
Конституциялық Сот азаматтың өтініші бойынша «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңының 1-бабы 5) тармақшасының және 8-бабы 1-тармағының; Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 490-бабы үшінші бөлігінің Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкестігін тексерді.
Тексеруге мыналар негіз болған:
Дауланып отырған Заң нормасы Қазақстан азаматтары, шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар миссионерлік қызметпен тіркеуден кейін ғана айналыса алатынын белгілейді, бұл талап бұзылған жағдайда ол үшін әкімшілік жауапкершілік көзделген.
Өтініш субъектісі дінге үндеу мақсатында Қазақстан Республикасының аумағында діни ілімді таратуға бағытталған миссионерлік қызметті тіркеу сөз еркіндігі мен ар-ождан бостандығына конституциялық құқықтарын іске асыруға кедергі келтіреді деп есептейді.
Конституциялық Соттың қорытынды шешімі:
Конституциялық Сот адамның құқықтары мен бостандығын қоғам мүдделері мен мақсаттарынан және осыған байланысты туындайтын қоғам мүшелерінің міндеттерінен бөліп-жарып қарауға болмайды деп атап өтті. Адамның және азаматтың өз құқықтары мен бостандығын жүзеге асыруы басқа адамдардың құқықтары мен бостандықтарын бұзбауға, конституциялық құрылыс пен қоғамдық имандылыққа нұқсан келтірмеуге тиіс (Қазақстан Республикасы Конституциясының 12-бабының 5-тармағы). Құқықтар мен мүдделерді өзара құрметтеу әділдікті қамтамасыз етеді және жеке-дара құқықтар, басқа адамдардың құқықтары мен қоғам мүдделері арасындағы теңгерімді ұстап тұрады.
Қазақстанда тіркелген діни бірлестіктердің миссионерлерін тіркеу үшін қажетті құжаттар мен материалдардың ашық тізбесі бар тиісті мемлекеттік қызмет көрсету қамтамасыз етілген.
Шын мәнісінде аталған Заңда миссионерлік қызмет мақсаттарын ойдағыдай іске асыру үшін миссионерлерді таңдау еркіндігі бар діни бірлестіктің өзін-өзі реттеу және жауапкершілігін арттыру тетігі бекітілген.
Зайырлы мемлекетте заң шығарушы діни тұрғыдан өзін-өзі көрсету құқығы мен қоғам мүдделерін қорғау арасындағы теңгерімді сақтай отырып, құқық бұзушылықтардың алдын алу және жолын кесу үшін қажетті шараларды қабылдай отырып, қоғамдық тәртіпті, халықтың денсаулығы мен имандылығын сақтау, адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғау жөнінде шаралар қабылдауға құқылы.
Тексеру нәтижесінде, Конституциялық Сот аталған заңдардың нормаларын Конституцияға сәйкес келеді деп таныды.
КС нормативтік қаулысының толық мәтінімен сілтеме бойынша танысуға болады https://www.gov.kz/memleket/entities/ksrk/documents/details/804043?lang=kk