Алматы облысында алкоголь өнімдерін заңсыз өндіру дерегі анықталды

Дата публикации: 04 сентября 2026
 
Алматы облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің қызметкерлері, Алматы қаласындағы базарларда кейіннен сату мақсатында үй жағдайында заңсыз алкоголь өндіруді ұйымдастырған Іле ауданы тұрғынының қызметіне тосқауыл қойды.
 
Тергеу барысында А. Тоқпанов ауылындағы аяқталмаған тұрғын үй ғимаратында алкогольдік ішімдіктерді құю жұмыстарының Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сай келмейтін жағдайларда жүргізілгені анықталды.
Қазақстан Республикасы заңнамасының белгіленген талаптарына сәйкес келмеу белгілері бар есепке алу және бақылау таңбаларын пайдалану жағдайлары да анықталды.
 
Тұрғын үйде сақталған, жалпы көлемі 1 325,3 литр болатын 3 343 бөтелке алкоголь және 1 220 литр құрамында алкоголь бар белгісіз сұйықтық табылып, тәркіленді.
 
Сонымен қатар, алкогольді заңсыз өндіруге пайдаланылған жабдықтар, соның ішінде құю және тығындау аппараттары, тығындау материалының орамы, сондай-ақ жапсырмалар мен тығындар салынған қораптар тәркіленді.
 
Қазіргі уақытта осы оқиғаға байланысты тиісті процестік шаралар жүргізілуде және олардың нәтижелері негізінде қатысы бар тұлғалардың әрекеттеріне құқықтық баға беріледі.
 
Алматы облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті халыққа алкоголь өнімдерін заңсыз өндіру мен сатудың азаматтардың өмірі мен денсаулығына елеулі қауіп төндіретінін еске салады.
Шығу тегі белгісіз өнімдерді тұтыну ауыр улануға және басқа да қауіпті салдарларға, соның ішінде өлімге әкелуі мүмкін.