Тауарларды алдын ала кедендік декларациялау: тәртібі мен артықшылықтары

Кедендік рәсімдерді жеңілдету және тауарларды кедендік ресімдеу уақытын қысқарту мақсатында заңнамада тауарларды алдын ала кедендік декларациялау мүмкіндігі көзделген.

Аталған тәртіп Қазақстан Республикасының 2017 жылғы 26 желтоқсандағы № 123-VI «Қазақстан Республикасындағы кедендік реттеу туралы» Кодексінің 185-бабымен реттеледі.

Алдын ала декларациялау дегеніміз не?

Алдын ала кедендік декларациялау — заңнамада көзделген жағдайларда тауарларды Еуразиялық экономикалық одақтың (ЕАЭО) кедендік аумағына нақты әкелгенге дейін немесе белгіленген межелі жерге жеткізгенге дейін тауарларға арналған декларацияны беру мүмкіндігі.

Бұл рәсім сыртқы экономикалық қызметке (СЭҚ) қатысушыларға жүктің келуін күтпей-ақ, тауарларға қажетті құжаттар мен мәліметтерді алдын ала дайындауға мүмкіндік береді.

Қандай мәліметтерді көрсету қажет?

Алдын ала декларацияны беру кезінде декларант тауарлар туралы барлық қажетті мәліметтерді көрсетуге міндетті. Егер декларацияны беру сәтінде жекелеген мәліметтер объективті себептерге байланысты белгісіз болса, мысалы, көлік құралы немесе кейбір ілеспе құжаттар туралы мәліметтер, оларды белгіленген тәртіппен тауарлар шығарылғанға дейін ұсынуға болады.

Қажет болған жағдайда декларацияға тиісті өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі.

Тауарлар келгеннен кейін не істеу қажет?

Тауарлар келгеннен кейін декларант оларды тиісті кедендік бақылау аймағына орналастыруды қамтамасыз етіп, бұл туралы кеден органына хабарлауы қажет. Сондай-ақ жетіспейтін немесе нақтыланған мәліметтерді ұсынуы не өзгерістер енгізу қажеттілігінің жоқтығы туралы кеден органына хабарлауы тиіс.

Қандай мерзімдерді сақтау қажет?

Заңнамада декларация тіркелген күннен кейінгі күннен бастап есептелетін 30 күнтізбелік күн мерзім белгіленген. Осы мерзім ішінде 185-бапта көзделген талаптар орындалуы тиіс. Олай болмаған жағдайда кеден органы тауарларды шығарудан бас тартады.

Алдын ала декларациялаудың артықшылықтары.

Алдын ала декларациялау СЭҚ қатысушыларына қажетті мәліметтерді алдын ала дайындауға, ықтимал қателерді уақтылы анықтауға және жүк келгенге дейін кедендік операцияларды ұйымдастыруға мүмкіндік береді.

Бұл рәсімді дұрыс қолдану кедендік ресімдеу уақытын қысқартуға, кідірістер тәуекелін төмендетуге және сыртқы экономикалық қызметтің тиімділігін арттыруға ықпал етеді.

Кеден заңнамасының талаптарын сақтау кедендік операциялардың ашықтығы мен уақтылы жүргізілуін қамтамасыз етеді.

Жарияланған күні

16 қараша 2026

Жаңарту күні

16 қараша 2026