ҚҚС бойынша қосымша есепке алуды (70%) қолдану

Шығыс Қазақстан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті 2021 жылғы 1 шілдеден бастап Салық кодексінің 411-бабы 1-тармағының 4) тармақшасы қолданысқа енгізілгенін хабарлайды, оған сәйкес жаңа өндірістік компаниялар үшін өңдеу өнеркәсібінде (металлургия өнеркәсібін қоспағанда) өнім өндіру жөніндегі қызметті жүзеге асыру нәтижесі болып табылатын (Қазақстан Республикасының аумағында өндірілмейтін не алкоголь өнімдерін өндіруді, темекі өнімдерін өндіруді және металлургия өнеркәсібін қоспағанда, Қазақстан Республикасының қажеттіліктерін жаппайтын өнім) тауарларды өткізу кезінде мемлекеттік тіркелген кезден бастап екі жыл ішінде ҚҚС-ты (70%) қосымша есепке жатқызуды қолдану құқығы қарастырылған.
Бұл ретте өндірілген өнім жеткілікті қайта өңдеу өлшемшарттарына сәйкес келуге және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тауардың шыққан жері туралы сертификатпен расталуға тиіс.
Бұдан басқа, ҚҚС-ты қосымша есепке алу құқығы Қазақстан Республикасының аумағында өңдеу өнеркәсібінде (металлургия өнеркәсібін қоспағанда) өнім өндіру жөніндегі қызметті жүзеге асыру үшін ғимараттарды, құрылыстарды, машиналар мен жабдықтарды алғаш рет пайдалануға беретін заңды тұлғаларға қолданылады.
Сонымен қатар индустриялық қызметті мемлекеттік қолдау саласындағы уәкілетті орган (Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі) өзінің miid.gov.kz ресми интернет-ресурсында тиісті уәкілетті органдардың мәліметтері негізінде, экономикалық қызмет түрлері бойынша өнім сыныптауышына сәйкес, Қазақстан Республикасының аумағында өндірілмейтін не Қазақстан Республикасының қажеттіліктерін жаппайтын өнімнің тізбесін 2021 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша 2021 жылғы 20 шілдеден кешіктірмей және кейіннен жыл сайын 1 қаңтардағы жағдай бойынша тиісті жылдың 10 қаңтарынан кешіктірмей жариялайтындығын хабарлаймыз.
Түсіндіру жұмыс басқармасы