
Шілде айының үшінші жексенбісі жыл сайын Ақжал халқы тұрғындары үшін үлкен мереке. Себебі кент қорғасын мен мырыш байыту бойынша аудандағы ірі өндірістердің бірі болып саналады. Сонымен қатар мыңнан аса кентіміздің тұрғындары осы ауыр салада қызмет жасап, өндірістің жыл сайын дамуының бірден-бір куәгерлері болуда. Міне, биыл да бұл аталмыш мереке дүркіретіп атап өтілді. Спорт десе ішкен асын жерге қоятын кентіміздің жастары үшін футболдан кіші жарыс өткізіліп, “Ақжал бауырлары” командасы жеңіске жетіп қаржылай сыйлықтармен марапатталды. Ал кешкісін “Шұғыла” мәдениет үйінің алаңында салтанатты іс-шара ұйымдастырылды. Аудан әкімінің орынбасары Қ.Б.Садықов кеншілерді мерекесімен құттықтап, аудан әкімінің алғыс хаттарымен марапаттады. Ақжал кенті әкімі Е.Әбдірәсіл мен кәсіпорын басшысы А.Джангельдинов сөз сөйлеп, кәсіпорында жұмыс жасайтын бірқатар қызметкерлерге арнайы марапаттары мен медальдарын табыс етіп, ең ауыр саланы игерудегі кеншілердің аудан экономикасына тигізіп жатқан еңбектерін елеусіз қалдырмай, олардың әрқайсысы да аса зор құрметке ие екенін атап өтті. Аталған мерекеге мерекелік көңіл сыйлау мақсатында кәсіпорын демеушілігімен Қазастан эстарада жұлдыздары Нұрсұлтан Нұрбердиев, Әділет Жауғашар және т.с.с әншілер ән айтып, мерекелік от шашумен аяқталды.