Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 7-ші сайланған Парламенттің Мәжілісін тарату туралы Жарлыққа және еліміздегі барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының өкілеттіктерін мерзімінен бұрын тоқтату туралы қаулыға қол қойғаны белгілі. Осылайша, елімізде екі бірдей саяси науқан басталды.
«Мәслихатқа кім депутат бола алады?» деген сұраққа:
Мәслихат жергілікті өкілді орган саналады. Сондықтан өздеріне тиісті әкімшілік-аумақтық бөліністегі халықтың еркін білдіреді және жалпымемлекеттік мүдделерді ескере отырып, оны іске асыруға қажетті шараларды белгілейді, олардың жүзеге асырылуын бақылайды. Мәслихаттарды жалпыға бірдей, тең, төте сайлау құқығы негізінде жасырын дауыс беру арқылы бес жыл мерзімге халық сайлайды. Еліміздің жасы 20-ға толған азаматы мәслихат депутаты болып сайлана алады. Депутаттарды сайлау бір мандаттық жүйе арқылы және партиялық тізім бойынша өтеді.
«Сайлау туралы» конституциялық заңына сәйкес, өкiлеттiгi мерзiмiнен бұрын тоқтатылған мәслихаттар депутаттарының кезектен тыс сайлауын Орталық сайлау комиссиясы мәслихат өкiлеттiгiн мерзiмiнен бұрын тоқтату туралы Президент Жарлығының, мәслихаттың өзін-өзі тарату туралы шешімінің негiзiнде тағайындайды және ол мәслихаттар өкiлеттiгi мерзiмiнен бұрын тоқтатылған күннен бастап екi айдан кешiктiрiлмей өткiзiлуге тиiс.
Сайлау науқанын отандық және халықаралық байқаушылар жіті қадағалайды. Осы тұста азаматтарымыздың байқаушы ретінде белсенділік танытуы маңызды. «Заңға сай барлық кандидат пен партияның бұқаралық ақпарат құралдарына шығуына бірдей мүмкіндік беріледі. Осы сайлау науқаны еліміздегі саяси мәдениеттің жоғары екенін айқын көрсетіп, қоғамымызды ұйыстыра түседі деп сенемін», - деген болатын Мемлекет басшысы.