САЛЫҚ ТӨЛЕУШІГЕ ЖАДЫНАМА

Шымкент қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті Қазақстан Республикасының 25 желтоқсан 2017 жылғы №120-VI «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» кодексінің (әрі қарай - ҚР СК) 19 бабына сәйкес, мемлекеттік кірістер органдарына (әрі қарай - МКО) салық төлеушілердің міндеттерін уақтылы орындауын яғни, салықтарды және бюджетке төленетін төлемдерді есептеудің дұрыстығын және төлеудің (ұстап қалудың және аударудың) уақтылылығын, әлеуметтік төлемдерді есептеудің, ұстап қалудың және аударудың толықтығы мен уақтылығын қадағалау жүктелген.

            Осыған орай, Сізге келесі көрсетілген талаптар бойынша:

         «Темекi өнiмдерiнiң өндiрiлуi мен айналымын мемлекеттiк реттеу туралы» Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 12 маусымдағы N 439 Заңының (әрі қарай-Заң) 11-бабына сәйкес:

        1. Қазақстан Республикасының аумағында темекi өнiмдерiн өткiзу Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

  1. Темекі өнімдерінің айналымы кезінде міндетті түрде тауарларды әкелу туралы хабарлама және қабылдау (беру) актісі ресімделеді.

         Тауарларды әкелу туралы хабарламаны және қабылдау (беру) актісін ресімдеу тәртібін уәкілетті орган белгілейді.

         Тауарларды әкелу туралы хабарламасы және қабылдау (беру) актісі жоқ, сондай-ақ темекі өнімдерін сәйкестендіру құралдарымен таңбалау және олардың қадағалану қағидалары бұзылған темекі өнімдерінің айналымына және орнын ауыстыруына тыйым салынады.

          Заңның 13-бабына сәйкес:

  1.    Қызметiн Қазақстан Республикасының темекi өнiмдерiнiң өндiрiлуi мен айналымын мемлекеттiк реттеу туралы заңдарын бұза отырып жүзеге асырушы жеке және заңды тұлғалар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапты болады.
  2. Шығарылған жері белгіленбеген, Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына және техникалық регламенттердің талаптарына және (немесе) санитариялық-эпидемиологиялық және гигиеналық талаптарға сәйкес келмейтін, сондай-ақ сәйкестендіру құралдарынсыз және сәйкестендіру құралдарымен темекі бұйымдарын таңбалау және олардың қадағалану қағидалары бұзыла отырып өткізілетін темекі өнімдері Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен алып қоюға және жоюға жатады.

            Сәйкестендіру құралдарымен және (немесе) есепке алу-бақылау маркаларымен таңбалануға жататын акцизделетін тауарлардың сәйкестендіру құралдарынсыз және (немесе) есепке алу-бақылау маркаларынсыз, сол сияқты белгіленбеген үлгідегі және (немесе) сәйкестендіруге келмейтін маркалары және сәйкестендіру құралдары бар акцизделетін өнімді сақтау, өткізу және (немесе) тасымалдау түрінде жасалған айналымы «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің 283-бабының 2-тармағына сәйкес әкімшілік жауапкершілік көзделген.

             Сонымен қатар, "Фильтрлі, фильтрсіз сигареттерге және папиростарға ең төмен бөлшек сауда бағаларын белгілеу туралы" Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2022 жылғы 22 ақпандағы № 196 бұйрығына сәйкес, фильтрлі, фильтрсіз сигареттерге (темекі өнімдерінің) ең төмен бөлшек саудадағы бағалары (920 теңге қорабына) белгіленген.

             Белгіленген ең төменгі бөлшек сауда бағаларынан төмен бағамен сатқаны үшін «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің 281-бабының 5-тармағының 5-тармақшасына сәйкес әкімшілік жауапкершілік көзделген.

Құрметті салық төлеушілер, Сіздер, еліміздің дамуымен өркендеуіне өздеріңіздің зор үлес қосатындарыңызды естеріңізге саламыз. Кәсіпкерлікті заң талаптарын сақтай отырып, таза абыроймен, ар-ожданмен, ұқыптылықпен жүзеге асыратын болсаңыз мемлекет тарапынан қолдау көп.

Осыған орай, Шымкент қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті, барлық кәсіпкерлерлік субъектілерін, көрсетілген ақпаратты пайдаланып, оңтайлы және дұрыс салық менталитетін қалыптастыруға шақырады.

Жарияланған күні

20 қазан 2026 17:06

Жаңарту күні

20 қазан 2026