Қазақстан Республикасы Президенттік орталығында «Қазақстанның жұлдызды жолы: ғарыш қаһармандарына тағзым» көрмесі ашылды

2026 жылғы 2 қазанда Қазақстан Республикасының Президенттік орталығында қазақтың тұңғыш ғарышкері Тоқтар Әубәкіровтің ғарышқа сапарының 35 жылдығы мен 80 жылдық мерейтойына және ғарышкер Талғат Мұсабаевтың 75 жылдық мерейтойына арналған «Қазақстанның жұлдызды жолы: ғарыш қаһармандарына тағзым» көрмесінің салтанатты ашылу рәсімі өтті.
Қазақстан Республикасы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің Аэроғарыш комитеті отандық ғарыш саласының тарихи мұрасын сақтау және Қазақстанның ғарыш саласындағы жетістіктерін кеңінен насихаттауға бағытталған көрме жобасының серіктестерінің бірі болды.
Көрменің ашылу күні ерекше символдық мәнге ие. 1991 жылғы 2 қазан – Қазақстан тарихындағы айтулы күндердің бірі. Осы күні қазақтың тұңғыш ғарышкері Тоқтар Әубәкіров «Союз ТМ-13» ғарыш кемесімен Байқоңыр айлағынан ғарышқа аттанды. Ол «Мир» орбиталық станциясында ғылыми-зерттеу жұмыстарын сәтті жүргізіп, 10 қазанда Жерге оралды. Тоқтар Әубәкіровтің ғарышқа сапары халқымыздың ғасырлар бойғы арманын жүзеге асырған тарихи сәт болды. Бұл тарихи оқиға Қазақстанның ғарыш саласының дамуына жаңа серпін берді.
Қазақстан ғарышы тарихында ерекше орны бар тұлғалардың бірі – Мұсабаев Талғат Амангелдіұлы. Ол ғарышқа үш рет ұшып, ғарыш кеңістігінде жалпы 341 тәулік 9 сағат 48 минут болды. Ашық ғарыш кеңістігіне жеті рет шығып, 41 сағат 15 минут жұмыс атқарды. Ғарыш сапарлары барысында маңызды ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізіп, Қазақстанның ғарыш саласының дамуына зор үлес қосты.
Көрме экспозициясында қазақ ғарышкерлерінің ерлігі мен кәсіби еңбегі, сондай-ақ тәуелсіз Қазақстанның ғарыш саласындағы жетістіктері бір арнада тоғыстырылған.
Көрме екі бөлімнен тұрады.
«Қаһарман ғарышкерлер: Тоқтар Әубәкіров, Талғат Мұсабаев» атты бірінші бөлім мерейтойлары аталып өтілетін ғарышкерлердің өнегелі өмірі мен кәсіби қызметіне арналған. Көрме экспозициясында Тоқтар Әубәкіровтің ғарыштық экипировкасының қолғабы, Талғат Мұсабаевтың ғарышқа алып барған Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туы, Байқоңыр топырағы салынған капсула, қасиетті Құран кітабы, ғарышкерлердің тағамдары және басқа да бірегей жәдігерлер ұсынылған.
«Қазақстанның ғарыш саласы: жаңа белестер» атты екінші бөлім тәуелсіз Қазақстанның ғарыш саласының қалыптасуы мен дамуына арналған. Бөлімде Қазақстанның ғарышкері Айдын Айымбетовтің ғарышқа сапары, еліміздің қазіргі ғарыш саласындағы жетістіктері мен даму бағыттары туралы ақпараттар, сондай-ақ жер серіктерінің макеттері ұсынылған.

Көрме аясында келушілер назарына 170-тен астам музейлік жәдігер мен тарихи-танымдық материал ұсынылған. Олар Қазақстан ғарышы тарихындағы маңызды оқиғалардан бастап, қазіргі заманғы ұлттық ғарыш инфрақұрылымының қалыптасуы мен дамуына дейінгі кезеңдерді қамтиды.
Бүгінде Қазақстан ғарыштық технологиялар, Жерді қашықтықтан зондтау, спутниктік байланыс, ғылыми зерттеулер, ғарыш техникасын әзірлеу және бейінді мамандар даярлау бағыттарын жүйелі түрде дамытып келеді. Қазақстандық ғарышкерлердің тарихи жетістіктерін сақтау және дәріптеу жас ұрпақтың ғылымға, инженерияға және ғарыштық технологияларға қызығушылығын арттыруға ықпал етеді.
Көрменің серіктестері: «Қазақстан Республикасы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің Аэроғарыш комитеті» РММ, «Қазақстан Ғарыш Сапары» ҰК» АҚ, «Республикалық ғарыштық байланыс орталығы» АҚ (KazSat), Қазақстан Республикасының Ұлттық музейі, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Әскери-тарихи музейі және Ақтөбе облыстық планетарийі.