Головченко Василий Евстафьевич

Головченко Василий Евстафьевич

1921–1990

Кеңес Одағының Батыры

 

Головченко Василий Евстафьевич 1921 жылы Шығыс Қазақстан облысының Зайсан қаласында туған. 1941 жылғы қарашадан бастап майданға қатысты. Солтүстік-батыс майданда соғысып, Мәскеу үшін шайқастарға қатысты.1943 жылы майор Головченко батальон штабының бастығы, содан кейін атқыштар батальонының командирі болып тағайындалды.

1944 жылғы 9 қазанда Головченко өзінің батальонының бір ротасымен бірге дивизияда бірінші болып Литва КСР-нің Юрбаркас қаласының маңындағы маңызды тас жолды кесіп өтіп, бірінші болып Неман өзенінің келесі жағалауына өтті. Жауынгерлерімен бірге ол екі тәулік бойы жаудың қарсы шабуылдарына тойтарыс берді. Ұрыс кезінде жау солдаттарының қолына түсіп қалады. Қарсыласа отырып, олардың бірнешеуінің көзін жойып, өз әскеріне қосылады.Негізгі әскери күштер өткенге дейін Головченко мен оның қарамағындағы жауынгерлердің батыл іс-әрекеттері плацдармды ұстап тұра білді.

Неман өзенінен өтуде батылдық пен ерлік көрсеткені үшін Василий Головченкоға 1945 жылғы 24 наурызда Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Сондай-ақ, ол «Қызыл Жұлдыз», I және II дәрежелі Отан соғысы ордендерімен наградталды.

Соғыстан кейін Қостанай облысының әскери комиссариатын басқарады. 1967 жылдан полковник Головченко запасқа шықты, Қостанай облысының мемлекеттік аңшылар инспекциясының бастығы болып жұмыс істеді.1990 жылғы наурызда қайтыс болды.

 

Жарияланған күні

09 сәуір 2025

Жаңарту күні

09 сәуір 2025