GOV.KZ – Мемлекеттік органдардың цифрлық ресурстарының бірыңғай платформасы

Меню
Страницы
Байланыс ақпараты
Қызметі
Комитет туралы
Баспасөз орталығы
Құжаттар
Все материалы
22 апреля 2026
Петропавлда 10-11 (12) сынып оқушыларына арналған қоғамдық-гуманитарлық пәндер бойынша республикалық олимпиаданың үздіктері анықталды

Петропавл қаласында 10-11 (12) сынып оқушылары арасында ағылшын, неміс және француз тілдері пәндерінен республикалық олимпиаданың жеңімпаздары мен жүлдегерлерін салтанатты марапаттау рәсімі өтті. Олимпиаданың қорытынды кезеңіне еліміздің барлық өңірлерінен 164 оқушы қатысып, 74 жүлде сарапқа салынды.

Қатысушылар тыңдалым, оқылым, жазылым және сөйлеу дағдылары бойынша өз білімдерін көрсетіп, тілдік құзыреттіліктерін дәлелдеді. Олимпиаданың негізгі мақсаты – дарынды оқушыларды анықтау және қолдау, олардың ғылыми-танымдық қабілеттерін дамыту, сондай-ақ халықаралық деңгейдегі олимпиадаларға қатысатын ұлттық құраманы қалыптастыру.

Бес күнге созылған білім додасының қорытындысы бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің I, II және III дәрежелі дипломдарымен, сондай-ақ алтын, күміс және қола медальдармен марапатталды. Атап айтқанда, 15 оқушы І орын, 22 оқушы ІІ орын, 37 оқушы ІІІ орын иегері атанды.

Қоғамдық-гуманитарлық бағыт бойынша жалпы қорытындылар да шығарылып, бірқатар номинациялар бойынша үздік командалар анықталды.

Айта кетейік, биыл жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың қорытынды кезеңі еліміздің алты өңірінде өтті. Оған 1636 оқушы қатысып (жаратылыстану-математикалық бағыт – 930, қоғамдық-гуманитарлық бағыт – 706), нәтижесінде 738 оқушы жеңімпаз және жүлдегер атанды.

22 апреля 2026
Оқу-ағарту министрлігі педагогтерді аттестаттау қағидаларын қайта қарауда

ҚР Оқу-ағарту министрлігі педагогтерді аттестаттаудың жаңартылған тәсілдерін ұсынды. Өзгерістер мұғалімдерге түсетін артық жүктемені азайтуға, артық рәсімдерді қысқартуға және кәсіби қызметті бағалаудың неғұрлым объективті жүйесін қалыптастыруға бағытталған.

Жаңа модельде педагогтердің басым бөлігі үшін пәндік білім бойынша міндетті тестілеу алынып тасталады. Бұл ретте тестілеу педагогикалық мамандыққа алғаш рет келетін түлектер, қызметін қайта бастайтын педагогтер, сондай-ақ білім беру ұйымдарының басшылары, олардың орынбасарлары мен әдіскерлер үшін сақталады. Бағалау тест нәтижесіне емес, педагогтің күнделікті жұмысына және білім сапасына қосқан нақты үлесіне негізделеді.

Сонымен қатар аттестаттауға қойылатын талаптар қайта қаралуда. Эссе жазу, ғылыми мақалалар жариялау, авторлық бағдарламалар мен оқу-әдістемелік материалдар әзірлеу талаптары алынып тасталды. Аталған талаптар қосымша жүктеме туғызып, оқыту сапасына елеулі әсер етпеген.

Негізгі тетіктердің бірі ретінде үдерісті толық цифрландыру көзделген. Барлық біліктілік санаттары бойынша аттестаттау мемлекеттік ақпараттық жүйелермен ықпалдастырылған «Ұстаз» платформасы арқылы өтеді. Платформада еңбек өтілі, біліктілігі, кәсіби жетістіктері, сертификаттары және портфолиоға қажетті өзге де мәліметтер автоматты түрде қалыптастырылады.

Қолданыстағы заңнамаға сәйкес тестілеуден сәтті өтіп, шекті балл жинап, портфолио тапсырған педагогтерге мәлімделген біліктілік санаты бойынша үстемеақы 1 қыркүйектен бастап төленеді.

Алғашқы тестілеуде шекті деңгейге жете алмаған, бірақ талаптарға сай портфолиосы бар педагогтерге шілде айында тестілеуді қайта тапсыру мүмкіндігі беріледі. Қайта тестілеу қорытындысы бойынша да шекті балл жиналмаған жағдайда тиісті біліктілік санаты берілмейді.

Сонымен бірге қайта тестілеуден өтуді қаламайтын педагогтер биылғы қыркүйектен бастап пилоттық режимде іске асырылатын жаңа модель аясында аттестаттауға қатыса алады. Тиісті бұйрық жобасы келісу сатысында.

Жаңа модельде біліктілік санаттары бойынша ашық сабақтар саны мен біліктілікті арттыру сағаттарының көлемі де қысқартылады. Негізгі назар педагогтің практикалық жұмыс нәтижелеріне, жобаларға қатысуына, тәрбие жұмысына және кәсіби тәжірибесін таратуына аударылады.

Министрлік өтпелі кезеңде педагогтердің құқықтары толық сақталатынын атап өтеді. Аттестаттау тек қосымша қаржылық ынталандыру құралы ғана емес, ең алдымен педагогтің кәсіби қызмет сапасын объективті бағалау тетігі ретінде қарастырылады. Жүйе педагог уақытын артық есептілікке емес, білім алушылармен жұмысқа бағыттайтындай етіп құрылады.

14 апреля 2026
Жасанды интеллект технологиялары мектептерді басқару тәсілдерін өзгертеді

Астанада «Келешек мектептерінің тұжырымдамасы: ортақ мақсат, ұжымдық даму» тақырыбында өткен стратегиялық конференция аясында мектеп директорлары білім беру процесінде жасанды интеллект технологияларын қолдану мүмкіндіктерімен танысты.

Семинар барысында BeyimTech компаниясының өкілі Бибарс Сейтниязов білім беру процесіне жасанды интеллектті енгізудің негізгі бағыттарын таныстырды. Сала мамандарының пікірінше AI платформалар мұғалімдердің күнделікті жұмысын автоматтандырып, оқу процесін дербестендіруге мүмкіндік береді. Атап айтқанда, жасанды интеллектіге негізделген жаңа платформалар сабақ жоспарларын құрастырып, бағалау тапсырмаларын әзірлеуге және оқушылардың үлгерімін талдауға көмектеседі.

Жасанды интеллект технологияларын енгізу мектепті басқару тәсілдерін де өзгертеді. Директорлар оқу процесін нақты деректер негізінде талдап, басқарушылық шешімдерді тиімді қабылдай алады. Сонымен қатар әр оқушының білім алу траекториясын жеке бақылау мүмкіндігі кеңейеді.

Семинарда педагогтің рөлінің өзгеруі де назардан тыс қалған жоқ. Жаңа жағдайда мұғалім тек білім беруші емес, оқушының жеке дамуын бағыттайтын және цифрлық ортада жұмыс істейтін маман ретінде қарастырылады.

Практикалық бөлімде мектеп басшылары жасанды интеллектке негізделген платформаларды өз білім беру ұйымдарына енгізу жолдарын талқылап, нақты қадамдарды айқындады. Нәтижесінде қатысушылар оқу процесін тиімді ұйымдастыруға және басқару сапасын арттыруға бағытталған заманауи құралдарды меңгерді.

14 апреля 2026
Шымкентте 10-11 (12) сынып оқушыларына арналған республикалық олимпиада қорытындыланды

13 сәуір күні Шымкент қаласында 10-11 (12) сынып оқушыларына арналған қоғамдық-гуманитарлық бағыттағы республикалық олимпиаданың қорытынды кезеңі мәресіне жетіп, жеңімпаздар мен жүлдегерлер салтанатты түрде марапатталды.

Білім бәсекесі орыс тілі мен әдебиеті, қазақ тілінде оқытатын мектептердегі орыс тілі мен әдебиеті және құқық негіздері пәндерін қамтыды. Қатысушылар тапсырмаларды орындау барысында әдеби талдау, сыни ойлау, шығармашылық және коммуникациялық дағдыларын дамытты. Сонымен қатар, құқықтық білімдерін жетілдіріп, заңдардың қоғамдағы рөлін тереңірек түсінуге мүмкіндік алды.

Зияткерлік дода қорытындысы бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің І, ІІ және ІІІ дәрежелі дипломдарымен, сондай-ақ алтын, күміс және қола медальдармен марапатталды. Атап айтқанда, 23 оқушы І орын, 37 оқушы ІІ орын, 60 оқушы ІІІ орын иегері атанды.

Айта кетейік, биыл жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың қорытынды кезеңі еліміздің алты өңірінде өтуде. Қоғамдық-гуманитарлық бағыт бойынша 720 оқушы бақ сынауда. Зияткерлік сайыс эстафетасын 17-21 сәуір аралығында Петропавл қаласы шетел тілдері пәндері бойынша жалғастырады.

14 апреля 2026
Педагогтерді аттестациялаудың жаңа моделін әзірлеу бойынша

Оқу-ағарту министрлігі педагогтерді аттестаттау жүйесіне бірқатар өзгерістер енгізуде. Жүргізіліп жатқан реформалардың негізгі мақсаты - педагог еңбегін әділ әрі ашық бағалау жүйесін қалыптастыру, артық талаптар мен негізсіз қаржылық шығындарды қысқарту.

Жаңа аттестация педагогтердің жұмыс нәтижелеріне негізделеді әрі барынша түсінікті, объективті форматқа көшіріледі.

Негізгі өзгеріс- педагогтердің білімін бағалау тесті толығымен тоқтатылады. Тестілеуден педагогикалық мамандық бойынша оқу орындарын аяқтап келген жас мамандар, педагогикалық өтілін тоқтатып, қайта жұмысқа орналасуға ниет білдірген педагогтер өтеді. Және ПББ тесті білім беру ұйымдарының басшылары, басшы орынбасарлары, әдістемелік орталық (кабинет) әдіскерлері үшін де сақталады.

Мектепте кемінде 2 жыл үздіксіз еңбек өтілі бар педагогтер біліктілік санатын алуға өтінім бере алады. Олардың біліктілігін бағалау жаңа Қағидаларға сәйкес тек практикалық нәтижелер негізінде жүргізіледі. Яғни, педагогтің портфолиосындағы кәсіби жетістіктері мен оқушыларының нәтижесі, оқу-тәрбие жұмысын жүргізудегі деңгейі бағаланады.

Сондай-ақ барлық деңгейлер үшін авторлық бағдарламалар мен оқу-әдістемеліктерін ұсыну талабы алынып тасталады.

Аталған өзгерістер 2027 жылдан бастап енгізілетін аттестаттау жүйесіне байланысты екенін естеріңізге саламыз.

Жаңа жүйеге біртіндеп көшу мақсатында өтпелі кезең енгізіледі. ПББ-ны бірінші рет тапсыру кезінде мәлімделген біліктілік санатына қажетті шекті балл жинай алмаған педагогтердің қолданыстағы біліктілік санаттары мен тиісті үстемақылары толық көлемде сақталады.

Олардың аттестаттауы 2026-2027 оқу жылына ауыстырылып, жаңа Қағидалар бойынша, ПББ тапсыру қажеттілігінсіз өткізіледі. ПББ тапсыру енді аттестаттаудан өтудің міндетті шарты болып табылмайды.

Осылайша, жаңа Қағидаларда аталған норманың алып тасталуына байланысты ПББ-ны қайта (ақылы негізде) тапсырудың күші жойылды. ПББ-ны қайта тапсыру үшін төленген қаражат толық көлемде қайтарылады.

Тестілеуден өткен, белгілі шарттарға сәйкес ПББ тапсырмай санаттарын растайтын педагогтер қолданыстағы Қағидаларға сәйкес аттестаттаудан осы оқу жылында өтеді.

Қазіргі уақытта педагогтерді аттестаттаудың жаңа форматының қағидалары әзірленуде.

Оқу-ағарту министрлігі бұл модельді енгізу мәселелері бойынша бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне арналған брифинг өткізетін болады.

20 марта 2026
Жанашыр ұстаз Мария Бедринаға ерекше құрмет көрсетілді

Бүгін ҚР Оқу-ағарту министрлігінде өткен салтанатты жиында жуырда болған ақтүтек боранда ерекше ерлік көрсеткен ұстаз Мария Бедринаға ерекше құрмет көрсетілді. ҚР Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова ұстаздың кеудесіне «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісін тақты.

Естеріңізге сала кетсек, Мария Бедрина боранда қар құрсауында қалған автоколоннаға жол көрсету үшін төрт шақырымдай жаяу жүріп, адасып қалған азаматтарды қауіпсіз жерге апарған болатын.

Мерекелік шара аясында саланың дамуына үлес қосып жүрген ведомство мамандары назардан тыс қалмады. Атап айтқанда, министрліктің бес қызметкеріне «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісі табыс етілді. Жұлдыз Сүлейменова өз сөзінде еліміздегі оң өзгерістер мен Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асып жатқан білім саласындағы іргелі реформаларға тоқталып, ұжымды Наурыз мерекесімен құттықтады.

«Наурыз - күн мен түн теңеліп, табиғат түлейтін, шығыс халықтарының жаңару мерекесі. Елімізде көктем мерекесі қарсаңында Конституциямыз жаңарып, бұл тарихи қадам әз Наурызға ұласып жатыр. Осыдан жеті жыл бұрын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған іргелі реформалардың игілігін бүгінде ұстаздар қауымы мен осы саланың жұмысын үйлестіріп жүрген білім саласының мамандары анық көріп, қуанудамыз. Сіздердің еңбектеріңіз ұрпақ тәрбиесіне тікелей қатысты әрі ел болашағын айқындайды. Осынау көктем мерекесінде баршаңызға алғыс айта отырып, еңбектеріңізге жеміс тілеймін», - деді сала министрі.

Жиын соңында министрлік қызметкерлері өздері дайындаған мерекелік бағдарламаны ұсынып, өнерлерін ортаға салды.

20 марта 2026
Қостанайда информатика және математика пәндері бойынша республикалық олимпиаданың қорытынды кезеңі басталды

Қостанай қаласында жаратылыстану-математикалық бағыттағы екі маңызды пән – информатика және математика бойынша жалпы білім беретін пәндерден 9–11 (12) сынып оқушыларына арналған республикалық олимпиаданың қорытынды кезеңі басталды.

Аталған кезеңге еліміздің барлық өңірлерінен 310 дарынды оқушы қатысуда. Оның ішінде:
информатика пәні бойынша – 149 оқушы;
математика пәні бойынша – 161 оқушы.

Олимпиада барысында қатысушылар алгоритмдік ойлау, күрделі есептерді шешу, бағдарламалау және терең математикалық талдау дағдыларын көрсетеді. Олимпиада 2026 жылғы 24 наурызға дейін жалғасады.

Зияткерлік сайыстың негізгі мақсаты – дарынды оқушыларды анықтау, олардың ғылыми әлеуетін дамыту және халықаралық олимпиадаларға дайындалатын ұлттық құраманы қалыптастыру.

Пәндік олимпиада қорытындысы бойынша үздік нәтиже көрсеткен оқушылар ұлттық олимпиадалық резерв құрамына қабылданып, еліміздің намысын халықаралық білім додаларында қорғауға мүмкіндік алады.

Естеріңізге сала кетейік, биыл жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың қорытынды кезеңі еліміздің алты өңірінде ұйымдастырылуда.

🎉 Оқушыларға сәттілік тілейміз!

20 марта 2026
Биология және физика пәндерінен республикалық олимпиаданың қорытынды кезеңі басталды

Астанада жаратылыстану-математикалық бағыттағы биология және физика пәндері бойынша жалпы білім беретін пәндерден 9-11 (12) сынып оқушыларына арналған республикалық олимпиаданың қорытынды кезеңі басталды.

Бұл кезеңге республика өңірлерінен 311 оқушы қатысады:
* биология пәні бойынша – 153 қатысушы;
* физика пәні бойынша – 158 қатысушы.

Олимпиада барысында қатысушылар теориялық және тәжірибелік тапсырмаларды орындап, ғылыми ойлау қабілеттерін, зерттеушілік дағдыларын және пәндік білім деңгейін көрсетеді.

Зияткерлік сайыстың негізгі мақсаты – дарынды оқушыларды анықтау, олардың ғылыми әлеуетін дамыту және халықаралық олимпиадаларға дайындалатын ұлттық құраманы қалыптастыру.

Пәндік олимпиада қорытындысы бойынша үздік нәтиже көрсеткен оқушылар ұлттық олимпиадалық резерв құрамына қабылданып, еліміздің намысын халықаралық білім додаларында қорғауға мүмкіндік алады.

20 марта 2026
Қазақстанда 9-11 (12) сынып оқушыларына арналған республикалық олимпиаданың қорытынды кезеңі басталды

Оқу-ағарту министрлігінің «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы 2026 жылғы наурыз-сәуір айларында 9-11 (12) сынып оқушыларына арналған республикалық олимпиаданың IV (қорытынды) кезеңін өткізеді. 2026 жылғы олимпиаданың қорытынды кезеңі еліміздің 6 қаласында 15 пән бойынша өтеді және оған республика өңірлерінен іріктелген 1636 дарынды оқушы бақ сынайды.

Олимпиаданың мақсаты – дарынды оқушылардың шығармашылық қабілеттерін дамыту, теориялық білім мен практикалық дағдыларын тереңдету, жеке тұлғаның өзін-өзі жүзеге асыруына жағдай жасау, халықаралық олимпиадаларға дайындау және Қазақстан білім жүйесінің беделін арттыру.

Жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиада төрт кезеңнен тұрады.
Бірінші (мектепішілік) кезеңге 7 211 білім беру ұйымынан 358 146 оқушы;
Екінші (аудандық) кезеңге 6316 ұйымнан 135670 оқушы;
Үшінші (облыстық) кезеңге 3236 ұйымнан 18127 оқушы қатысса, ал төртінші (қорытынды) кезеңге республиканың барлық өңірлерінен, сондай-ақ республикалық білім беру ұйымдарынан («РФММ» КеАҚ, Абай Ұлттық мектебі және «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ) 1636 оқушы қатысады деп жоспарлануда. Олардың 73-і – республикалық ауыл олимпиадасының жеңімпаздары, жаратылыстану-математикалық бағыты бойынша – 930 оқушы, қоғамдық-гуманитарлық бағыт – 706 оқушы).

Барша қатысушыларға сәттілік тілейміз!

11 марта 2026
Педагогтер жасанды интеллектіні қолдануда нені ескеруі тиіс: әдістемелік ұсыным әзірленді

Қазақстанда ЖИ технологияларын мектеп тәжірибесіне енгізудің әдістемелік негіздері бекітілді. Тиісті талаптар мен шектеулер Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы әзірлеген құжатта нақтыланды.

Әдістемені әзірлеудегі басты ұстаным жасанды интеллект мұғалімді алмастырмайды деген қағида. Жасанды интеллект тек сабақ дайындауға, материалды бейімдеуге, талдау жасауға көмектесетін құрал ретінде қарастырылады. Оқушыны бағалау, оқу мазмұнын таңдау және соңғы шешім қабылдау құқығы толықтай мұғалімнің құзырында қалады. Білім нәтижелерін толық автоматтандыруға жол берілмейді. Сондықтан жасанды интеллект дайындаған кез келген материал мұғалімнің тексеруінен өтуі тиіс.

Құжат цифрлық қауіпсіздікке ерекше мән береді. Оның ішінде оқушылардың жеке деректерін бөгде сервистерге енгізуге болмайды, сабақта қолданылатын платформалар заңнамалық талапқа сай болуы керек. Сонымен қатар, академиялық адалдықты сақтауға ерекше мән беріледі. Оқушылар ЖИ арқылы дайындалған жұмыстарын өз еңбегі ретінде ұсына алмайды, мұғалімдер қажет болған жағдайда тапсырманы қайта бере алады.

Әдістемелік ұсынымда педагогтерге Canva, ChatGPT, Gemini Storybook, Notebook LM, Reading Coach, Google Lens және өзге де сервистерді сабақта қолданудың дайын алгоритмдері мен сценарийлері берілген. Бұл мұғалімнің әкімшілік жүктемесін азайтып, оқу материалдарын оқушының жеке ерекшеліктеріне бейімдеуге мүмкіндік береді.

Әдістемелік ұсыным Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының ресми сайтында қолжетімді. Оны педагогтер, әдіскерлер, білім беру ұйымдарының басшылары, оқушылар пайдалана алады. Бұл қадам мектептердің цифрлық трансформациясын жүйелі түрде қолдауға бағытталған.

Жасанды интеллект фотоиллюстрациясы

Социальные сети
ҚР Білім және ғылым Министрлігі Мектепке дейінгі және орта білім Комитеті
ҚР БҒМ Мектепке дейінгі және трта білім беру Комитетінің Instagram парақшасы
Меню подвал
ҚР Президентінің жолдаулары
ҚР Президентінің сайты
ҚР Премьер-Министрінің сайты
Цифрлық трансформация тұжырымдамасы
Өмірлік жағдайлар
ҚР Мемлекеттік рәміздері
Терминдер мен қысқартулар
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі
Экран дикторы
Жасанды интеллектті дамытудың 2024 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы