиация желісі бойынша жүзеге асырылды. Барлығы 466 науқас тасымалданды.
«20 авиациялық отряд» жоспары аясында ангарларды қайта жаңарту және жаңаларын салу жұмыстары жүргізілуде. 2025 жылы Ұлытау облысында ангар ашылды, ал 2026 жылы Балқаш пен Павлодар қалаларындағы екі ангарды жаңғырту жұмыстары аяқталды.
Air 112 тікұшақ алаңдарының желісі де дамып келеді. Биыл «Көлсай көлдері» ұлттық паркінің аумағында, Талғар бөгетінде, «Аюсай» селден қорғау бөгетінде, № 4 қалалық ауруханада және Алматы қаласындағы Балалар қалалық клиникалық инфекциялық ауруханасының филиалында бес алаң салынды.
Биік таулы аймақтарда тікұшақ алаңдары мамандар мен жабдықтарды мореналық көлдерге жеткізуге көмектеседі. Кейбір су айдындарына дейінгі ұшу уақыты 10-15 минутты құрайды. Алдағы уақытта теңіз деңгейінен шамамен 3 200 метр биіктікте қосымша тікұшақ айлағын салу жоспарланып отыр.
Селден қорғау тұрақты бақылаудан басталады
Сел қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмыстары көп жағдайда назардан тыс қалады, өйткені оның басты нәтижесі – төтенше жағдайдың алдын алу. Биік таулы көлдерді әрбір тексерудің артында су деңгейін, жағалаудағы бөгеттердің жай-күйін және мұздық аймағындағы өзгерістерді бақылау жұмыстары тұр. Мұндай мәліметтер инженерлік шараларды таңдау және халықты уақтылы ескерту үшін қажет.
Сел қаупі бар маусым бойы «Қазселденқорғау» ММ мамандары мореналық көлдерді, мұздықтарды, өзендер мен сел арналарына тұрақты бақылау жүргізді. Инженерлік жұмыстар атқарылып, су бұру арналарының жағдайы бағаланды. Сонымен қатар су айдындарының тереңдігі мен көлемін анықтау үшін батиметриялық зерттеулер жүргізілді.
Жарып кету қаупі бар мұздаұ көлдерден 3,5 миллион текше метр су сорғызып шығарылды. Ең қауіпті көлдерде су деңгейін бақыланатын түрде төмендету үшін шамамен 50 сифондық құбыр орнатылды. Маусым қорытындысы бойынша бақыланатын мұздақ көлдердің жарылуына және қауіпті сел ағындарының пайда болуына жол берілген жоқ.
Алматы облысы мен Алматы қаласының биік таулы аймақтарында ұзақ мерзімді кезекшілікті қамтамасыз ету үшін 12 модульдік тұрғын үй орнатылды. Алматы және Шығыс Қазақстан облыстарында екі модульдік диспетчерлік пункт құрылды. Сондай-ақ «Қарасай ПЭО», «Медеу», «Талғар» және «Алтай» диспетчерлік пункттерінде жаңғырту жұмыстары жүргізілді.
Су айдындарында құтқару бөлімшелерінің желісі кеңейіп келеді
Ірі су айдындарында төтенше жағдай кезінде әр минуттың маңызы зор. Жылдам жүретін қайық, дайындалған экипаж және жақын маңда орналасқан құтқару станциясы іздестіру жұмыстарын жедел бастап, зардап шеккен адамды жағаға тезірек жеткізуге мүмкіндік береді. Бұл ретте алдын алу шараларына ерекше көңіл бөлінеді, өйткені жазатайым оқиғалардың едәуір бөлігі шомылуға арнайы бөлінбеген жерлерде орын алады.
Төтенше жағдайлар министрлігі әкімдіктермен бірлесіп, демалыс орындарындағы қауіпсіздік инфрақұрылымын дамытып келеді. Алматы, Астана қалаларында, Абай, Ақмола, Атырау, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан және Маңғыстау облыстарында 13 құтқару бөлімшесі мен бекеті құрылды.
2026 жылы Астана қаласында, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Қарағанды, Маңғыстау және Павлодар облыстарында сегіз құтқару станциясы салынды. Жыл соңына дейін Астана қаласы мен Қарағанды облысында екі жедел-құтқару жасағын салу жоспарланған.
Соңғы екі жылда құтқару бөлімшелеріне 41 жылдам жүретін қайық берілді. Шомылу маусымында 241 мобильді құтқару тобы кезекшілік атқарды, ал 54 құтқару станциясының күштері мен құралдары дайындықта болды. Ірі су айдындарында 53 әскери қызметшінің қатысуымен қосымша топтар құрылды.
Шомылу маусымында 376 адам құтқарылды, олардың 125-і – кәмелетке толмағандар. Құтқарылған адамдардың саны өткен жылмен салыстырғанда бір жарым есе көп. Оқиғалардың басым бөлігі жабдықталмаған және шомылуға тыйым салынған орындарда болған. Ең көп адам Маңғыстау облысы мен Жетісу облысында құтқарылды.
Каспий теңізіндегі теңіз-құтқару қызметінің мүмкіндіктері кеңейтілуде
Теңіздегі құтқару операциялары өзендер мен көлдердегі жұмыстарға қарағанда өзгеше техника мен дайындықты қажет етеді. Экипаждар су тереңдігін, ауа райы жағдайларын, жағалауға дейінгі қашықтықты және кеме апаты кезінде судың ластану ықтималдығын ескеруі керек. Сондықтан Каспийдегі құтқару жасағын дамыту адамдарды құтқаруға да, су айдынын қорғау жұмыстарына да дайын болуды қамтиды.
«Теңіз жасағы» үшін іздестіру-құтқару және авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізуге, мұнай төгінділеріне және Каспий теңізінің Қазақстан секторындағы төтенше оқиғаларға ден қоюға арналған мамандандырылған кеме сатып алынды.
Каспий теңізі деңгейінің төмендеуі және жекелеген учаскелердің таяздануы кеме қатынасының жағдайын өзгертіп, кемелердің қайраңға тұрып қалу қаупін арттырады. Флоттың жаңа кемемен толықтырылуы экипаждарға көмек көрсету және апаттардың салдарын жою мүмкіндіктерін кеңейтеді. Алдағы уақытта мұнай төгінділерін жою жұмыстарына арналған тағы төрт кемені сатып алу жоспарланып отыр.
Өрт сөндіру бөлімшелері қалалар мен ауылдарға жақындай түсуде
Елді мекенге жақын орналасқан өрт сөндіру бөлімшесінің болуы өрт туралы хабар түскеннен кейінгі алғашқы минуттарда маңызды рөл атқарады. Ауылдық жерлерде қашықтықтың үлкен болуы өрт сөндіру бекеттерін дамытуды қажет етеді. Сондықтан шағын өрт сөндіру бекеттерін ашу ірі өрт сөндіру деполарын салумен қатар жүзеге асырылуда. Жаңа нысандар қызмет көрсету аумағын кеңейтіп, тұрақты кезекшілікті ұйымдастыруға мүмкіндік береді.
Еліміздің өртке қарсы қорғанысын 457 өрт сөндіру бөлімшесі қамтамасыз етеді. 2026 жылы 17 өрт сөндіру депосы салынды. Олардың жетеуі бірыңғай тұжырымдама бойынша қысқа мерзімде тұрғызылатын, қызмет атқаруға және жеке құрамды орналастыруға арналған заманауи жағдайлары бар нысандар.
Қазақстанда өрт сөндірушілер, құтқарушылар, медицина қызметкерлері мен полиция қызметкерлері кезекшілік атқаратын 14 әмбебап өрт сөндіру депосы жұмыс істейді. Биыл осындай төрт бөлімше Шымкент қаласында, Ұлытау облысындағы Жәйрем кентінде, Талдықорған қаласында және Шымбұлақ курортында құрылды. Сонымен қатар екі өрт сөндіру депосының ғимараты қайта жаңартылып, жеті нысанда күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Ауылдық аумақтарды қорғау үшін 2025 жылы қабылданған «Ауыл құтқарушылары» ведомстволық бағдарламасы жүзеге асырылуда. Еліміз бойынша 292 өрт сөндіру бекеті құрылып, олардың қызмет көрсету аймағына 900-ден астам елді мекен кіреді. Шалғай ауылдардың тұрғындары үшін бұл өрт кезінде көмекке келе алатын күштердің жақынырақ орналасуын білдіреді.
Әскери бөлімдер жаңартылып, қызмет ету жағдайлары жақсартылуда
Казармалар мен тұрмыстық үй-жайларды жаңарту әскери қызметшілердің күнделікті өміріне тікелей әсер етеді. Жаттығулардан, кезекшіліктен және тапсырмаларды орындаудан кейін жеке құрамға демалуға, тамақтануға және күш-қуатын қалпына келтіруге қолайлы жағдай қажет. Сондықтан инфрақұрылымды жөндеу жұмыстары бөлімшелердің дайындығын арттыру және жауынгерлік әзірлігін сақтау шараларымен қатар жүргізіледі.
2026 жылы Төтенше жағдайлар министрлігінің барлық бес әскери бөліміндегі казармалар қоры жөндеуден өтті. Үш әскери бөлімде мерзімді әскери қызметшілерге арналған жаңа казармалар пайдалануға берілді.
Асханалар, тұрмыстық үй-жайлар және әлеуметтік мақсаттағы нысандар жаңартылуда. Алдағы уақытта әскери қызметшілер орналасатын орындарды жөндеу және тіршілікті қамтамасыз ету нысандарын кезең-кезеңімен дамыту көзделген. Бұл жұмыстар жеке құрамның қауіпсіз әрі қолайлы жағдайда тұруын, тамақтануын және демалуын қамтамасыз етуге бағытталған.
Құтқару қызметтері жаңа техникамен және жабдықтармен қамтамасыз етілуде
Құтқару техникасы қалалық көшелерден бастап жолсыз жерлер мен су басқан аумақтарға дейін әртүрлі жағдайларда қолданылады. Барлық міндетті бірдей орындайтын әмбебап құрал жоқ. Сондықтан жоғары өтімді автомобильдер, жүзу құралдары және арнайы жабдықтар бірін-бірі толықтырып, төтенше жағдайдың сипатына қарай қажетті құралдарды таңдауға мүмкіндік береді.
2026 жылы республикалық және жергілікті бюджеттер есебінен өрт сөндіру, құтқару, авариялық-құтқару және қосалқы мақсаттағы 87 бірлік техника, Marine Marlin, Voyage маркалы жүзу құралдары мен аэролодтарды қоса алғанда, алты заманауи жүзу құралы, сондай-ақ 976 бірлік жабдық пен жарақ сатып алынды.
Бөлімшелер жол жүру жағдайы күрделі учаскелерде қозғалуға арналған Toyota Hilux автомобильдерімен толықтырылуда. Өрт сөндірушілердің, құтқарушылардың, әскери қызметшілердің және басқа да қызметкерлердің қорғаныш жабдықтары мен арнайы киімдері жаңартылуда. Биыл 243 789 бірлік формалық киім сатып алынды.
Мемлекеттік резерв ауқымды міндеттерді орындауға дайындалуда
Ауқымды төтенше жағдайлар кезінде құтқарушыларды жедел жіберіп қана қоймай, зардап шеккен аумақтарды қажетті ресурстармен қамтамасыз ету де маңызды. Материалдық қорлар, дайындалған қоймалар және халықты орналастыру пункттері осы жұмыстың негізін құрайды. Мемлекеттік резервті дамыту қажетті ресурстарды мұқтаждық туындаған жерге уақтылы жеткізу мүмкіндігімен байланысты.
«Резерв» РМК инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстары жалғасуда. «Автоматика» және «Комета» филиалдарында күрделі жөндеу жұмыстары аяқталды, ал «Беркут», «Целина», «Орбита» және «Балқаш» нысандарында тиісті жұмыстар жүргізілді. Комитеттің әкімшілік ғимараты қайта жаңартылып, онда Жедел басқару орталығы, спорт кешені және асхана құрылды.
Арыс қаласында мемлекеттік материалдық резервті сақтауға арналған база салу жобасы басталды. Жоба сақтау қуаттарын кеңейтуге және төтенше жағдайлар кезінде оңтүстік өңірлерге ресурстарды жедел бөлуге бағытталған.
«Алатау» оңтүстік базасын дамыту жұмыстары да жалғасуда. Жоба зардап шеккендерді уақытша орналастыру пункттері, қоймалар және күштер мен құралдарды басқаруға арналған республикалық штаб орналасатын автономды көпфункционалды кешен салуды көздейді.
Қауіпсіздік саласындағы мемлекеттік бақылау жетілдірілуде
Төтенше жағдайлардың алдын алу нысандарды жобалау және пайдалану кезеңдерінен бастап қауіпсіздік талаптарының сақталуынан басталады. Өртке қарсы автоматика жүйелерін, қауіпті өндірістік объектілерді және адамдар көп жиналатын орындарды бақылау апат немесе өрт туындағанға дейін заңбұзушылықтарды анықтауға мүмкіндік береді.
Төтенше жағдайлар министрлігіне төтенше жағдайлардың алдын алу, бірегей нысандарға арналған арнайы техникалық шарттарды келісу, сондай-ақ пайдалануға берілер алдында адамдар жаппай жиналатын ғимараттар мен биіктігі 28 метрден асатын көппәтерлі тұрғын үйлердің өрт қауіпсіздігін бағалау салаларында қосымша өкілеттіктер берілді.
Өртке қарсы автоматика жүйелерін монтаждау және оларға техникалық қызмет көрсету жұмыстарын орындайтын ұйымдар үшін рұқсат беру рәсімдері, сондай-ақ қауіпті өндірістік объектілерді техникалық қайта жарақтандырудың жиынтық жоспарларын келісу тәртібі көзделген. 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап өнеркәсіптік қауіпсіздік саласында қадағалаудың жаңа тетігі қолданысқа енгізілді, ал 1 шілдеден бастап шағын көлемді кемелерді қауіпсіз пайдалану саласындағы бақылау кеңейтілді.
Электромобильдер мен зарядтау станцияларын орналастыруға, қонақүйлер мен хостелдердегі хабарлау жүйелеріне, ғимараттар мен құрылыстарды жобалауға қойылатын талаптар жаңартылды. Өрт қауіпсіздігі қағидаларын бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілік күшейтілді, сондай-ақ туристік маршруттар туралы ақпарат беру талаптары көзделді.
Қызметкерлерді әлеуметтік қолдау одан әрі дамып келеді
Кәсіби дайындық қызметкерлердің өмір сүру және жұмыс істеу жағдайларына да байланысты. Тұрғын үй төлемдері, жатақханаларды жаңарту, отбасымен бірге демалу және спортпен шұғылдану мүмкіндіктері қызметтің тұрақты негізін қалыптастырады. Әлеуметтік қолдау шаралары тәулік бойы кезекшілік атқарып, күрделі операцияларға үнемі шығатын мамандар үшін ерекше маңызды.
2025 жылғы маусымнан бастап азаматтық қорғау органдарының қызметкерлеріне тұрғын үй төлемдері, қызмет бабымен ауысқан кезде көтерме жәрдемақылар, жол жүру және мүлікті тасымалдау шығындарын өтеу қарастырылды. Төтенше жағдай жарияланған аумақта міндеттерді орындағаны үшін ақшалай ынталандыру шаралары да көзделген.
Ведомстволық тұрғын үйлер мен жатақханаларға күрделі жөндеу жүргізу жалғасуда. Қызметкерлер мен олардың отбасыларына арналған демалыс орындарының желісі қалыптастырылып, оның ішінде «Көлсай» және «Шымбұлақ» бағыттары дамытылуда. Ақтау қаласында Каспий теңізінің жағалауында «112 Resort Aktau» ведомстволық орталығы ашылды. Жоба аясында 45 капсулалық үй салу қарастырылған, оның алғашқы жетеуі пайдалануға берілді.
Қалаларда «BATYR TEAM» спорт клубтары құрылды, сондай-ақ 16 «BATYR KIDS» балалар клубы жұмыс істейді. Казармалық жағдайда болған және карантиндік іс-шараларға қатысқан кезде қызметкерлер мен әскери қызметшілерді тамақтандыру мәселелері жекелеген нормативтік шешімдермен реттелді.
Халықаралық ынтымақтастық азаматтық қорғау мүмкіндіктерін кеңейтеді
Жер сілкіністері, сел процестері және ірі табиғи өрттер әкімшілік шекаралармен шектелмейді. Бірлескен зерттеулер, бақылау деректерімен алмасу және мамандарды даярлау елдерге ақпаратты салыстыруға әрі төтенше жағдайларға дайындық деңгейін жетілдіруге көмектеседі. Қазақстан үшін сейсмологиялық зерттеулер мен биік таулы көлдердің жарылуы туралы ерте ескерту жүйелерін дамыту ерекше маңызға ие.
2026 жылғы 26 наурызда Түркі мемлекеттері ұйымының Азаматтық қорғау тетігін құру туралы келісімді ратификациялау жөніндегі Қазақстан Республикасының № 274-VIII ҚРЗ Заңына қол қойылды. Құжат табиғи апаттарға бірлесіп ден қою мүмкіндіктерін дамыту және құтқару бөлімшелерін даярлау шараларын көздейді.
Алматы қаласында болашақ Қазақстан-Қытай бірлескен жер сілкіністерін зерттеу орталығының ғимараты ашылды. Сейсмологиялық бақылаулар мен зерттеулердің ұлттық ғылыми орталығының құрылымында үш мамандандырылған зертхана құрылды. Қазақстан мен Қытайдың ғылыми ұйымдары геофизика және сейсмология саласындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
2026 жылы Астанада өткен Өңірлік экологиялық саммит аясында Қазақстанның Төтенше жағдайлар министрлігі мен ЮНЕСКО Орталық Азия халқының мұздық көлдердің жарылу қаупіне осалдығын төмендетуге бағытталған GLOFCA жобасы аясында ерте ескерту жүйелерін дамыту туралы меморандумға қол қойды. Жоба аясында жабдықтар орнату және қауіпті биік таулы су айдындарын бақылау жүйесін дамыту жұмыстары көзделген.
Барлық өзгерістердің өзегінде адам қауіпсіздігі тұр
Техникалық жаңғырту, инфрақұрылым салу, цифрлық байланысты дамыту және қызметкерлерді даярлау жүйесін жетілдіру бір ортақ мақсатқа бағытталған. Көмек уақтылы жетуі, табиғи қауіптер алдын ала анықталуы, ал бөлімшелер кез келген жағдайда жұмыс істеуге қажетті күштер мен құралдарға ие болуы тиіс.
Қазақстанның өртке қарсы және құтқару қызметтерінің тарихында қызметтік міндеттерін атқару кезінде 77 қызметкер қаза тапты. Олардың ерлігі мен қызметтік борышына адалдығы туралы естелік ведомство өмірінде ерекше орын алады.
Құтқарушылар күніне орай Төтенше жағдайлар министрлігінің жұмыс нәтижелері еліміздің азаматтық қорғау жүйесінің жүйелі түрде дамып келе жатқанын көрсетеді. Салынған әрбір өрт сөндіру депосының, жаңа қайықтың, тікұшақ алаңының, бақылау бекетінің және енгізілген әрбір техникалық шешімнің артында адам өмірін сақтау мақсаты тұр. Бұл мақсатқа азаматтық қорғау органдарының 27 мыңнан астам қызметкері күнделікті қызметін арнайды.
Шығыс Қазақстан облысы ТЖД №8 өрт сөндіру бөлімінің аға өрт сөндіруші-құтқарушысы Сәкен Өтеев 12 жылдан астам уақытын ТЖМ жүйесіндегі қызметке арнады. Осы уақыт ішінде ол табиғи өрттерді, тұрғын үй секторындағы және Өскемен қаласындағы ірі нысандардағы өрттерді сөндіруге қатысқан.
Сәкен Өтеев үшін ең күрделі шақыртулардың бірі 2024 жылы кондитерлік өнімдер қоймасында болған өрт болды. Өрт шамамен 200 тонна өнім сақталған ғимаратты шарпыған. Өрт сөндірушілер қою түтін мен жоғары температура жағдайында жұмыс істеп, бір мезетте жоғары қысыммен су берілетін өрт жеңдерін ұстап тұруға мәжбүр болды. Өрт сөндірушілердің үйлесімді әрекетінің арқасында жалынның таралуына жол берілмеді. Өрт 1 500 шаршы метр аумақта толығымен сөндірілді. 2025 жылы Өскемен қаласындағы бес қабатты көппәтерлі тұрғын үйде тағы бір ірі өрт болды. Оны сөндіру жұмыстарына Сәкен Өтеев те қатысты. Өрт сөндірушілердің кәсіби әрі үйлесімді әрекетінің арқасында өрт сөндіріліп, ғимараттан 45 адам, оның ішінде 7 бала уақтылы эвакуацияланды.
Әріптестері Сәкен Өтеевті сенімді жолдас әрі тәжірибелі маман ретінде сипаттайды. Қызметте ол командалық қолдауды, тәртіп пен жауапкершілікті жоғары бағалайды. Өйткені әрбір өрт сөндірушінің әрекеті адамдардың қауіпсіздігіне тікелей әсер ететінін жақсы түсінеді. Спорт оның өмірінде де маңызды орын алады. Сәкен Өтеев балық аулауды ұнатады және спортпен белсенді айналысады. Ол дзюдодан спорт шеберлігіне кандидат. Спорттық дайындық оған дене төзімділігін, ұстамдылықты сақтауға және күрделі жағдайларда әрекет етуге дайын болуға көмектеседі.
Азаматтық қорғау органдарындағы қызмет батылдықты, тәртіпті және жоғары жауапкершілікті талап етеді. Өрт сөндіруші-құтқарушылар күн сайын қауіп-қатерге тап болған адамдарға көмек көрсетуге дайын. Осындай абыройлы іске өзін арнаған азаматтардың бірі – Қарағанды қаласындағы №9 өрт сөндіру бөлімінің аға өрт сөндіруші-құтқарушысы Абай Нұрпейісов.
Абай Нұрпейісов 2021 жылдың қыркүйегінен бастап азаматтық қорғау органдары жүйесінде қызмет етіп келеді. Осы уақыт ішінде ол таңдаған мамандығының қыр-сырын меңгеріп, оның жоғары дене дайындығымен қатар, психологиялық төзімділікті, жылдам шешім қабылдауды және командамен үйлесімді әрекет етуді талап ететінін түсінді. Азаматтық қорғау сержанты арнайы атағына ие Абай қызметтік міндеттеріне жауапкершілікпен қарап, кәсіби дағдыларын үнемі жетілдіруге ұмтылады.
Өрт сөндіруші-құтқарушы үшін физикалық төзімділік пен ауыр жүктемелерге дайын болу ерекше маңызды. Сондықтан Абай спортқа көп көңіл бөледі. Ол бассейнге барады, бос уақытында қоян-қолтық ұрыс пен жекпе-жек түрлерімен әуесқой деңгейде айналысады. Мұндай жаттығулар оның дене дайындығын шыңдап, төзімділігін арттыруға және мінезін қалыптастыруға көмектеседі.
Қызметтегі қарбалас күндерге қарамастан, Абайдың өмірінде отбасының орны ерекше. Ол бос уақытын жақындарымен өткізуге тырысады. Отбасымен бірге серуендеп, табиғат аясына шығып, демалады. Жақындарының қолдауы оған күш-қуат беріп, шабыттандырады әрі алға ұмтылуға жігерлендіреді.
«Мен үшін ең бастысы – өз ісіме жауапкершілікпен қарау, үнемі даму және айналамдағы адамдар сенім арта алатын азамат болып қалу», – дейді Абай.
Өрт сөндіруші-құтқарушы қызметі күн сайын көмекке келуге дайын болуды, батыл әрекет етуді және жауапкершілікті өз мойнына алуды талап етеді. Бұл қызметтің артында өзге адамдардың өмірі мен қауіпсіздігін бәрінен жоғары қоятын жандар тұр.
Қауіпті жағдайда жедел көмекке келіп, адам өмірін құтқару – өрт сөндірушілердің басты міндеті. Бұл мамандық батылдықты, кәсібилікті және жоғары жауапкершілікті талап етеді.
Сәкен Төлеубекұлы Орынбаев азаматтық қорғау органдары жүйесінде 2002 жылдан бері қызмет етіп келеді. Қазіргі уақытта Талдықорған қаласында 1-МӨСБ қарауыл бастығы болып жұмыс істейді. Қызмет еткен жылдары ол өрт сөндірушілердің де басқа адамдар сияқты қорқыныш сезінетінін түсінді. Алайда борыш сезімі мен өзге адамдардың өміріне деген жауапкершілік оларға ең күрделі жағдайларда да батыл әрекет етуге көмектеседі.
Қызмет еткен жылдары ол ТЖМ жүйесіндегі елеулі өзгерістердің куәсі болды. Бүгінде бөлімшелер заманауи техникамен және жабдықтармен қамтамасыз етіліп, өрт сөндіру бөлімдері жаңартылып, қызмет атқару жағдайлары жақсарып келеді. Сәкен Орынбаевтың айтуынша, өрт сөндірушілердің заман талабына сай қызмет етіп, өз міндеттерін тиімді орындауына мүмкіндік беретін бұл өзгерістер оны шын жүректен қуантады.
2016 жылдан 2023 жылға дейін ол Қазақстан Республикасының өрт-құтқару спорты бойынша ұлттық құрамасының аға жаттықтырушысы болды. Сонымен қатар ол халықаралық дәрежедегі төреші.
Сәкен Орынбаев үшін өрт сөндіру қызметі – адалдық пен кез келген сәтте көмекке келуге дайын болуды талап ететін абыройлы іс. Технологиялар дамып, жабдықтар жаңарғанымен, өрт сөндірушілердің басты мақсаты өзгеріссіз қалады. Ол – адам өмірін құтқару.
Азамат Аманшиев – Орал қаласындағы мамандандырылған жасақ бөлімшесінің командирі.
Азамат Құсайынұлы 1983 жылы Батыс Қазақстан облысы Ақжайық ауданы Сайқұдық ауылында дүниеге келген. Ол 2007 жылдан бері азаматтық қорғау органдарында қызмет атқарып келеді. Қызмет барысында талай күрделі жағдайларға тап болып, қауіпсіздікті қамтамасыз ету жолында аянбай еңбек етіп келеді.
Оның кәсібилігі мен батылдығының жарқын үлгілерінің бірі – өрт кезінде адамды құтқаруы. Қауіпке қарамастан, Азамат Аманшиев жедел әрі батыл әрекет етіп, адам өмірін аман алып қалды. Бұл оқиға құтқарушы мамандығының қаншалықты жауапты әрі маңызды екенін көрсетеді. Бұл мамандық жоғары кәсіби дайындықты ғана емес, батылдықты, жанқиярлықты және қиын сәтте көмекке келуге дайын болуды талап етеді.
Шығыс Қазақстан облысы Глубокое ауданының Веселовка ауылында ТЖМ-нің «Ауыл құтқарушылары» ведомстволық бағдарламасы аясында 292-ші ерікті өртке қарсы құралымы ашылды. Жаңа өрт сөндіру бекеті Веселовка, Предгорное, Заречное және Перевальное ауылдарының шамамен 5 мың тұрғынын өрттен қорғауды қамтамасыз етеді.
Ашылу салтанатына Төтенше жағдайлар министрі Мұрат Мұханов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов және жергілікті тұрғындар қатысты. Жоба Глубокое ауданы әкімдігінің бастамасымен, «ПГС-Недра» ЖШС қолдауымен жүзеге асырылды. ТЖМ ведомстволық бағдарламасы аясында ерікті өрт сөндірушілер арнайы киіммен, байланыс құралдарымен және қажетті өрт-техникалық жабдықтармен қамтамасыз етілді.
Аумағы 178 шаршы метрді құрайтын жаңа ғимаратта жеке құрамның тәулік бойы кезекшілік атқаруына қажетті жағдайлар жасалған. Бекет өрт сөндіру техникасымен және өрттер мен басқа да төтенше жағдайларға жедел әрекет етуге арналған жабдықтармен қамтамасыз етілген. Оның ашылуы шалғай ауылдық елді мекендерде шұғыл көмектің қолжетімділігін арттырып, оқиға орнына жету уақытын қысқартуға мүмкіндік береді.
«Ауыл құтқарушылары» бағдарламасы аясында Шығыс Қазақстан облысында 2025–2026 жылдары 18 өрт сөндіру пункті ашылды. Ерікті өртке қарсы құралымдар желісін дамыту ауыл тұрғындарының өрт қауіпсіздігін арттыруға, олардың өмірі мен мүлкін қорғауға бағытталған. Жобаны жүзеге асыруға қосқан үлесі үшін «ПГС-Недра» ЖШС директоры Тимур Виситаев ТЖМ-нің ведомстволық наградасымен марапатталды.
Қауіпті жағдайда жедел көмекке келіп, адам өмірін құтқару – өрт сөндірушілердің басты міндеті. Бұл мамандық батылдықты, кәсібилікті және жоғары жауапкершілікті талап етеді.
Саят Ордабайұлы Сыздықов Қарағанды облысы Төтенше жағдайлар департаментінің мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінде өрт сөндіруші-құтқарушы болып қызмет атқарады. ТЖМ жүйесіндегі еңбек жолын 2019 жылы бастаған.
Есінде ерекше сақталған оқиғалардың бірі Мұқанов көшесіндегі шақырту болды. Оқиға орнына жеткенде құтқарушы бесінші қабаттағы терезе жанында тұрған кішкентай қызды байқайды. Жағдайды бағалаған ол дереу қажетті шараларды қабылдап, пәтерге кіріп, баланы қауіпсіз жерге алып шықты.
Саят Сыздықов үшін бұл мамандық өз ісіне адалдықты және кез келген сәтте көмекке келуге дайын болуды талап ететін қызмет. Ол әріптестерімен бірге өрттерді сөндіруге, төтенше жағдайлардың салдарын жоюға және адамдарды құтқаруға қатысады. Әрбір құтқарушының басты мақсаты – адам өмірін сақтау.
Бір минутта не болуы мүмкін деп ойлайсыз? Табаны плитаның үстінде қалдырып, телефонға жауап беру үшін шығып кету немесе жай ғана бір сәтке алаңдау. Алайда кейде әдеттегі тамақ дайындаудың өртке айналуы үшін дәл осы уақыттың өзі жеткілікті.
Өсімдік майы ерекше қауіпті. Қатты қызған кезде ол тұтануы мүмкін. Мұндай жағдайда ең бастысы отты су құю арқылы сөндіруге тырыспау. Қызған майға су тиген кезде ол қатты шашырап, жалынның ас үйге лезде таралуына әкелуі мүмкін.
Мұндай жағдайдың алдын алу үшін дайындалып жатқан тағамды қараусыз қалдырмаған жөн. Плита мен оның айналасы таза болуы керек, өйткені жиналған май тез тұтанады. Ас үйдегі сорғышты да үнемі тазалап тұру қажет: оның ішінде жиналған май қалдықтары да өрттің шығуына себеп болуы мүмкін.
Сүлгілерді, майлықтарды, тұтқыштарды және басқа да жанғыш заттарды плитадан алыс ұстаған дұрыс. Қарапайым ереже: жануы мүмкін заттардың ашық отқа немесе қызған бетке жақын болмауы керек.
Егер май тұтанып кетсе, ең бастысы сабыр сақтаңыз. Ыдыстың бетін қақпақпен жабыңыз, мүмкін болса қыздыруды өшіріңіз және өрт туралы дереу 112 нөміріне хабарласыңыз. Жанып жатқан ыдысты орнынан қозғамаңыз және майды сумен сөндіруге тырыспаңыз.
Ас үйдегі өрт көбіне үлкен мәселеден емес, кішкентай ғана немқұрайлылықтан басталады. Сондықтан ас үйден бір минутқа ғана шықсаңыз да, алдымен плитаны өшіріңіз. Бүгінгі бір минуттық сақтық ертеңгі үлкен қауіптің алдын алуы мүмкін.
Қазақстан Республикасы Президентінің Телерадиокешені ұйымдастырған «100 SARBAZ» әскери-патриоттық телевизиялық реалити-шоуына Төтенше жағдайлар министрлігінің үш командасы қатысып, жоба жүлдегерлері атанды.
ТЖМ атынан «Құтқарушылар», «Сағадат батыр» және «Batyr Team» командалары өнер көрсетті. Жобаға қатысу олардың кәсіби даярлығын, командалық рухын, төзімділігін және күрделі міндеттерді орындауға дайындығын көрсетуге мүмкіндік берді.
«100 SARBAZ» жобасы әскери қызметтің беделін арттыруға, жастарға патриоттық тәрбие беруге және оларды әскери борышын абыроймен өтеуге ынталандыруға бағытталған.
ТЖМ командаларына қолдау көрсетіңіздер!
Бүгін сағат 15:00-де «Жібек жолы» телеарнасынан жобаны тамашалаңыздар!