Жиі қойылатын сұрақтар

   Қазақстан Республикасында кеңінен таралған негізгі есірткі түрлерінің бірі – каннабис тобына жататын өсімдік тектес есірткілер. Оларға марихуана, гашиш және гашиш майы жатады. Конопля Жамбыл облысының Шу аңғарында, Қызылорда облысында және фитозертханалық жағдайларда өсіріледі.

    Келесі кең таралған түрі – синтетикалық дизайнерлік есірткілер. Олардың ішінде жастар арасында ең көп таралғандары – «Мефедрон» және «Альфа-PVP». Бұл заттар негізінен Қазақстан аумағында зертханалық жағдайда, шетелден (Ресей, Қытай) әкелінетін прекурсорлар арқылы өндіріледі.

    Мефедрон (ағыл. mephedrone), 4-метилметкатинон (ағыл. 4-methylmethcathinone, қысқаша 4-MMC), сөйлеу тілінде «меф» – амфетаминдер класына жататын, психостимулятор, эмпатоген және эйфоретик әсері бар химиялық қосылыс. Мефедронның медицинада немесе басқа мақсатта қолданылуы жоқ, тек рекреациялық қолданыста пайдаланылады. Ең жиі тұтынушылар – жасөспірімдер мен жастар. Синтетикалық катинондарды тұтынушылардың орташа жасы – 20-25 жас, көбіне ер адамдар, жаңа жұмыс бастағандар немесе оқу орындарында оқитындар, бұрын стимуляторлар (экстази, кокаин) қолданғандар немесе полинаркоманиямен ауыратындар. Мефедрон көбіне кештерде, дискотекаларда, түнгі клубтарда қолданылады. Оны тұтынудың басты себептерінің бірі – салыстырмалы түрде арзан болуы және әсер ету сипаттарының ерекше болуы.

    Тамырға есірткі қолданатындардың ішінде мефедрон тұтынушылардың орташа жасы – 25-26 жас, героин мен метадон – 39 жас, метамфетамин – 38 жас, альфа-PVP – 32 жас.

    Альфа-пирролидиновалерофенон (α-PVP) – синтетикалық психостимулятор, катинондар класына жатады. Бұл зат – пировалеронның дезметилдік аналогы, α-пирролидинофенондар тобына кіреді. Оның әсері орталық жүйке жүйесін стимуляциялау арқылы, мидағы дофамин мен норадреналиннің бөлінуін арттыру арқылы жүзеге асады.

   α-PVP тұтыну нәтижесінде гиперстимуляция, паранойя, галлюцинациялармен сипатталатын «қозған делирий» жағдайы туындауы мүмкін. Бұл затты үлкен дозада қолдану дене қызуының шектен тыс көтерілуіне, бүйрек жетіспеушілігіне немесе бүйрек зақымдануына алып келуі мүмкін.

   Альфа-PVP-қа тәуелділік тез дамиды, бұл затты қолдануды тоқтатуға әрекет жасағанда абстиненттік синдром пайда болады, мас күйін сақтау үшін үнемі жаңа доза қажет болады. Тәуелді адам затқа қол жеткізу шектелген жағдайда агрессиялық мінез көрсетуі мүмкін.