ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің кеден қызметтері Бірлескен алқасының 56-отырысы Гюмри қаласында өтті. Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің кеден қызметтері 2027 жылға арналған бірлескен жұмыстың басым бағыттарын айқындады

Жарияланған күні: 20 қараша 2026
ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің кеден қызметтері Бірлескен алқасының 56-отырысы Гюмри қаласында өтті. Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің кеден қызметтері 2027 жылға арналған бірлескен жұмыстың басым бағыттарын айқындады

     2026 жылғы 20 қарашада Армения Республикасының Гюмри қаласында Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің кеден қызметтері Бірлескен алқасының (КҚБА) 56-отырысы өтті.

     Отырысқа Одаққа мүше мемлекеттердің кеден органдарының басшылары мен өкілдері қатысты.

    Қатысушылар 2026 жылы Бірлескен алқаның атқарған жұмысының қорытындысын шығарып, кеден қызметтері арасындағы одан әрі өзара іс-қимылдың негізгі бағыттарын айқындай отырып, 2027 жылға арналған жұмыс жоспарын бекітті.

     Негізгі назар кедендік әкімшілендіруді жетілдіруге, кедендік бақылаудың заманауи тетіктерін дамытуға, тәуекелдерді басқару тиімділігін арттыруға және кедендік процестерді цифрландыруға аударылды. Сонымен қатар құқық қолдану практикасының бірізділігін қамтамасыз ету, зияткерлік меншікті қорғау және Одақтың кедендік шекарасы арқылы тауарлардың өткізілуін бақылау тетіктерін жетілдіру мәселелеріне ерекше мән берілді.

     Талқылау қорытындысы бойынша ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің тәсілдерін одан әрі үйлестіруге, кеден органдары арасындағы технологиялық және ақпараттық өзара іс-қимылды дамытуға, сондай-ақ кедендік әкімшілендіру тиімділігін арттыруға бағытталған шешімдер қабылданды.

     Отырыс барысында Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Қайрат Жұмағұлов сөз сөйлеп, кедендік әкімшілендірудің ашықтығын арттыру, кедендік рәсімдерді жетілдіру және ЕАЭО-ға мүше мемлекеттер арасындағы өзара сауданы дамыту үшін қолайлы жағдайлар жасау бағытындағы бірлескен жұмысты жалғастыру қажеттігін атап өтті.

    Қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыру Одақ елдерінің кеден қызметтері арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға, екіжақты өзара іс-қимылды дамытуға, кедендік бақылау тиімділігін арттыруға және сыртқы экономикалық қызметке қатысушылар үшін қолайлы жағдайлар жасауға ықпал етеді.

    Іс-шара аясында Қазақстан Республикасы делегациясының Армения Республикасы мен Қырғыз Республикасының кеден органдары өкілдерімен екіжақты кездесулері де өтті.

    Армения Республикасының Мемлекеттік кірістер комитеті өкілдерімен кездесуде кеден саласындағы екіжақты ынтымақтастықтың өзекті мәселелері, кедендік әкімшілендіруді жетілдіру, ақпараттық өзара іс-қимылды дамыту және тәжірибе алмасу мәселелері талқыланды. Кедендік бақылау тиімділігін арттыруға, кедендік рәсімдерді оңайлатуға және сыртқы экономикалық қызметке қатысушылар үшін қолайлы жағдайлар жасауға ерекше назар аударылды.

    Сондай-ақ Қырғыз Республикасы Министрлер Кабинеті жанындағы Мемлекеттік кеден қызметінің жаңадан тағайындалған төрағасы Ұлан Кимсановпен кездесу өтті.

    Кездесу барысында тараптар Қазақстан мен Қырғызстанның кеден органдары арасындағы одан әрі өзара іс-қимыл перспективаларын, жұмыс байланыстарын нығайту және екіжақты ынтымақтастықтың өзекті бағыттары бойынша бірлескен күш-жігерді үйлестіру мәселелерін талқылады.

    Кедендік рәсімдерді жетілдіру, сауда-экономикалық байланыстарды кеңейту, өзара сауда мен транзиттік тасымалдарды дамыту мәселелеріне ерекше назар аударылды. Тараптар ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға және практикалық өзара іс-қимылды жалғастыруға мүдделі екендіктерін растады.