
Белсенді ойындар бойынша бірінші республикалық Сool Games KZ – 2022 турнирінде оқушылар арасында үздік атану үшін сегіз команда өзара жарысты. Нүркен Әбдіров атындағы Қарағанды жалпы білім беретін мектебінің "Жас сарбаз" командасы жарыстың жеңімпаздары атанды.
Турнир 29 наурыз күні "Аманат Арена" спорт кешенінің базасында өтті. Ауа райының қолайсыздығына байланысты Cool Games-ке Қарағанды, Теміртау, Шахтинск және Жаңаарқа ауданының командалары ғана қатыса алды.
Жарысты "Сарыарқа дарыны" өңірлік ғылыми-практикалық қосымша білім беру орталығы республикалық дене тәрбиесі орталығымен бірлесіп ұйымдастырды.
"2005–2008 жылдары туылған оқушылар спорттың 15 түрінен жарысты, оның ішінде ұлттық спорт түрлері де бар. Белсенді ойындарға 8 команда, 64 оқушы қатысты", – дейді ұйымдастырушылар.
Нүркен Әбдіров атындағы мектептің атынан екі команда өнер көрсетті – "Жас сарбаз" және "Арыстан", олар сәйкесінше бірінші және екінші орындарды иеленді.
– Біздің оқушылар белсенді ойындарға бірінші рет қатысып отырған жоқ. Олар өткен жылы Киевте өткен Cool Games халықаралық турнирінде Қазақстанның намысын қорғаған болатын. Ол кезде үшінші орынды иелендік, – деді Н. Әбдіров атындағы ЖББМ оқу ісінің меңгерушісі Ерлан Рахымжанов. – Біз осы турнирдің негізін қалаушылармыз деп айта аламыз. Республикалық турдағы жеңіс бізге халықаралық турнирде еліміздің көкбайрағын желбіретіп, таныстыруға мүмкіндік береді.
Үшінші орынды Жаңаарқа ауданының Оразалы Жұмабеков атындағы жалпы білім беретін мектебі және Шахтинск қаласының Әлихан Бөкейханов атындағы мектеп-лицейінің командалары өзара бөлісті.

Барлық жеңімпаздар мен жүлдегерлер кубоктармен, медальдармен және дипломдармен марапатталды.