ШҚО бойынша «Атамекен» ҰКП алаңындағы «Ашық есік күні»

27 қазанда Өскемен қаласында Шығыс Қазақстан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті ШҚО бойынша «Атамекен» ҰКП алаңында «Казцинк» ЖШС, «ҮМЗ» АҚ, «ӨТМК» АҚ өкілдерінің, сондай-ақ жеке кәсіпкерлердің, заңды тұлғалардың қатысуымен онлайн және офлайн форматта «Ашық есік күнін» өткізді, аталған іс-шараға әрбір салық төлеушінің қосылуына мүмкіндік жасалды.
Ашық есік күні барысында ШҚО бойынша МКД-нің Түсіндіру жұмысы басқармасының басшысы Гүлмира Сабралимова «Салық заңнамасындағы өзгерістер туралы» сөз сөйледі. Бұдан әрі ШҚО бойынша МКД-нің Экспорттық бақылау басқармасының басшысы Руслан Нұрлыбеков қатысушылардың назарына ЕАЭО шеңберінде ҚҚС-ын әкімшілендіру ережелері туралы ақпаратты жеткізді. ШҚО бойынша МКД-нің Жанама салықтарды әкімшілендіру басқармасының басшысы Асхат Жібітаев «ТІЖ, акциздер, инновациялар» тақырыбына тоқталды.
Іс-шараны қорытындылай келе, Гүлмира Сабралимова салық міндеттемелерін орындау және бизнесті жүргізу мақсатында «e-Salyq Azamat», «e-Salyq Business» мобильді қосымшаларының артықшылықтарына салық төлеушілердің назарын аударды.
Шара соңында салық төлеушілер ШҚО бойынша МКД өкілдеріне сұрақтар қойып, келесі іс-шараларда талқылауға арналған тақырыптар бойынша ұсыныстарын білдірді және түсіндіру жұмысы үшін алғыстарын айтты. Барлық сұрақтарға толыққанды жауаптар берілді. Іс-шараға қатысушыларға Мемлекеттік кірістер органдарының цифрлық жаңалықтары туралы буклеттер табыс етілді.