Қостанай облысында бірқатар кадрлық тағайындаулар болды

Қостанай облысының Әділет департаментіне және Ауыл шаруашылығы басқармасына жаңа басшылар тағайындалды.
Әкімдікте өткен аппарат жиналысында облыс әкімі Архимед Мұхамбетов Қостанай облысы Әділет департаментінің басшысы ретінде Мейіржан Төлеповты таныстырды.
Мейіржан Шерманұлы Төлепов 1981 туған. «Халықаралық қатынастар» және «Заңгер» мамандықтары бойынша М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетін тәмәмдаған. Президенттің «Болашақ» бағдарламасына сәйкес халықаралық қатынастар магистрі дәрежесіне ие (Пенсильвания мемлекеттік университеті, АҚШ).
Әр жылдарда ҚР Әділет министрлігі Экономикалық интеграция бойынша жобаларды сараптау департаменті Экономика, қаржы және сауда саласындағы жобаларын сараптау басқармасының бас сарапшысы, ҚР Әділет министрлігі Мемлекеттің мүліктік құқықтарын қорғау департаменті, Төрелік талқылауларға дейінгі басқармасының бас сарапшысы қызметтерін атқарды. Жаңа тағайындауға дейін ол Павлодар облысы Әділет департаменті басшысының орынбасары болып келді.
Ал Қостанай облысы Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы болып Жансұлтан Тәукенов тағайындалды. Бұған дейін ол Әулиекөл ауданының әкімі болған.
Жансұлтан Қоңыртайұлы Тәукенов 1975 жылы туған. «Қаржыгер» мамандығы бойынша Е.А. Букетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін бітірген.
Еңбек жолын 1994 жылы Арқалық қаласындағы Торғай облысының салық инспекциясынан бастаған.
Әр жылдарда Амангелді ауданы бойынша Салық комитетінің төрағасы, Амангелді және Әулиекөл аудандарының әкімі қызметін атқарды.
«Қазақстан Конституциясына 20 жыл» және «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 25 жыл» медальдарымен марапатталған.