Қазақстандық сүңгуірлер Халықаралық құтқару операцияларына қатысуға дайын

Қазақстандық сүңгуірлер Халықаралық құтқару операцияларына қатысуға дайын

Қарағанды облысының Приозерск қаласында сүңгуір-құтқарушылардың алғашқы халықаралық оқу-әдістемелік жиыны аяқталды. Тренинг Қазақстан ТЖМ қызметкерлерін І-ІІ мамандандыру тобына даярлау бағдарламасы аясында өтті. Оған барлығы ҚР жедел-құтқару жасағының 35 құтқарушысы қатысты. Курс сертификаты Халықаралық құтқару операцияларына рұқсат береді.

Оқу-жаттығудың жабылу рәсімінде Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин іс-шараға онлайн-режимде қосыла отырып, табиғи және техногендік ТЖ санының тұрақты өсуі жағдайында оларды жою бойынша міндеттерді табысты орындаудың кепілі кәсіби шеберліктің жоғары деңгейі болып табылатынын атап өтті. Сондай-ақ, Қарағанды облысының әкімдігіне ТЖ жөніндегі өңірлік Департаментті материалдық-техникалық жарақтандыруға және қайта жарақтандыруға жан-жақты көмек көрсеткені үшін алғыс білдірді. Негізінде сүңгуірлерді оқытқан құтқару станциясының Қазақстан аумағында баламасы жоқ. Заманауи жабдықтар апаттық-құтқару жұмыстарының барлық түрлерін толық көлемде жүргізуге мүмкіндік береді.

Естеріңізге сала кетейік, оқу-жаттығу 24 мамыр мен 5 маусым аралығында Халықаралық Азаматтық қорғаныс ұйымының және Төтенше жағдайлар орталығының қолдауымен өтті.  10 күн бойы Қазақстан, Ресей және Қырғызстан ТЖМ нұсқаушы-мамандары тәжірибелерімен бөлісті, кәсіби мәселелерді талқылады және шеберліктерін шыңдады.

Тренинг халықаралық қоғамдастықтың сүңгуірлерін даярлау стандарттарына сәйкес келеді. Жаттығулар аяқталғаннан кейін қатысушылар Халықаралық Азаматтық қорғаныс ұйымының сертификаттарын алды, бұл оларға халықаралық Құтқару операцияларына қатысуға мүмкіндік береді.

Қарағанды облысы ТЖД баспасөз қызметінің хабарлауынша