Көмір өндіріп, әлі де қара алтын шығарып жатқандар туралы – Қарағанды кеншілер өлкесінің тұлғалары

Шахтёрлер күні Қарағанды өңірінің басты мерекелерінің бірі болып қала береді. Пандемияға байланысты екінші жыл қатарынан жаппай тойлау мен мерекелеу дәстүрінен бас тартуға тура келіп отыр. Бірақ кеншілерді ұлықтау еш уақытта ұмыт қалмайды.
Кәсіби мереке қарсаңында өз тағдырын шахтамен байланыстырған жерлестер туралы айтып береміз. Кеншілердің өздері қиын және қауіпті мамандық туралы және қауіпсіздіктің «алтын» ережелері туралы баяндап береді.
Костенко атындағы шахтаның құрмет тақтасы
Шахтёрлер күні қарсаңында «АрселорМиттал Теміртау» АҚ Көмір департаментінің И.А. Костенко атындағы шахтасында құрмет тақтасы жаңартылды. Онда 20-дан астам озаттардың суреттер орналастырылды.
Олардың кейбіреулері шахтаға алғаш рет қалай келгені және неліктен осы мамандықты таңдағанын баяндап берді.
Виктор Рябцев, көп жылдар бойы жер асты тау-кен монтажшысы болып жұмыс істеді, қазір жылумен жабдықтау учаскесінде жұмыс істейді:
– 1985 жылы жолдастарыма қарап, шахтаға жұмысқа орналастым. Сол уақыттан бері көп нәрсе өзгерді. Бірақ мен өз таңдауымды дұрыс жасадым деп санаймын, Мен өз жұмысымды жақсы көремін. Бұрын біз өндірушілер үшін лаваны дайындайтынбыз. Қазір жер бетінде жұмыс істеймін. Ұлым менің ізімді басып, шахтада рельстік көлік учаскесінде жұмыс істейді. Өзі солай шешті, Өзі жұмыс істейді, мен оны мақтан тұтамын.
Евгений Головин, жерасты электр дәнекерлеуші:
– Менің шахтёрлік еңбек өтілім – 21 жыл. Басынан бастап мен электр жабдық учаскесінде жұмыс істеймін. Біздің отбасымызда теміржолшылардың екі ұрпағы болды, ал мен шахтаға бардым. Менің ойымша, бұл тағдыр.
Валерий Бабич, үңгуші:
– Жастық шағымда жылыту жабдықтары зауытында қалыптаушы болып жұмыс істедім. Шахтаға жағдайларға байланысты орналастым деп айтуға болады. Мен ешқашан өкінбедім. Жұмыс істегеніме, міне, 19 жыл болды. Маған жұмысым ұнайды, Мен өмірімді басқаша елестете алмаймын. Біздің командамыз тамаша тату.
Андрей Шайхутдинов, тазалау кенжарының тау-кен жұмысшысы:
– Әскерден кейін жұмысқа тұрдым. Ағам мені шахтаға шақырды – жай ғана қарап көр деп. Сондықтан мен әлі күнге дейін «қарап келемін», осымен міне 35 жыл бойы. Әкем де мехцехте жұмыс істеді. Қазір мен жұмысты ұйымдастыруға жауаптымын – мен бригадирмін. Ауысымда 15-17 адам бар. Мен үшін бұл қиын емес, өйткені мен өмір бойы жұмысшы болдым, жұмысты қалай жақсартуды білемін. Ең бастысы – бұл өзіме және әріптестеріме деген жауапкершілік.
«Қауіпсіз жұмыс істеу қағидасы»
Вячеслав Кармышев «Қазақстан» шахтасында 20 жылға жуық тау-кен қазбаларын жөндеу учаскесі бастығының орынбасары болып жұмыс істейді. Кезінде қарапайым жұмысшыдан бастаған.
Шаханда туып өскен. Абай тау-кен техникумын бітірген. Бірінші жұмыс орны – «Молодежная» шахтасы жабылғаннан кейін «Қазақстан» шахтасына ауысты.
– Менің басты ұстанымдарым – адамдарға қауіпсіз жұмыс істеуді түсіндіру, – дейді Вячеслав Кармышев. – Әркімнің тілін таба білу керек. Жаңадан бастаушыларға бізде қандай қиын еңбек жағдайлары бар екенін, оларға қандай үлкен жауапкершілік жүктелгенін түсіндіру қажет. Осы немесе басқа жұмысты қалай қауіпсіз орындау керектігін көрсетеміз. Біздің міндеттеріміз – жігіттер лайықты табыс тауып, ауысымнан үйлеріне дені сау болып қайтуын қамтамасы ету.
Кіші ұлы Никита әкесімен бірге жұмыс істейді. Жігіт 24 жаста. Алдымен ол протезист оқуын бітірмекші болған, бірақ шешін өзгерткен. Жерасты тау-кен жұмысшысы мамандығын алды.
Бос уақытында Вячеслав Александрович кітап оқиды. Сүйікті авторы – Александр Дюма. Оның «Монте-Кристо Графы» романын төрт рет қайта оқып шыққан. Хоббиі – балық аулау.
«Еңбек етуден қорықпаңыздар»
Құрметті шахтер Ерғали Әпейісов еңбек жолын 1981 жылы бастады. Политехникалық институтты бітіргеннен кейін Қарағанды ғылыми-зерттеу көмір институтының кіші ғылыми қызметкері болып жұмыс істеді. Жас ғалымға үміт артылды, алайда ол өндірісті таңдады.
«Қарағанды» шахтасында Ерғали Әпейісов тау-кен шеберінен ауысым бастығына дейінгі мансап жолын жүріп өтті.
– Мен таңдаған жолыма ешқашан өкінбедім. Жас кезімде жасаған таңдауымның арқасында шахтер еңбегінің не екенін білдім. Менің жұмысым ұнады, бізде керемет ұжым болды. Біз ұйымшыл болдық, марапаттарға ұмтылмадық. Ар-ұждан үшін жұмыс істедік. Бізді осылай тәрбиеледі, – деп атап өтті Ерғали Әпейісов.
90-шы жылдары ол «Эколог» көмір разрезі директорының орынбасары болып тағайындалды. Кейін Қазақстан инженерлік-техникалық академиясында жұмыс істеді. Зейнетке шыққаннан кейін шахтер қол қусырып отыра алмады. Ол бизнеспен айналысты. Ерғали Көмекұлы зайыбы Бота Шәріпқызымен бірге төрт бала тәрбиелеп отыр, бүгінде олардың 12 немересі бар.
– Менің жастарға кеңесім – еңбек етуден қорықпау керек. Өзіңе ұнайтын мамандықты таңдау қажет. Білімге ие бола отырып, көп нәрсеге қол жеткізуге болады. Кез келген жағдайда адам болып қалу керек, – дейді ардагер.
Маркшейдер Эльмира Қазиева: «Табандылық таныту керек»
Егер біреу маркшейдер әйел мамандығы емес деп санаса, онда Эльмира Қазиева ол ойды әп-сәтте жоққа шығарады. Қарағанды мемлекеттік техникалық университетін бітіргеннен кейін ол төртінші жыл «Саран» шахтасында жұмыс істеп келеді.
Эльмираның жұмыс күні көбінесе шахтаға түсуден басталады.
– Біз, маркшейдерлер, барлық процесті бақылаймыз, бұл ерлер ұжымымен жұмыс, онда қажет болған жағдайда табандылық таныту керек, – дейді жас маман. – Сонымен қатар, біз жер бетіне түсіру, тегістеу, камералды өңдеу жүргіземіз. Біз тек шахтада ғана жұмыс істеп қоймай, одан тыс жерлерге де шығамыз, қазбалар жоспарын жасаймыз, деректерді компьютерге енгіземіз.
Эльмира мемлекеттік наградаға ие болып, «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған. Сонымен қатар «техникалық физика» мамандығы бойынша магистратураны үздік бітірді.
Бос уақытында шығармашылықпен айналысады. Эльмира поэзияны жақсы көреді, Абай Құнанбаев пен Мұқағали Мақатаевтың оқуларына қатысып, жүлделі орындарға ие болды.
Жақында ол алғаш рет ана болды. Қызы қазір небәрі 9 айлық, бірақ Эльмира бала күтіміне байланысты демалыстан шығып, шахтаға оралды.
Анықтама: Жыл сайын тамыздың соңғы жексенбісінде Кеншілер күні атап өтіледі. Мереке ресми түрде 1947 жылдың қыркүйегінде КСРО-ның батыс аудандарының көмір өнеркәсібі министрі Дмитрий Оника мен КСРО-ның Шығыс аудандарының көмір өнеркәсібі министрі Александр Засядконың ұсынысы бойынша бекітілді.