Жиі қойылатын сұрақтар
Жоба Сырдария, Талас, Шу және Іле трансшекаралық өзендерінің су үнемдеуге мұқтаж бассейндерінде орналасқан жалпы ауданы 105,065 мың га суармалы алқаптарда жүзеге асырылады, оның ішінде: Алматы облысы – 12,481 мың га, Жамбыл облысы – 15,173 мың га, Түркістан облысы – 62,289 мың га және Қызылорда облысы – 15,123 мың га.
Жобаның мақсаты – суармалы судың шығынын азайтуға, суармалы жерлердің сумен қамтамасыз етілуін арттыруға және Алматы, Жамбыл, Түркістан, Қызылорда облыстарындағы трансшекаралық өзендердің экологиялық ағынын қамтамасыз етуге бағытталған тозығы жеткен ирригациялық және дренаждық жүйелерді (артық суды бұру және топырақтың сулы-тұзды режимін реттеу жүйелері) қалпына келтіру және жаңғырту, сондай-ақ гидромелиорациялық жағдайлар жасау болып табылады.
|
Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригация министрлігі Мемлекет басшысының Арал теңізіндегі су деңгейін арттыру жөніндегі тапсырмаларын, сондай-ақ Ұлттық құрылтай отырысының шешімдерін орындау мақсатында, Арал маңы халқының экологиялық және әлеуметтік-экономикалық жағдайларын жақсартуға тікелей әсер ететін жобаның маңыздылығын ескере отырып, «Солтүстік Арал теңізі және суару жүйесін жаңғырту» кешенді жобасын әзірледі. Жобаға сәйкес үш компонентті іске асыру көзделген. 1-компонент. Солтүстік Арал теңізінің климаттық тұрақтылығын арттыру. Бұл компонент үш бағытты қамтиды: Солтүстік Арал теңізі мен Сырдария өзені атырауын тұрақтандыру, ирригациялық инфрақұрылымды қалпына келтіру және жаңғырту (оның ішінде Қызылорда және Түркістан облыстарында суару жүйелерін автоматтандыру), сондай-ақ жобаны басқару және институционалдық нығайту. Аталған компонент аясында Солтүстік Арал теңізі мен Сырдария өзені атырауын тұрақтандыру, оның ішінде Көкарал бөгетін қайта жаңғырту және жаңарту, сондай-ақ сулы-батпақты алқаптарды қалпына келтіру көзделген. Бұл компонент құрамында екі қосалқы жоба қарастырылған:
ТЭН «Қазалы сол жағалау суармалы алқабының дренаждық ағындарын Үлкен Арал теңізінің сулы-батпақты алқаптарына бұру жобасы»; ТЭН «Солтүстік Арал теңізінің су көтергіш бөгетін қайта жаңғырту». 2-компонент. Ирригациялық инфрақұрылымды қалпына келтіру және жаңғырту. Бұл компонент Қызылорда және Түркістан облыстарында суару жүйелерін автоматтандыруды, зияткерлік технологияларды (IT-датчиктер, автоматтандырылған қақпалар, шығын өлшегіштер) енгізуді, сондай-ақ су үнемдеу әдістерін қолдануды қамтиды. Сонымен қатар, Сырдария өзені бассейніндегі төрт негізгі бөгеттің қауіпсіздігін арттыру және мониторинг жүргізу қарастырылған. Жобаны іске асыру су ресурстарын тиімді басқару есебінен суару суын тасымалдау кезіндегі шығындарды азайтуға, қайтарымды сулар көлемін арттыруға және Сырдария өзені бассейні мен Солтүстік Арал теңізінің су ресурстарына түсетін жүктемені төмендетуге мүмкіндік береді. Компонент аясында су қоймаларын қайта жаңғырту, ирригациялық желілерді қалпына келтіру және суару жүйелерін автоматтандыру көзделген. 3-компонент. Жобаны басқару және институционалдық нығайту. Бұл компонент Сырдария өзені бассейнінің су ресурстарын басқарудың кешенді жүйесін құруды, заманауи IT-шешімдерді енгізуді, сондай-ақ жобаны басқару мен техникалық қадағалауды қолдауды (қаржыны және сатып алуларды басқаруды қоса алғанда) көздейді. Министрлік елді мекендерден тыс жерлерде су қорын пайдалану және қорғау, сумен жабдықтау және су бұру саласында басқару мен бақылау функцияларын жүзеге асыратын уәкілетті орган болып табылады. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 4 қазандағы № 864 қаулысына сәйкес, «Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі туралы» ереженің 1-тарауына сай, аталған министрліктің негізгі міндеттерінің бірі елді мекендер шегінде сумен жабдықтау, су бұру және жылумен жабдықтау салаларында мемлекеттік саясатты қалыптастыру және іске асыру болып табылады. |