Шетел жұмыс күшін тарту тәртібі «Халықтың көші қоны туралы», «Халықты жұмыспен қамту туралы» Қазақстан Республикасы заңдарымен, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2016 жылғы 15 желтоқсандағы №802 қаулысымен, Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің м.а. 2016 жылғы 27 маусымдағы № 559 бұйрығымен бекітілген Жұмыс берушілерге шетелдік жұмыс күшін тартуға рұқсат беру және (немесе) ұзарту, сондай-ақ корпоративішілік ауыстыруды жүзеге асыру қағидалары және шарттарымен реттеледі.
Қазақстан Республикасының заңдарында және халықаралық шарттарында көзделген жағдайларды қоспағанда, Конституцияда, заңдарда және халықаралық шарттарда өзгеше көзделмесе, шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар Республикада азаматтар үшін белгіленген құқықтар мен бостандықтарды пайдаланады, сондай-ақ міндеттер атқарады.
Жұмыс берушілер жыл сайын 1 тамызға дейін шетелдік қызметкерлердің еңбек қызметін жүзеге асыруы көзделетін облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органдарына (бұдан әрі – жергілікті атқарушы органдар) Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2016 жылғы 15 желтоқсандағы №802 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасына шетелдік жұмыс күшін тартуға арналған квотаны белгілеу және оны Қазақстан Республикасының өңірлері арасында бөлу қағидаларына (бұдан әрі –Квотаны белгілеу қағидалары) 1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша шетелдік жұмыс күшіне қажеттілікті ұсынады.
Рұқсат беру және (немесе) ұзарту қағидаларының 6 тармағына сәйкес, жергілікті атқарушы орган мынадай шарттар:
Қазақстан Республикасы азаматтарының саны бірінші және екінші санаттарға жататын жұмыскерлердің тізімдік санының кемінде 70%;
Қазақстан Республикасы азаматтарының саны үшінші және төртінші санаттарға жататын жұмыскерлердің тізімдік санының кемінде 90% шарттарын сақтаған кезде рұқсат беру және (немесе) ұзартуды жүзеге асырады.
Қадрлардағы жергілікті қамтуды есептеу кезінде шетелдік жұмыскерлер қатарында 2014 жылғы 14 қазандағы Қазақстан Республикасының Шартымен ратификацияланған Еуразиялық экономикалық қауымдастық туралы шартқа қатысушы мемлекеттердің азаматтары есептелмейді.
Шетелдік жұмыс күшін тартудың толық тәртібі "қызмет" - "салалық құжаттар"-"жұмыс берушілерге шетелдік жұмыс күшін тартуға рұқсат беру және (немесе) ұзарту, сондай-ақ корпоративішілік ауыстыруды жүзеге асыру ережелері мен шарттары"бөлімінде ұсынылған.