Білімге біліктілік тексеру жүргізу қағидалары

 

Электр энергетикасы саласындағы қолданыстағы заңнамаға сәйкес білімді біліктілік тексеру – энергетикалық кәсіпорындар персоналының электр қауіпсіздігі бойынша рұқсат беру тобын тағайындау, арттыру немесе растау үшін олардың құзыретіне қатысты Электр энергетикасы саласындағы нормативтік құқықтық актілердің талаптарын білуін тексеру болып табылады.

Электр қондырғыларының техникалық жай-күйі мен пайдалану қауіпсіздігін бақылау үшін электр және жылу энергиясын өндіруді, беруді жүзеге асыратын ұйымдардың басшыларына, мамандарына техникалық пайдалану қағидалары мен қауіпсіздік техникасы қағидаларын білуіне біліктілік тексеру жүргізу қағидаларға Энергетика министрлігі қол қойды.

Қағидалар «Электр қондырғыларының техникалық жай-күйі мен оларды пайдалану қауіпсіздігін бақылау үшін электр және жылу энергиясын өндіруді, беруді жүзеге асыратын ұйымдардың басшыларына, мамандарына техникалық пайдалану қағидаларын және қауіпсіздік техникасы қағидаларын білуін біліктілік тексеру» мемлекеттік қызметін көрсету тәртібін айқындайды.

Қағидалар құжаттарды тіркеген сәттен бастап 2 (екі) жұмыс күні ішінде ұсынылған құжаттардың толықтығын тексереді.

Қағидаларда көрсетілетін қызметті алушының шағымдарын қараудың нақты бағыттары айқындалған. Мысалы, көрсетілетін қызметті берушінің атына келіп түскен көрсетілетін қызметті алушының шағымы тіркелген күнінен бастап 5 (бес) жұмыс күні ішінде қаралуға жатады. Мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын бағалау және бақылау жөніндегі уәкілетті органның атына келіп түскен көрсетілетін қызметті алушының шағымы тіркелген күнінен бастап 15 (он бес) жұмыс күні ішінде қаралуға жатады.

Мемлекеттік қызметті көрсету мерзімі 15 жұмыс күні.

Бұдан басқа, көрсетілетін қызметті берушінің құрылымдық бөлімшелері қызметкерлерінің шешіміне, әрекетіне (әрекетсіздігіне) шағым Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексіне сәйкес көрсетілетін қызметті беруші басшысының атына және (немесе) мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын бағалау және бақылау жөніндегі уәкілетті органға беріледі.

Білімді біліктілік тексеру электр қауіпсіздігі бойынша рұқсат берудің тиісті тобын беру, арттыру немесе растау үшін кәсіпорын басшылары мен мамандарының кәсіптік даярлық деңгейінің сәйкестігін айқындаудың негізгі тәсілі болып табылады және оны Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің Атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау Комитеті жүргізеді.

Егер тестіленуші шекті деңгейден төмен тестілеу нәтижесіне ие болса немесе тестілеуге дәлелді себепсіз келмесе, қызметкер Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасында белгіленген тәртіппен атқаратын лауазымынан шеттетіледі.

Жарияланған күні

21 ақпан 2022 14:23

Жаңарту күні

21 ақпан 2022