Алматылық лицей оқушылары Ресейдегі Әуе-инженерлік мектебі чемпионатында алтын жүлде жеңіп алды

Алматылық лицей оқушылары Ресейдегі Әуе-инженерлік мектебі чемпионатында алтын жүлде жеңіп алды

Алматы қаласындағы №134 лицейдің оқушылары 6–11 тамыз аралығында Ресей Федерациясының Владимир қаласында өткен Әуе-инженерлік мектебінің (ӘИМ) XV чемпионатында жүлделі орындарға ие болды.

Аталған іс-шара посткеңестік кеңістіктегі жастар арасында өткізілетін ең ірі инженерлік-техникалық жарыстардың бірі саналады. Чемпионат басталған 2025 жылдың қыркүйегінде оған Ресейдің 40-тан астам өңірінен, сондай-ақ Қазақстан, Өзбекстан және Беларусь елдерінен 1100-ден астам қатысушы қатысты. Көпсатылы іріктеу қорытындысы бойынша финалға төрт бағыт бойынша шамамен 300 қатысушыдан құралған 87 команда жолдама алды. Финалистер Ресейдің 16 өңірі мен Қазақстанның атынан қатысты.

Жарыстар дәстүрлі түрде «Аппараттар», «Зымыран-тасығыштар» және «Ұшқышсыз ұшу аппараттары (ҰҰА)» бағыттары бойынша өткізілді. Чемпионат бағдарламасы қатысушылардың жас ерекшеліктері мен техникалық тапсырмалардың күрделілік деңгейіне қарай құрылған 10 лиганы қамтыды. Финалға жету үшін командалар жыл бойы бірнеше кезеңнен тұратын іріктеуден өтті. Оның ішінде ӘИМ өңірлік чемпионаттарында жеңіске жету немесе жүлделі орын иелену финалға шығудың маңызды шарттарының бірі болды.

Қазақстан атынан іріктеу кезеңдерінен сәтті өткен Алматы қаласындағы №134 лицейдің үш командасы қатысып, «Зымыран-тасығыштар» бағыты бойынша бақ сынады. Командалардың жетекшісі — информатика пәнінің мұғалімі Татьяна Васильевна Жуйко. Оның жетекшілігімен оқушылар чемпионатқа дайындалып, өздерінің инженерлік жобаларын әзірледі.

 

Сырттай іріктеу сессиясы, ұшу алдындағы аттестаттау, ұшу сынақтары және жобаларды қорғау нәтижелері бойынша қазақстандық командалар келесі орындарға ие болды:

 

«Кіші ГИРД» лигасы

«Ефиценко П-1» командасы (Тимур Ходжабаев, Илья Филонов, Роман Смиркин) — 3-орын;

«Стелари» командасы (Ульяна Брюзгина, Назар Разумных) —  9-орын.

«Үлкен ГИРД» лигасы

«Константа 2.0» командасы (Леонид Хлебников) — 1-орын.

Командалардың финалдық кезеңге дайындығына «Ұлттық ғарыштық зерттеулер мен технологиялар орталығы» АҚ да қолдау көрсетті. Орталық оқушылардың инженерлік білімін дамыту және аэроғарыш саласындағы кәсіби бағдар беру жұмыстары аясында командаларға практикалық және әдістемелік мәселелер бойынша көмек көрсетті.

Қазақстандық оқушылардың чемпионатта қол жеткізген нәтижелері еліміздегі мектеп оқушыларының зымыран-ғарыш техникасы саласындағы даярлық деңгейінің жоғары екенін көрсетті.