
1949 жылы 2 қыркүйекте Батыс Қазақстан облысы Казталовка ауданы Казталовка ауылында дүниеге келген. Білімі жоғары, 1967 жылы Алматы қаласындағы Қазақ мемлекеттік ауылшаруашылық институтына түскен. 1972 жылы «ғалым-агроном» мамандығы бойынша тәмәмдап, институт жолдамасына сәйкес Орал қаласындағы «Каззапгипроводхоз» жобалау институтына агроном-экономист болып орналасқан.
Әр жылдары Казталовка ауданының ауыл шаруашылығы саласында қызмет жасаған. 1974-1977 жылдары Ленин атындағы колхоздың бөлімше агрономы, 1977-1987 жылдары аудандық ауыл шаруашылығы басқармасының аға агрономы, басқарма бастығының орынбасары, 1987-1990 жылдары «Бостандық» совхозының директоры, 1990 жылдың наурыз айынан бастап аудандық агроөнеркәсіп кешені бірлестігі төрағасының орынбасары, 1998-2012 жылдары аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің бастығы қызметтерін атқарған. Жалпы еңбек өтілі 45 жылды құрайды.
2012 жылдан бері зейнеткерлік демалыста, 2014 жылдан осы кезге дейін Орал қаласы ардагерлер кеңесі жанындағы «Казталов жерлестер қауымдастығының» төрағасы қызметін қоғамдық негізде атқарып келеді.
Казталов аудандық мәслихатының 2022 жылғы 25 қарашадағы №24-2 шешімімен «Ауданның құрметті азаматы» атағы берілді.