Жұмыстағы бос тұрып қалу: жұмыс болмаса, жұмыс беруші жалақы төлеуге міндетті ме?

Рабочие в цеху на фоне флага Казахстана. Текст: «Простой на работе. Оплачивается ли?»

🏢 Мынадай жағдайды елестетіп көріңіз: сіз жұмысқа келдіңіз, алайда жабдық істен шыққан, қажетті материалдар жоқ немесе кәсіпорын өз қызметін уақытша тоқтатқан. Жұмыс беруші жұмыс болмағандықтан, жалақы да төленбейтінін хабарлайды.

Бұл заңды ма? Түсіндіреміз!

📌 Бос тұрып қалу дегеніміз не?

Бос тұрып қалу – экономикалық, технологиялық, ұйымдастырушылық, өндірістік немесе табиғи сипаттағы себептер бойынша жұмыстың уақытша тоқтатылуы.

Бұл ретте жұмыстың болмауы қызметкердің жалақысыз қалатынын білдірмейді.

⚖️ Бос тұрып қалу уақыты қалай төленеді?

Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 112-бабына сәйкес ақы төлеу мөлшері бос тұрып қалудың себептеріне байланысты:

✅ Жұмыс берушінің кінәсінен болған жағдайда – қызметкердің орташа жалақысының кемінде 50%-ы мөлшерінде ақы төленеді.

✅ Жұмыс беруші мен қызметкерге байланысты емес себептер бойынша – ақы төлеу мөлшері ең төменгі жалақы мөлшерінен кем болмауға тиіс.

❌ Қызметкердің кінәсінен болған жағдайда – бос тұрып қалу уақытына ақы төленбейді.

📝 Бос тұрып қалу қалай рәсімделеді?

Бос тұрып қалуды рәсімдеу тәртібі еңбек немесе ұжымдық шартта айқындалады.

Егер мұндай тәртіп көзделмесе, жұмыс беруші бос тұрып қалудың басталуын және оның себептерін көрсете отырып, тиісті актімен рәсімдеуге міндетті.

Бос тұрып қалу аяқталғаннан кейін жұмыс беруші қызметкерге жұмысқа шығатын күн туралы алдын ала хабарлауға тиіс. Ал қызметкер өз кезегінде еңбек міндеттерін орындауға уақтылы кірісуге міндетті.

❗ Қызметкер нені білуі керек?

Егер заңнамаға сәйкес бос тұрып қалу уақытына ақы төлеу көзделсе, жұмыс беруші бұл міндеттемеден өз бетінше бас тарта алмайды.

Еңбек құқықтарыңыз бұзылған жағдайда, Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің аумақтық департаментіне жүгінуге құқығыңыз бар.

Есіңізде болсын: жұмыстың уақытша болмауы жалақыдан автоматты түрде айырылуды білдірмейді. Заңнамада бос тұрып қалу уақытына ақы төлеу кепілдіктері көзделген!