Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының 2025 жылғы 26 ақпандағы №67-НҚ нормативтік қаулысы

Конституциялық Соттың нормативтік қаулысына анықтамалық ақпарат

(2025 жылғы 26 ақпандағы № 67-НҚ)

 

Конституциялық Сот азаматтың:

«Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» 2011 жылғы 11 қазандағы Қазақстан Республикасы Заңының 1-бабы 5) тармақшасының және 8-бабы 1-тармағының;

2014 жылғы 5 шілдедегі Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 490-бабы үшінші бөлігінің Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкестігін тексеру туралы өтінішін қарады.

Өтініш беруші дау айтып отырған Заң нормасында Қазақстан Республикасының азаматтары, шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар миссионерлiк қызметтi тiркеуден өткеннен кейiн жүзеге асырады деп айқындалады. Осы талапты бұзғаны үшін әкімшілік жауаптылық белгіленген.

Өтініш субъектісі миссионерлік қызметті тіркеу дінге үндеу мақсатында Қазақстан Республикасының аумағында діни ілімді тарату арқылы сөз еркіндігі мен ар-ождан бостандығына конституциялық құқықтарын іске асыруға кедергі келтіреді деп есептейді.

Конституциялық Сот адамның құқықтары мен бостандықтарын қоғам мүдделері мен мақсаттарынан және осыған байланысты туындайтын қоғам мүшелерінің міндеттерінен бөліп-жарып қарауға болмайды деп атап өтті. Адамның және азаматтың өз құқықтары мен бостандықтарын жүзеге асыруы басқа адамдардың құқықтары мен бостандықтарын бұзбауға, конституциялық құрылыс пен қоғамдық имандылыққа нұқсан келтірмеуге тиіс (Қазақстан Республикасы Конституциясының 12-бабының 5-тармағы). Құқықтар мен мүдделерді өзара құрметтеу әділдікті қамтамасыз етеді және жеке-дара құқықтар, басқа адамдардың құқықтары мен қоғам мүдделері арасындағы теңгерімді ұстап тұрады. Адам міндеттерінің сақталуы оның құқықтары мен бостандықтарын мемлекеттің шектеуі дегенмен бірдей емес.

Қазақстанда тіркелген діни бірлестіктердің миссионерлерін тіркеу үшін қажетті құжаттар мен материалдардың ашық тізбесі бар тиісті мемлекеттік қызмет көрсету қамтамасыз етілген.

Шын мәнісінде аталған Заңда миссионерлік қызмет мақсаттарын іске асыру үшін миссионерлерді таңдау еркіндігі бар діни бірлестіктің өзін-өзі реттеу және жауапкершілігін арттыру тетігі бекітілген.

Зайырлы мемлекетте заң шығарушы діни тұрғыдан өзін-өзі көрсету құқығы мен қоғам мүдделерін қорғау арасындағы теңгерімді сақтай отырып, құқық бұзушылықтардың алдын алу және жолын кесу үшін қажетті шараларды қабылдай отырып, қоғамдық тәртіпті, халықтың денсаулығы мен имандылығын сақтау, адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғау жөнінде шаралар қабылдауға құқылы.

Тексеру нәтижелері негізінде Конституциялық Сот өтініш беруші дау айтып отырған заң нормаларын Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес келеді деп таныды.

Дата публикации
26 февраля 2025