Тұрмыстық газ бен АГҚС қауіпсіздігі және цифрлық бақылау бойынша жаңа талаптар түсіндірілді

Ұлытау облысы Төтенше жағдайлар департаментінің Өнеркәсіптік қауіпсіздік басқармасы тұрмыстық газ баллондары мен автогаз құю станцияларын қауіпсіз пайдалану мәселелеріне арналған арнайы кеңес өткізді. Жезқазған қаласындағы «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының ғимаратында ұйымдастырылған бұл шарада қатысушыларға газ қауіпсіздігін қамтамасыз етудің негізгі қағидалары мен заңнамадағы жаңа талаптар толықтай түсіндірілді.
Кездесу барысында газбен жабдықтау саласындағы заңнамалық өзгерістер, АГҚС аумағында сұйытылған газ сыйымдылықтарын орналастыру ережелері мен баллондарды толтырудың бекітілген тәртібі кеңінен қаралды. Сонымен бірге газ жабдықтарының техникалық жай-күйі, оларды мерзімді куәландырудан өткізу, арнайы таңбалау және цифрлық есепке алу жүйесін енгізу мәселелері талқыланды. Өткізілген жиын газ инфрақұрылымындағы авариялардың алдын алуға және мемлекеттік органдар мен кәсіпкерлер арасындағы өзара ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған.