Мемлекеттік қызметке кіру кезіндегі сынақ мерзімі

Мемлекеттік қызмет – бұл үміткерлерден тек кәсіби дағдылар мен білімді ғана емес, сонымен қатар өз еліне деген жауапкершілік пен адалдықтың жоғары деңгейін талап ететін жауапты және мағыналы жол. Бұл жолдағы маңызды кезеңдердің бірі – сынақ мерзімінен өту.

Сынақ мерзімінен өту тәртібі мен шарттары Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметістері жөніндегі Агенттігінің 2016 жылғы 21 қазандағы №21 қаулысымен бекітілген Сынақ мерзімінен өтудің қағидалары мен шарттарын және тәлімгерлерді бекітудің тәртібімен реттелген.

Нені білу маңызды?

Сынақ мерзімі - сынақтан өтушілер үшін олардың орналасқан мемлекеттік лауазымдарға сәйкестігін тексеру мақсатында белгіленетін уақыт кезеңі. Мемлекеттік қызметке кіру кезінде сынақ мерзімі кәсіби жарамдылығын және мемлекеттік лауазым талаптарына сәйкестігін анықтауда шешуші рөл атқарады.

Сынақтан өтуші деген кім?

Сынақтан өтуші - мемлекеттік қызметке алғаш рет қабылданатын немесе қызметті бағалаудың, сынақ мерзімінің, аттестаттау қорытындысының нәтижелері бойынша не жағымсыз себептермен мемлекеттік лауазымнан босатылғаннан кейін мемлекеттік қызметке қайтадан кірген адам.

Неліктен сынақ мерзімі қажет?

Сынақ мерзімі мемлекеттік қызметке алғаш кіргендердің барлығы үшін міндетті рәсім болып табылады. Бұл кезең үміткердің лауазым талаптарына сәйкестігін тексеруге, оның кәсіби және жеке қасиеттерін бағалауға, сондай-ақ мемлекеттік қызметтің ерекшеліктеріне бейімделуге мүмкіндік береді.

Сынақ мерзімінің ұзақтығы

Ережеге сәйкес сынақ мерзімі үш айды құрайды, егер қанағаттанарлықсыз нәтиже болса, сынақ мерзімі тағы үш айға ұзартылады.

Сынақтан өтушінің сынақ мерзімінен өту кезеңі мемлекеттік органның оны жұмысқа қабылдау туралы актісі шыққан сәтінен бастап саналады.

Тәлімгерлік

Сынақ мерзімі кезеңінде, оның ішінде оны ұзартқан кезде мемлекеттік әкімшілік қызметке алғаш рет кіретін сынақтан өтушілерге тәлімгерлер бекітіледі.

Тәлімгерлік мемлекеттік органдардың бірінші басшылары мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына түсетін азаматтарға қолданылмайды. 

Мемлекеттік қызметшінің тәлімгер ретінде бекітілуі мемлекеттік органның сынақтан өтушіні жұмысқа қабылдау туралы актісінде көрсетіледі.

Бір тәлімгерге екі сынақтан өтушіден артық бекітуге жол берілмейді.

Кім тәлімгер бола алады?

Тәлімгер ретінде кемінде екі жыл мемлекеттік қызмет өтілі бар, жоғары кәсіби қасиеттері бар, өткен жылдағы қызметін бағалау нәтижелері «тиімді» төмен емес, тәрбие жұмысына бейімділігі бар және ұжымда беделге ие, сондай-ақ тәлімгер болып тағайындалған кезде тәртіптік жазасы жоқ мемлекеттік қызметші тағайындалады.

Сынақ мерзімінің қорытындысы

Сынақтан өтуші тәлімгерлік мерзімі аяқталғаннан кейін орындалған тапсырмалар, тәлімгерлік кезеңінде алынған білімдері мен дағдылары, тәлімгерлікті ұйымдастыру жөнінде ескертулер мен ұсыныстар туралы есеп дайындайды.

Тәлімгерлік аяқталғаннан кейін тәлімгер тікелей басшысына шешім қабылдауға негіз болатын сыналушыға пікір дайындайды, онда сыналушының лауазымдық міндеттерін орындау нәтижелері, оның кәсіби білімінің деңгейі, дағдылары мен іскерлігінің дамуы, қызметтік міндеттерін өз бетінше орындау қабілеті, қызметтік құжаттаманы дайындау сапасы, сондай-ақ сыналушының сынақ мерзімінен өткені не өтпегені туралы ұсыныстар қамтылады.

Ықтимал нәтижелер

Сынақ мерзімі аяқталғаннан кейін келесі нәтижелер мүмкін:

  1. «Сәтті өту» - сынақтан өтушінің басшысының шешімі бойынша қызметкер жұмысын тұрақты негізде жалғастырады.
  2. «Сынақ мерзімін ұзарту» – сынақ мерзімінің нәтижесi қанағаттанарлықсыз болғанда сынақ мерзімі сынақтан өтушінің басшысының шешімі бойынша кейіннен қайта ұзартылмайтын үш айға ұзартылады.
  3. «Жұмыстан босату» - егер қызметкер лауазым талаптарына сәйкес келмесе, жұмыс беруші еңбек қатынастарын тоқтатуға құқылы.

Бұл ретте, сынақ мерзімінің нәтижелері бойынша азаматты жұмыстан шығару уәкілетті органның немесе оның аумақтық бөлімшесінің келісімі бойынша жүзеге асырылады.

  1. «Тәлімгерді көтермелеу» - қызметтік борышын үлгілі орындағаны, сынақтан өтушінің кәсіби қалыптасуы мен тәрбиесіне қосқан елеулі үлесі үшін персоналды басқару қызметі (кадр қызметі) уәкілетті тұлғаға Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тәлімгерді көтермелеуді ұсынады.

Қорытынды

Мемлекеттік қызметке кіру кезіндегі сынақ мерзімі-білікті және адал қызметкерлерді іріктеуді қамтамасыз ететін маңызды кезең. Бұл үміткер өзін дәлелдеуге, өзінің кәсіби жарамдылығын дәлелдеуге және ұжымға кіруге мүмкіндік алатын уақыт. Мемлекет үшін бұл өз міндеттерін тиімді орындай алатын және елдің дамуына үлес қоса алатын ең қолайлы және дайындалған мамандардың негізгі позицияларға тағайындалуын қамтамасыз етеді.

 

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қостанай облысы бойынша департаментінің бас маманы Б.Б.Оспанова

Жарияланған күні

29 шілде 2024 15:00

Жаңарту күні

29 шілде 2024