
1937 жылы 9 наурызда Батыс Қазақстан облысының Фурманов ауылында дүниеге келген.
Еңбек жолын 1961 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің экономика факультетін бітірген соң, жолдамамен Алматы автомобиль жөндеу зауытында экономист болып бастаған. Кейіннен Алматы қалалық және облыстық комсомол комитеттерінде жауапты қызметтер атқарған.
1960 жылдардың орта шенінен Қазақ ССР жоспарлау комитеті жанындағы экономикалық ғылыми-зерттеу институтында аға инженер-экономист, аға ғылыми қызметкер болып істеген. 1968-1970 жылдары Қазақ мемлекеттік университетінің аспирантурасында оқып, 1970 жылдың тамыз айында Қазақ ССР Жоғары білім министрлігінің жолдамасымен Алматы шет тілдері педагогикалық институтының политэкономия кафедрасына аға оқытушы қызметіне орналасады. Сол уақыттан күні бүгінге дейін осы университетте доцент, кафедра меңгерушісі, профессор, партком хатшысы қызметтерін абыроймен атқарып келеді.
Қазақстан жоғары мектебінің ардагері, «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері», Халыкаралық Еуразия Экономикалық академиясының толық мүшесі (академигі), экономика ғылымдарының докторы, профессор, Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінің, Халықаралық экономикалық қатынастар кафедрасының меңгерушісі.
Мемлекет, қоғам алдындағы және білім-ғылым саласындағы еңбегі үшін «Халықтар достығы» орденімен, «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 10 жыл» мерекелік медалімен, «Қазақстанның білім беру жүйесінің құрметті қызметкері» төсбелгісімен марапатталған.
Казталов аудандық мәслихатының 2017 жылғы 12 мамырдағы №10-9 шешімімен «Ауданның құрметті азаматы» атағы берілді.