Республика күні қарсаңында С. Сейфуллин атындағы Қарағанды театрында облыс тұрғындарына мемлекеттік наградалар табыс етілді. Ардагерлер, жұмысшылар мен кәсіпкерлер, аграршылар мен ғылым, медицина, білім, мәдениет, өнер, спорт өкілдері, қоғам қайраткерлері атап өтілді.
Салтанатты жиынның басында Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев жиналған қауымды ұлттық мерекемен құттықтады:
– Біздің өңірдің әрбір тұрғынының республикамыздың өркендеуіне қосқан үлесін мақтанышпен және шексіз құрметпен атап өткім келеді. Құрметті ардагерлерімізге алғысымды білдіремін. Біз сіздердің еңбек жетістіктеріңізді ел игілігі үшін есімізде сақтаймыз. Өңірдің дамуына зор үлес қосып жатқан кеншілерімізге, металлургтер мен аграршыларға ерекше алғысымды білдіргім келеді. Жоғары кәсібилігі үшін дәрігерлерге, педагогтар мен ғалымдарға, мәдениет қызметкерлеріне және әлеуметтік қызметкерлерге, кәсіпкерлер мен спортшыларға ерекше рахмет айтамын!
Сондай-ақ, Ермағанбет Бөлекпаев Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері мен діни конфессиялардың өкілдеріне республикада бейбітшілік пен келісімді сақтағаны үшін алғысын білдірді.
Президенттің Жарлығымен елдің әлеуметтік-экономикалық және мәдени-рухани дамуына, халықтар арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға қосқан елеулі үлесі, белсенді қоғамдық қызметі үшін облыстың 33 тұрғыны марапаттарға ие болды. Оларға ІІІ дәрежелі "Парасат", "Құрмет", "Еңбек Даңқы" ордендері, "Ерлігі үшін", "Ерен еңбегі үшін" және "Шапағат" медальдары табыс етілді. Төрт қарағандылық және К. С. Станиславский атындағы театр ұжымы Қазақстан Республикасының Құрмет грамотасымен марапатталды.
"Парасат" орденіне медицина ғылымдарының докторы, жоғары санатты хирург профессор Сергей Лохвицкий ие болды.
– Хирургия – бұл физикалық, әсіресе психикалық тұрғыдан ауыр жұмыс. Ең бастысы – өз жұмысыңды жақсы көру. Менің жұмысымды бағалап, ол үшін алғыс айтқанына қуаныштымын. Мен институтты бітіргеннен кейін бірден жұмыс істеуге бардым, әлі оқып жүрген кезімде операция жасай бастадым. 65 жылдан астам еңбек өтілім бар екен, – деді Сергей Лохвицкий.
"Молодежный" разрезінің экскаватор машинисі Бектас Әбдіқалықов осы салаға сіңірген еңбегі үшін "Ерен еңбегі үшін" медалімен марапатталды.

– Мен 25 жылдан бері жұмыс істеп келемін. Үш жыл электрик, бес жыл машинист көмекшісі, қалған жылдары экскаватор машинисі болдым. Менің жұмысымның ең қиын бөлігі – жоспарлау. Технологиялық процесті түсініп, техниканы, Белаздардың қозғалысын, еңбек қауіпсіздігін қадағалап, көрсеткіштердің әр уақытта жақсаруына тырысу керек. Бүгінгі марапатым бірінші болмаса да, өте маңызды. Мен адал жұмыс істеуге тырысамын, істеген ісімді жақсы көремін, – дейді Бектас Әбдіқалықов.
Салтанатты жағдайда Қарағанды облысының үш жаңа Құрметті азаматының есімдері айтылды. Биыл атақ ҚР еңбек сіңірген қайраткері, "ТҮРКСОЙ" Халықаралық Ұйымының Бас хатшысы Дүйсен Қасейіновке; жазушы, этнограф, журналистика ардагері Төрехан Майбасқа; спорт ардагері, ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы Валерий Громовқа берілді.

– Бүгін осындай жоғары атаққа ие болғаныма өте қуаныштымын, өйткені оған лайық басқа да қарағандылықтар бар. Мен қарапайым журналиспін, көбісі мені жазушы, этнограф ретінде біледі, бірақ мен бұл өмірге журналист ретінде келіп, кетемін. Бұл марапат барлық журналистерге құрмет. Мен аға буынға жатамын, Қарағандыдағы мыңнан астам бауырларымның портреттерін жасадым, төрт кітап жаздым, – деп бөлісті Төрехан Майбас.
Мерекеге орай қонақтарға концерттік бағдарлама дайындалды.