
1952 жылы 29 ақпанда Батыс Қазақстан облысы Казталов ауданы Беспішен ауылында дүниеге келген. 1969 жылы аудан орталығындағы А. Оразбаева атындағы орта мектептің сегізінші сыныбын бітірген соң, Орал қаласындағы С. Сейфуллин атындағы №11 мектепте оқыған. 1971-1975 жылдары Орал музыка училищесінің әншілер даярлайтын бөлімінде оқып, А.Муравьева класы бойынша білім алады. Алғашқы еңбек жолын 1977 жылы Казталов аудандық мәдениет үйінен бастап, осы салада 1991 жылға дейін абыройлы қызмет жасайды. 1985 жылы алғаш рет ақындар айтысына қатысты. 1991 жылы Орал қаласындағы Құрманғазы атындағы саз училищесінде халық әндері бөлімінің Мұхит класын ашып, дәріс береді. 2009 жылдан бері облыстық филармония әншісі.
Көкшетау қаласында 1993 жылы өткен Ақан серінің 150 жылдық мерейтойына арналған ақындар айтысында бас жүлдені, сол жылы Қызылорда облысының Жалағаш ауданында өткен Бұғарбай батырдың тойында тағы да бас жүлдені жеңіп алады.
Қазақстан Республикасы Президентінің Құрмет грамотасымен марапатталды (2001 ж.), «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағы берілді (2010 ж.).
Казталов аудандық мәслихатының 2014 жылғы 9 желтоқсандағы №30-2 шешімімен «Ауданның құрметті азаматы» атағы берілді.