Қазақстанда QR коды арқылы дәрі-дәрмектерді қалай алуға болады?

Қазақстанда пациенттер eGov mobile мобильді қосымшасындағы «Әлеуметтік әмиян» сервисі арқылы QR-кодты пайдалана отырып, электрондық рецепт бойынша тегін дәрілік заттарды ала алады.
Сервис тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (ТМККК) және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесі шеңберінде азаматтардың жекелеген санаттарын амбулаториялық дәрілік заттармен қамтамасыз ету кезінде қолданылады.
Дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету ақпараттық жүйесінде электрондық рецепт ресімделгеннен кейін пациент QR-коды бар электрондық ваучерді алып, оны тағайындалған дәрілік заттарды алу кезінде көрсете алады.
Сервис Қазақстанның барлық өңірлерінде енгізілген. Нақты медициналық ұйымда дәрілік препараттарды алу мүмкіндігін қызмет көрсетілетін жер бойынша нақтылау қажет.
Ол қалай жұмыс істейді?
QR-код арқылы электрондық рецепт бойынша тегін дәрілік заттарды алу үшін келесі әрекеттерді орындаңыз:
-
Дәрігердің тағайындауын алыңыз. Медициналық көрсетілімдер болған жағдайда дәрігер дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету ақпараттық жүйесінде (ДҚАЖ) электрондық рецепт ресімдейді.
-
eGov Mobile қосымшасын ашыңыз. Электрондық үкіметтің мобильді қосымшасында авторизациядан өтіңіз.
-
«Әлеуметтік әмиян» бөліміне өтіңіз. «Дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету» бөлімшесін таңдаңыз.
-
Электрондық рецептті ашыңыз. Қосымшада тағайындалған дәрілік препараттарға арналған QR-коды бар электрондық ваучер көрсетіледі.
-
Дәрілік заттарды алуға жүгініңіз. Тиісті амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жүзеге асырылатын медициналық ұйым жанындағы дәрілік заттарды беру пунктіне немесе дәріханаға барыңыз.
-
QR-кодты көрсетіңіз. Медицина немесе фармацевтика қызметкері кодты сканерлеп, белгіленген тәртіппен тағайындалған дәрілік препараттарды береді.
Смартфон болмаса немесе QR-код қолжетімсіз болса, не істеу керек?
Дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету қызметін алатын медициналық ұйымға жүгініңіз. Пациентті сәйкестендірудің көзделген басқа тәсілін пайдалана отырып, дәрілік препараттарды алу мүмкіндігін нақтылаңыз.
Маңызды!
-
QR-код ресімделген электрондық рецепт бойынша дәрілік препараттарды алу үшін пайдаланылады.
-
Сервис дәрігердің тағайындауынсыз кез келген дәрілік заттарды тегін алуға құқық бермейді.
-
Дәрілік заттарды беру мүмкіндігі қолданыстағы рецепттің болуына, пациенттің амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілу құқығына және дәрілік заттарды беретін ұйымға байланысты.
-
QR-кодты пайдалану дәрілік заттарды алудың көзделген басқа тәсілдерін жоққа шығармайды.
Дерек көз: https://www.gov.kz/situations/727/intro?lang=kk
https://www.gov.kz/situations/727/1509?lang=kk