GOV.KZ – Мемлекеттік органдардың цифрлық ресурстарының бірыңғай платформасы

Меню
Страницы
Басқарма туралы
Қызметі
Байланыс ақпараты
Құжаттар
Баспасөз орталығы
Онлайн қабылдау
Все материалы
Цифрлық даму
15 октября 2026
Қарағанды облысында дербес деректерді қорғау және жасанды интеллектіні қауіпсіз қолдану жолдары түсіндірілді

Қызметтік ақпараттың сыртқа таралуына жол бермеу, дербес деректерді қорғау және интернет-алаяқтардың арбауына түспеу мәселелері Қарағанды облысының қала және аудан әкімдіктері қызметкерлеріне арналған оқыту семинарында талқыланды. Мамандар цифрлық кеңістіктегі қауіп-қатерлерден сақтану жолдарын түсіндіріп, жасанды интеллект құралдарын пайдалануда қандай талаптарды ескеру керектігіне тоқталды.

Семинарды Қарағанды облысының цифрлық технологиялар басқармасы мен «Касперский зертханасы» бірлесіп ұйымдастырды. Киберқауіпсіздік жөніндегі сарапшы Давид Салдаев интернет кеңістігінде жиі кездесетін қауіптер туралы айтып, жұмыс барысында пайдаланылатын ақпаратты қорғаудың тиімді тәсілдерімен бөлісті.

Кездесуде дербес деректерді сақтау мен өңдеу тәртібіне ерекше назар аударылды. Қатысушылар жеке мәліметтер қамтылған құжаттарды ашық жариялау немесе мұндай ақпаратты бөгде адамдарға беру қандай салдарға әкелуі мүмкін екенін нақты мысалдар арқылы талқылады. Мамандар қызметтік жүйелерге қолжетімділікті шектеу, жүйеге кірген кезде пайдаланушының жеке басын қосымша растау және құжаттарды жарияламас бұрын олардағы дербес деректерді жасыру қажеттігін еске салды.

Сарапшы киберқауіпсіздікті сақтауға көмектесетін күнделікті ережелерді де түсіндірді.

1. Күмәнді өтініштерге бірден сенбеңіз. Егер біреу шұғыл түрде ақша аударуды немесе белгілі бір мәліметтерді беруді сұраса, өтініштің растығын басқа байланыс арнасы арқылы тексеру қажет.

2. Хабарлама жіберушінің жеке басын тексеріңіз. Күмән туындаған жағдайда хабарламада көрсетілген нөмірге емес, өзіңізге белгілі байланыс нөміріне қоңырау шалған жөн.

3. Аккаунттардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіңіз. Күрделі құпиясөздерді қолданып, көп факторлы аутентификацияны қосу жеке деректердің қорғалу деңгейін арттырады.

4. Қызметтік құжаттарды жеке байланыс арналары арқылы жібермеңіз. Әсіресе дербес деректер қамтылған құжаттарды жеке мессенджерлер мен электрондық пошта арқылы жолдаудан сақ болған жөн.

5. Файлдар мен QR-кодтарды тексеріңіз. Белгісіз дереккөзден келген тіркемелер мен сілтемелерді тексермей ашу зиянды бағдарламалардың құрылғыға енуіне немесе алаяқтық ресурстарға өтіп кетуге себеп болуы мүмкін.

6. Бағдарламаларды уақтылы жаңартыңыз. Компьютерлер мен басқа да құрылғылардағы бағдарламалық қамтылымды жаңартып отыру ақпараттық қауіпсіздікке төнетін қатерлерді азайтуға көмектеседі.

7. Жұмыс орнынан уақытша кеткенде компьютерді құлыптаңыз. Бұл құрылғыдағы қызметтік ақпаратқа бөгде адамдардың қол жеткізуіне жол бермейді.

8. Күдікті жағдайлар туралы дереу хабарлаңыз. Ақпараттық қауіпсіздікке қатысты күмәнді әрекеттер байқалған жағдайда жауапты мамандарға бірден мәлімдеу қажет.

Семинарда жасанды интеллектіні қауіпсіз пайдалану мәселесі де назардан тыс қалмады. Қатысушыларға цифрлық сервистермен жұмыс істегенде сақтық танытып, оларға құпия мәліметтер мен қызметтік ақпаратты жүктемеу керектігі ескертілді.

Қарағанды облысының цифрлық технологиялар басқармасының ақпараты бойынша

 

12 октября 2026
БЖЗҚ туралы өзекті сауалдар
  1. Зейнетақы активтерін кім басқарады?

Зейнетақы активтерін инвестициялық басқаруды Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі (ҚРҰБ), сондай-ақ 2021 жылдан бастап тиісті лицензиясы бар және уәкілетті органның талаптарына сай келетін инвестициялық портфельді басқарушылар (ИПБ) жүзеге асырады. Мұндай сенімгерлік басқарудың негізгі мақсаты – зейнетақы жинақтарын түрлі қаржы құралдарына инвестициялап, табыс алу.

Зейнетақы активтерін басқарушылар – ҚРҰБ пен ИПБ-лардың зейнетақы активтерін инвестициялау бойынша өзіндік стратегиясы бар және олар инвестициялық портфельдің құрылымын инвестициялық декларация шеңберінде дербес айқындайды.

Қолданыстағы ИПБ тізіліміне қазақстандықтар зейнетақы жинақтарын сенімгерлік басқаруға бере алатын 6 жеке компания кіреді:

«Alatau City Invest» АҚ, «BCC Invest» АҚ, «Сентрас Секьюритиз» АҚ, «Halyk Finance» АҚ, «Halyk Global Markets» АҚ, «Tansar Capital» АҚ. (Бұл ретте «Halyk Global Markets» АҚ «БЖЗҚ» АҚ-ға 2027 жылдан бастап сенімгерлік басқару шартын бұзатыны туралы хабарлаған. Осыған байланысты, 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап Қор зейнетақы жинақтарын осы компанияға аудару туралы өтініштерді қабылдамайды).

www.enpf.kz сайтындағы «Қызметтер» – «Инвестициялық портфельді басқарушылар тізілімі» бөлімінен, сондай-ақ invest.enpf.kz ақпараттық интернет-платформасы арқылы ИПБ туралы ақпаратпен танысып, олардың инвестициялық декларацияларын зерделеуге болады.

  1. Заңнамалық өзгерістерге сәйкес міндетті зейнетақы жарналары және міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен қалыптастырылған зейнетақы жинақтарының 100%-на дейін инвестициялық портфельді басқарушының (ИПБ) басқаруына беруге мүмкіндік қарастырылған. Бұл мүмкіндікті кім пайдалана алады және бұл механизм қалай жүзеге асырылады?

Зейнетақы жинақтарының 100%-на дейін жеке басқарушы компаниялар – ИПБ-ларға сенімгерлік басқаруға беру мүмкіндігін БЖЗҚ-ның барлық салымшылары пайдалана алады. Бұл нормалар 2026 жылғы 7 қыркүйектен бастап күшіне енді.

www.enpf.kz сайтындағы «Қызметтер» – «Инвестициялық портфельді басқарушылар тізілімі» бөлімінен, сондай-ақ invest.enpf.kz ақпараттық интернет-платформасы арқылы ИПБ туралы ақпаратпен танысып, олардың инвестициялық декларацияларын зерделеуге болады.

Жақында бір ИПБ салымшыларға тәуекел деңгейі, күтілетін кірістілік және инвестициялау мерзімі бойынша ерекшеленетін инвестициялық портфельдердің үш түріне дейін – консервативті, қалыпты және тәуекелді портфельдерді ұсына алады.

Зейнетақы активтерінің инвестициялық портфельдерін қалыптастыру тәртібін қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті орган айқындайды.

  1. Зейнетақы жинақтарын бірнеше басқарушы компания арасында бөлуге бола ма?

Салымшы бір немесе бірнеше ИПБ-ны таңдай алады. Халықты кеңінен хабардар ету мақсатында БЖЗҚ invest.enpf.kz бірыңғай ақпараттық интернет-платформасын іске қосты. Бұл – салымшыларға сенімгерлік басқарушылардың (ҚРҰБ пен ИПБ) басқаруындағы зейнетақы активтерінің портфельдері бойынша түрлі деректерді бір ақпараттық алаңда салыстыруға мүмкіндік беретін заманауи цифрлық ресурс. Салымшы мұнда инвестициялық портфельдерді өз бетінше бағалауға, сондай-ақ өзінің мақсаттары мен күтетін нәтижесіне сай келетін басқарушы компания мен оның инвестициялық стратегиясын таңдауға мүмкіндік беретін құралдарды пайдалана алады.

Бұдан бөлек, invest.enpf.kz платформасында салымшы ИПБ-лардың инвестициялық декларацияларымен танысып, олардың қаржылық көрсеткіштерін талдай алады. Сондай-ақ ИПБ-ларға қатысты реттеуші орган – ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі (ҚР ҚНРДА) тарапынан қолданылған әкімшілік шаралар, санкциялар мен ықпал ету шаралары туралы ақпаратты да (олар болған жағдайда) көре алады.

  1. Зейнетақы жинақтарын БЖЗҚ-дан басқарушы компанияға беру қалай жүзеге асырылады?

Зейнетақы жинақтарын сенімгерлік басқаруға беру үшін салымшы алдымен ИПБ-ны таңдап, содан кейін белгіленген нысан бойынша өтініш береді.

Өтінішті enpf.kz сайтындағы жеке кабинетте немесе invest.enpf.kz интернет-платформасында электрондық цифрлық қолтаңбаны (ЭЦҚ) пайдалана отырып, сондай-ақ БЖЗҚ-ның кез келген бөлімшесіне барып беруге болады.

Жеке кабинетте салымшы, сондай-ақ:

  • ИПБ-ға/ҚРҰБ-қа беруге немесе қайтаруға қолжетімді соманы тексере алады;
  • ИПБ-ны таңдау (өзгерту) туралы немесе ИПБ-ның сенімгерлік басқаруындағы зейнетақы жинақтарын ҚРҰБ-тың сенімгерлік басқаруына қайтару туралы өтініш беру ережелері және талаптарымен таныса алады;
  • ИПБ-ны таңдау (өзгерту) туралы немесе ҚРҰБ-қа қайтару туралы өтініш беріп, оның мәртебесін қадағалай алады;
  • басқа да қолжетімді зейнетақы қызметтерін пайдалана алады.

Зейнетақы жинақтарын сенімгерлік басқаруға аудару туралы берілген өтініштің мәртебесін сайттағы жеке кабинеттен немесе БЖЗҚ-ның мобильді қосымшасынан бақылауға болады.

ИПБ-ға аударуға өтініш беру және оларды БЖЗҚ-да өңдеу рәсімдері толық автоматтандырылған. БЖЗҚ зейнетақы активтерін сенімгерлік басқаруға нормативтік-құқықтық актілерде белгіленген мерзім ішінде береді.

Бұл ретте зейнетақы жинақтарын бір ИПБ-дан екіншісіне аудару немесе оларды ҚРҰБ-тың басқаруына қайтару алғашқы аударылған күннен бастап кемінде бір жыл өткен соң жүзеге асырылуы мүмкін.

  1. Салымшылар зейнетақы активтерін басқару туралы толық ақпаратты қайдан алып, басқарушы компаниялардың қызмет нәтижелерін қалай бақылай алады?

БЖЗҚ – барлық салымшылар үшін бірыңғай есепке алу және ақпараттық орталық, сондай-ақ активтерді кім басқаратынына қарамастан (ҚРҰБ және/немесе салымшы таңдаған ИПБ) олардың жеке зейнетақы шоттарының операторы.

БЖЗҚ зейнетақы активтерін басқаруға байланысты қолжетімді қызметтер мен сервистерді ұсынады. Азаматтардың зейнетақы жинақтары, оның ішінде инвестициялық табыс ескерілген ақпарат enpf.kz сайтындағы жеке кабинетте немесе БЖЗҚ мобильді қосымшасында 24/7 режимінде берілетін үзінді көшірмелерде толық көрсетіледі.

Әр басқарушының инвестициялық қызметі туралы ақпарат enpf.kz сайтындағы «Статистика және талдау» – «Зейнетақы активтерін инвестициялық басқару» бөлімінде тұрақты түрде жаңартылып отырады.

Сонымен қатар, БЖЗҚ салымшылары үшін invest.enpf.kz ақпараттық интернет-платформасы жұмыс істейді. Бұл – барлық басқарушылардың (ҚРҰБ пен ИПБ) активтерді басқару нәтижелерін өзара салыстыруға мүмкіндік беретін заманауи цифрлық ресурс. Invest.enpf.kz платформасы инвестициялық табыстылық туралы ақпаратқа қол жеткізуге, белгіленген кезең аралығындағы басқарушылар мен олардың инвестициялық портфельдері бойынша деректерді салыстыруға және инвестициялық шешімдерді саналы түрде қабылдауға мүмкіндік береді.

 

07 октября 2026
Университеттен кейін IT саласында сізді шын мәнінде не күтеді?

8 қазанда Қарағанды техникалық университетінде Wooppay Meetup өтеді. Кездесуде IT саласындағы мансаптың ішкі процесі қалай құрылғанын талқылаймыз.

Спикерлер:
🔹 Руслан Абильдин, Frontend Development Team Lead
🔹 Даниил Бобков, Junior Android Developer
🔹 Андрей Захарченко, Mobile Team Lead

Талқылаймыз:
✅ нақты IT өнімі қалай жасалады: идеядан бастап релизге дейін
✅ әзірлеушіге бағдарламалаудан бөлек қандай дағдылар қажет
✅ Junior-дан Team Lead-ке дейін міндеттер мен жауапкершілік қалай өзгереді
✅ команда ішіндегі жұмыс процестері қалай ұйымдастырылған
✅ техникалық сұхбат қалай өтеді және ол жерде техникалық білімнен бөлек неге назар аударылады
✅ алғашқы офферді қалай алуға болады және бас тартқан жағдайда не істеу керек
✅ ЖИ дәуірінде мамандарды жұмысқа қабылдау процесі қалай өзгерді

Қатысу тегін, тіркелу сипаттамадағы сілтеме арқылы 👆

Іс-шара Қарағанды облысының цифрлық технологиялар басқармасының қолдауымен өткізіледі.

Өтетін күні: 8 қазан, 11:00
Өткізілетін орны: Ә.Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университеті, Н.Назарбаев даңғылы, 56
Форматы: офлайн /онлайн8 қазанда Қарағанды техникалық университетінде Wooppay Meetup өтеді. Кездесуде IT саласындағы мансаптың ішкі процесі қалай құрылғанын талқылаймыз.

Спикерлер:
🔹 Руслан Абильдин, Frontend Development Team Lead
🔹 Даниил Бобков, Junior Android Developer
🔹 Андрей Захарченко, Mobile Team Lead

Талқылаймыз:
✅ нақты IT өнімі қалай жасалады: идеядан бастап релизге дейін
✅ әзірлеушіге бағдарламалаудан бөлек қандай дағдылар қажет
✅ Junior-дан Team Lead-ке дейін міндеттер мен жауапкершілік қалай өзгереді
✅ команда ішіндегі жұмыс процестері қалай ұйымдастырылған
✅ техникалық сұхбат қалай өтеді және ол жерде техникалық білімнен бөлек неге назар аударылады
✅ алғашқы офферді қалай алуға болады және бас тартқан жағдайда не істеу керек
✅ ЖИ дәуірінде мамандарды жұмысқа қабылдау процесі қалай өзгерді

Қатысу тегін, тіркелу сипаттамадағы сілтеме арқылы 👆

Іс-шара Қарағанды облысының цифрлық технологиялар басқармасының қолдауымен өткізіледі.

Өтетін күні: 8 қазан, 11:00
Өткізілетін орны: Ә.Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университеті, Н.Назарбаев даңғылы, 56
Форматы: офлайн /онлайн

Мемлекеттік қызметтер көрсетуді бакылау
21 августа 2026
Білім беру, денсаулық сақтау және жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар салаларында мемлекеттік қызметтерді көрсету мәселелері бойынша семинар

2026 жылғы 14 тамызда Қарағанды облысының цифрлық технологиялар басқармасы онлайн форматта білім беру, денсаулық сақтау және жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар салаларында мемлекеттік қызметтерді көрсету сапасы мәселелері бойынша семинар өткізді.

Семинарға жергілікті атқарушы органдардың өкілдері, сондай-ақ мемлекеттік қызметтерді көрсететін ведомстволық бағынысты ұйымдардың өкілдері қатысты.

Семинар барысында мемлекеттік қызметтерді көрсету сапасын арттыру мәселелері бойынша тиісті түсіндірулер мен ұсынымдар берілді.

Барлығы семинарға 27 қызметкер қатысты.

Мемлекеттік қызметтер көрсетуді бакылау
21 августа 2026
Мемлекеттік қызметтерді көрсету сапасы туралы

Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаевтың қатысуымен 2026 жылғы 27 шілдеде өткен кезекті аппараттық кеңесте 2026 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша мемлекеттік қызметтерді көрсету сапасына қатысты мәселелер қаралды.

Кеңес барысында мемлекеттік қызметтерді көрсету сапасының негізгі көрсеткіштері, сондай-ақ мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігін арттыру және мемлекеттік қызметтерді алу кезінде азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз ету жөніндегі жұмысты жетілдіру мәселелері талқыланды.

Кеңес қорытындысы бойынша мемлекеттік қызметтерді көрсету сапасына бақылауды күшейтуге, мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігін арттыруға, сондай-ақ өңірдегі азаматтарға мемлекеттік қызметтерді көрсету деңгейі мен сапасын одан әрі жақсартуға бағытталған тиісті тапсырмалар берілді.

18 августа 2026
Зейнетақы жинақтары – өз бақылауыңызда: БЖЗҚ салымшыларының инвестициялық мүмкіндіктері кеңейтілуде

2026 жылғы 7 қыркүйектен бастап Қазақстан Республикасы Әлеуметтік кодексіне енгізілген өзгерістер күшіне енеді. Бұл өзгерістер БЖЗҚ салымшыларының зейнетақы жинақтарын басқару стратегиялары мен инвестициялық портфельдерді өз бетінше таңдау құқықтарын едәуір кеңейтеді. Енді салымшылар өздерінің зейнетақы жинақтарының 100%-ына дейін инвестициялық портфельді басқарушылардың (ИПБ) сенімгерлік басқаруына бере алады.

Жаңашылдықтардың мақсаты – ең қолайлы инвестициялық стратегиясы мен табыстылық тарихы бар ИПБ-ны таңдау арқылы жинақтарды басқарудың ұзақ мерзімді кірістілігін арттыру.

Міндетті зейнетақы жарналарының (МЗЖ) және ерікті зейнетақы жарналарының (ЕЗЖ) салымшылары, сондай-ақ пайдасына міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары (МКЗЖ) мен ЕЗЖ аударылатын жеке тұлғалар сенімгерлік басқаруға берілетін зейнетақы жинақтарының көлемін өз бетінше айқындауға, бір немесе бірнеше ИПБ-ны, сондай-ақ өздерінің қаржылық мақсаттарына сәйкес бір немесе бірнеше инвестициялық портфельді таңдауға мүмкіндік алады.

Таңдау мүмкіндігі арта түседі

Заңнамаға сәйкес әрбір ИПБ салымшыларға тәуекел деңгейі, инвестициялар құрылымы және инвестициялау мерзімі бойынша ерекшеленетін инвестициялық портфельдердің үш түріне дейін (консервативті, теңгерімді және тәуекелі жоғары) ұсына алады. Үш түрлі портфельдің болуы инвестицияларды салымшының жасына және жеке мүдделеріне қарай бейімдеуге мүмкіндік береді. Ал жинақтарды бірнеше ИПБ арасында бөлу құқығы олардың табыстылығының ауытқуына тәуелділікті азайтады.

ИПБ-ның инвестициялық портфельдерін қалыптастыруға қойылатын талаптарды Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі (ҚНРДА) айқындайды.

Барлық ақпарат – бір платформада

Салымшыларға қолайлы болу үшін БЖЗҚ зейнетақы активтерін инвестициялық басқаруға қатысты негізгі ақпаратты біріктіретін invest.enpf.kz бірыңғай ақпараттық интернет-платформасын іске қосты. Платформа табыстылық туралы ақпаратқа ыңғайлы әрі құрылымдалған қолжетімділікті қамтамасыз етеді, белгіленген кезеңдер бойынша әртүрлі басқарушылардың (ҚР Ұлттық Банкі мен ИПБ-лардың) басқаруындағы инвестициялық портфельдердің көрсеткіштерін динамикада салыстыруға мүмкіндік береді.

Салымшы инвестициялық портфельдерді бағалап, өзінің мүддесі мен инвестициялық мақсаттарына сәйкес басқарушыны және оның инвестициялық стратегияларын дербес таңдай алады.

Зейнетақы жинақтарын сенімгерлік басқаруға қалай беруге болады?

Зейнетақы жинақтарын сенімгерлік басқаруға беру үшін салымшы зейнетақы активтерін басқаруға рұқсат етілген инвестициялық портфельді басқарушылардың (ИПБ) тізілімінен басқарушы компанияны таңдауы және өтініш беруі қажет. (Толық ақпарат БЖЗҚ сайтындағы «Қызметтер – Сенімгерлік басқаруға аудару – Инвестициялық портфельді басқарушылар тізілімі» бөлімінде орналастырылған.)

Өтінішті:

  • kz сайтындағы жеке кабинет арқылы (электрондық цифрлық қолтаңбаны пайдалана отырып);
  • жеке басын куәландыратын құжатты ұсыну арқылы БЖЗҚ-ның кез келген бөлімшесінде беруге болады.

Зейнетақы жинақтарының бір бөлігін ИПБ-ға беру, бір ИПБ-дан екіншісіне ауыстыру немесе жинақтарды ИПБ-дан Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің (ҚРҰБ) басқаруына қайтару бойынша қадамдық нұсқаулық мына сілтеме бойынша орналастырылған: https://www.enpf.kz/kz/services/Invest/22218/. 

Өтініштің орындалу мәртебесін БЖЗҚ сайтындағы немесе мобильді қосымшасындағы жеке кабинеттен («Өтініштер» бөлімі) қадағалауға болады. Өтініштерді қабылдау және өңдеу үдерісі толық автоматтандырылған. Зейнетақы жинақтарын ИПБ-ның сенімгерлік басқаруына беру өтініш келіп түскен күннен бастап 30 күнтізбелік күн ішінде БЖЗҚ арқылы жүзеге асырылады. Бұл ретте зейнетақы жинақтарын бір ИПБ-дан екіншісіне ауыстыруға немесе оларды Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің басқаруына қайтаруға жинақтар инвестициялық портфельді басқарушының сенімгерлік басқаруына берілген күннен бастап кемінде бір жыл өткеннен кейін ғана рұқсат беріледі.

16 июля 2026
«Ұлттық қор - балаларға»: қазақстандықтар тұрғын үйге және білім алуға 58 млн АҚШ долларына жуық қаражат жұмсады

2026 жылдың 1 мауысымындағы жағдай бойынша бағдарлама іске қосылған 2024 жылғы 1 ақпаннан бастап нысаналы жинақтарды (НЖ) пайдалануға берілген  316 223 өтініш орындалып, жалпы сомасы 57,88 миллион АҚШ долларына жуық қаражат өтініш берушілердің банктік шоттарына есептеу үшін уәкілетті операторларға аударылды. Өтініштердің басым бөлігі тұрғын үй жағдайын жақсартуды көздейді: 36,94 млн АҚШ доллары сомасына 201 245 өтініш орындалды. Білім беру ақысын төлеу үшін 20,94 млн АҚШ доллары сомасына 114 978 өтініш орындалды.

НЖ алушы барлық соманы немесе оның бір бөлігін пайдалануға құқылы. Егер қаражаттың бір бөлігі талап етілмесе, қалдық нысаналы жинақтау шотында (НЖШ) 10 жыл бойы сақталады.

Тұрғын үйді жақсартуға арналған қаражатты пайдаланудың ең танымал қосалқы мақсаты – одан әрі жинақтау үшін тұрғын үй құрылысы жинақтарындағы салымды толықтыру (36,23 млн АҚШ долларына 196 893 өтініш). Сонымен қатар тұрғын үй сатып алуға ипотекалық тұрғын үй қарызын алу үшін бастапқы жарна ретінде енгізу үшін 1 498 өтініш беріліп, олар бойынша 248,94 мың АҚШ доллары аударылса, азаматтық-құқықтық мәмілелер бойынша меншікке тұрғын үй сатып алуға (түпкілікті есеп айырысу) – 156,59 мың АҚШ долларына 989 өтініш орындалды. 

Білім беру ақысын төлеу шеңберіндегі ең танымал қосалқы мақсаттар: Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан білім беру ұйымдарының білім беру қызметтеріне үлестермен (әрбір академиялық кезең немесе оқу жылы үшін) немесе толық көлемде бір мезгілде (бүкіл оқу мерзімі үшін) ақы төлеу (19,68 млн АҚШ долларына 106 315 өтініш орындалды), білім беруге жинақтау салымы туралы шарт бойынша білім беруге жинақтау салымын толықтыру (842,16 мың АҚШ долларына 5 947 өтініш орындалды), шетелдік білім беру ұйымдарының білім беру қызметтеріне үлестермен (әрбір академиялық кезең немесе оқу жылы үшін) немесе толық көлемде біржолғы (бүкіл оқу мерзімі үшін) ақы төлеуге (319,33 мың АҚШ долларына 2 114 өтініш орындалды) төлем жасау. 

Нысаналы жинақтарды тұрғын үй жағдайларын жақсарту және (немесе) білім алуға ақы төлеу мақсатында төлеу туралы уәкілетті операторлар мен өңірлер бөлінісіндегі толық ақпаратпен enpf.kz сайтында танысуға болады.

Естеріңізге сала кетейік, 2025 жылдың қорытындысы бойынша қазақстандық бір балаға 130,71 АҚШ доллары кезекті есептеу жүргізілді. 2024 жылы – 129,38 АҚШ доллары, 2023 жылы - 100,52 АҚШ доллары мөлшерінде қаражат аударылған болатын.

18 жасқа дейінгі балаларға жыл сайын Ұлттық қордан бөлінетін сомалар олардың БЖЗҚ-да ашылған шоттарында ескерілетін нысаналы талаптар түрінде есептеледі. Бұл ретте, заңнамаға сәйкес, жас қазақстандықтарға есептелген сомалар Ұлттық қор активтерінің құрамында қалады және инвестициялануын жалғастырады. Одан әрі инвестициялау нәтижесінде жыл сайын әрбір баланың нысаналы талаптарының сомасы алынған инвестициялық табыс есебінен қосымша өседі.

Нәтижесінде бағдарламаға қатысатын балада барлық жинақталған нысаналы талаптардың жиынтық сомасы (жыл сайын қосымша есептелетін инвестициялық кірісті қоса алғанда) :

- үшінші жыл - 370 доллар 56 цент;

- екінші жыл - 263 доллар 93 цент;

- бірінші жыл қатысып отырған баланың шотында 130 доллар 71 цент.

18 жасқа толмаған баланың бағдарламаға қатысуы туралы ақпаратты оның ата-анасы және өзге де заңды өкілдері kids.enpf.kz сайтында баланың ЖСН бойынша, eGov.kz электрондық үкімет порталындағы жеке кабинетте, сондай-ақ eGov Mobile және кейбір екінші деңгейдегі банктердің мобильді қосымшаларында тексере алады.

 

Егер балаларға 2025 есепті жылы есептелген нысаналы талаптар туралы ақпарат көрсетілмесе, онда мобильді қосымшалардағы құжаттарды төменде көрсетілген жолмен жаңарту қажет:

  • eGov Mobile қосымшасында: "Цифрлық құжаттар" - "Отбасы" - "Құжаттар тізімін жаңарту" - "Ұлттық қордан есептеулер";
  • екінші деңгейдегі банктердің мобильді қосымшаларында, мысалы Kaspi.kz: "Мемлекеттік қызметтер " - "Барлық құжаттар" - "Құжаттар тізімін жаңарту" - "Ұлттық қордан есептеулер".

            Биыл 18 жасқа толған немесе толатын балаларға есептелген нысаналы талаптар туралы мәліметтердің заңды өкілдің жеке кабинетінде көрсетілмеуі нысаналы талаптардың нысаналы жинақтарға (НЖ) айналуына байланысты. Осыған орай, есептелген қаржы туралы ақпаратқа қол жеткізу құқығы тікелей НЖ алушыға, яғни 2026 жылы 18 жасқа толған немесе толатын азаматқа беріледі. Аталған азаматтар НЖ туралы ақпаратты Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры интернет-ресурсындағы немесе электрондық үкімет порталындағы жеке кабинеті арқылы өз бетінше алуы тиіс. Ал 18 жасқа толғаннан кейін НЖ төлемдерін тұрғын үй жағдайларын жақсарту және (немесе) білім алу ақысын төлеу мақсатында алу үшін уәкілетті операторға жүгініп, АҚШ долларымен банктік шот ашып, онлайн-өтініш беруі қажет.

Бүгінгі күні уәкілетті операторлар:

  • "Отбасы банкі" АҚ (тұрғын үй және білім алу ақысын төлеу),
  • "Халық банкі" АҚ (білім алу ақысын төлеу),
  • "Банк ЦентрКредит" АҚ (білім алу ақысын төлеу).

Нысаналы талаптарға қатысушы кәмелетке толмаған балалар және нысаналы жинақтарды кәмелетке толған алушылар бойынша, сондай-ақ нысаналы жинақтарды тұрғын үйге және (немесе) білім алуға пайдалану жөніндегі статистикамен enpf.kz сайтында танысуға болады.

kids.enpf.kz сайтында Бағдарламаның шарттарымен танысып, қажетті нұсқаулықтар алып, өзіңізді қызықтыратын сұрақтарыңызға жауап алуға болады. БЖЗҚ/ЕНПФ YouTube-арнасында осы тақырып бойынша бейне нұсқаулықты көруге болады:

«БЖЗҚ» АҚ Басқарма төрағасы Ж.Б. Құрмановтың бейнетүсініктемесі:

https://www.youtube.com/watch?app=desktop&v=30CdPWl6dv0

«БЖЗҚ» АҚ Басқарушы директоры М.Т. Шәріповтың бейнетүсініктемесі:

https://www.youtube.com/watch?v=APg2vATmMk0«Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы бойынша

«Сұрақ-жауап» бейнетүсініктемесі:

https://www.youtube.com/watch?v=4cKr1VCAvUk

https://www.youtube.com/watch?v=mrV0y37Gjnk

«Ұлттық қор – балаларға» сайты бойынша нұсқаулық:

https://www.youtube.com/watch?v=VgP3dmMwAHc

https://www.youtube.com/watch?v=jyC2c-HgqpQ«Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасын жүзеге асыру туралы нұсқаулық: 

https://www.youtube.com/watch?v=bqeT41rWecA

https://www.youtube.com/watch?v=pNBSS1VHdWU

Денсаулық сақтау
Цифрландыру
15 июля 2026
Қарағандылықтар дерматологтарға арналған цифрлық көмекші әзірледі

Дәрігер дерматоскоп арқылы терідегі түзілісті мұқият зерттеп отыр. Экранда ондаған сызық, сан алуан реңк пен көзге әрең шалынатын ұсақ бөлшектер көрінеді. Тәжірибелі маман үшін мұның бәрі диагноз қоюға жол ашатын маңызды белгілер болса, тәжірибесі аз дәрігер үшін елеусіз көрінетін қауіп-қатер белгілерін байқамай қалу қаупі жоғары күрделі міндетке айналуы мүмкін.

Осы мәселені шешу мақсатында қарағандылықтар Тимур Бекеев, Дмитрий Гнейдин және Павел Ильин дерматоскопиялық кескіндерді талдауда дәрігерлерге көмек көрсететін жасанды интеллект негізіндегі TeriAI жүйесін әзірледі.

Жобаның бастауында не тұрды

Жобаны әзірлеуге түрткі болған – өмірден алынған қарапайым жағдай. 1990-жылдары Қарағанды мемлекеттік медицина академиясында «Медициналық кибернетика» мамандығы бойынша білім алған Тимур Бекеев жұбайы – дәрігер-дерматологтың дерматоскопты күнделікті тәжірибеде сирек қолданатынын байқайды. Мұның себебі де түсінікті еді: мұндай кескіндерді мол тәжірибесіз дәл әрі дұрыс интерпретациялау оңай емес.

— Диагноз қою барысында дәрігерлер көбіне тері ауруларының түрлі-түсті фотосуреттері жинақталған баспа атласын пайдаланып, ондағы суреттерді науқастың терісіндегі өзгерістермен салыстырады. Немесе мұндай түзілістерді бағалау дағдыларын меңгеру үшін қымбат оқыту курстарынан өтеді, – дейді Тимур Бекеев.

Осылайша оның бойында кескіндерді бастапқы талдау жұмысын жасанды интеллектке жүктеу идеясы туады.

— Біздің мақсатымыз дәрігерді алмастыратын жүйе жасау емес еді. Біз маманның шешім қабылдауына қолдау көрсететін сенімді көмекші құрал әзірлеуді көздедік, – дейді жоба авторы.

Кейін жобаға Тимурдың бұрынғы курстастары Дмитрий Гнейдин мен Павел Ильин қосылды. Нарықты зерттеген команда Қазақстанда мұндай технологиялық шешімдердің жоқтың қасы екенін, ал шетелдік аналогтардың көпшілік клиника үшін тым қымбатқа түсетінін анықтады. Осылайша TeriAI жобасы дүниеге келді.

Жүйе қалай жұмыс істейді

Жүйенің жұмысы кәдімгі дерматоскопиялық кескіннен басталады. Дәрігер смартфон камерасына жалғанған дерматоскоптың көмегімен терідегі жаңа түзілістің суретін түсіріп, оны қосымшаға жүктейді.

Одан кейін талдауды жасанды интеллект жүргізеді. Алгоритмдер түзілістің пішінін, түсін, құрылымын, шекарасын және басқа да ерекшеліктерін саралап, клиникалық тұрғыдан маңызды болуы ықтимал белгілерді анықтайды әрі тиісті ұсынымдар қалыптастырады. Жүйе динамикалық бақылауды, қосымша тексеруден өтуді немесе бейінді маманның кеңесіне жүгінуді ұсынуы мүмкін. Дегенмен түпкілікті шешім қабылдау құқығы әрдайым дәрігердің өзінде қалады.

Команда жобаға 10 миллион теңгеден астам қаржы салды

Тимур Бекеев өнімді әзірлеу бағытына жетекшілік етеді және Денсаулық сақтау министрлігі жүйесінде ақпараттық қауіпсіздік мәселелерімен айналысады.

Дмитрий Гнейдин жобаға инвестиция құйып, жеке бизнесін дамытып келеді. Ал Павел Ильин маркетингке жауап береді әрі «Олимп» зертханалар желісінің бизнес-серіктесі саналады.

Команда құрамына бұдан бөлек Астанадан фулстек-әзірлеуші және Қарағандыдан бағдарламалау мамандығында білім алып жүрген екі студент енді.

Жобаны әзірлеу кезеңінде оның негізін қалаушылар өз қаражаты есебінен 10 миллион теңгеден астам инвестиция салған.

— Бұл қаражат мамандардың еңбекақысын төлеуге, техникалық инфрақұрылымды қамтамасыз етуге және дерматоскоптарды медициналық техника тізіліміне тіркеуге жұмсалып жатыр, – дейді Павел Ильин.

Өнім дайын болғаннан кейін команда Terricon Valley акселерациялық бағдарламасынан өтіп, нарыққа шығудың түрлі модельдерін сынақтан өткізіп, әлеуетті клиенттермен жұмыс істеу тетіктерін қалыптастырды.

Пилоттық жобадан коммерциялық пайдалануға дейін

Бүгінде TeriAI Қарағанды мен Астанадағы үш клиникада пилоттық режимде енгізіліп жатыр. Жоба авторларының айтуынша, бірқатар медициналық ұйымдар сервисті сынақтан өткізу кезеңінен коммерциялық пайдалануға көше бастаған.

Қызмет көрсету моделі қарапайым: ай сайынғы жазылым құны – 5000 теңге. Бұл пакетке өңделген кескіндер бойынша он медициналық қорытынды кіреді. Ал әрбір келесі зерттеу үшін 500 теңге төленеді.

Келесі қадам

Қазіргі таңда команда медициналық университетпен бірлесіп, жүйенің нақты клиникалық тәжірибедегі тиімділігін бағалауға мүмкіндік беретін ғылыми зерттеу жүргізуге дайындық үстінде.

Зерттеу нәтижелерін әзірлеушілер Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігіне ұсынуды жоспарлап отыр. Егер TeriAI жүйесінің тиімділігі ғылыми тұрғыда дәлелденсе, бұл цифрлық көмекші еліміздің мемлекеттік медициналық ұйымдарында да кеңінен қолданылуы мүмкін.

«Террикон алқабының» ақпараты бойынша

10 июля 2026
Астанада Decentrathon 5.0 хакатонының жеңімпаздарына арналған 12-апталық «GovTech Camp» инкубация бағдарламасы басталады

Астанада 12-апталық «GovTech Camp» бағдарламасының ресми ашылуы (Opening Day) өтті. Бағдарламаны Қазақстан Республикасы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің (ЖИЦДМ) және Astana Hub халықаралық технопаркінің қолдауымен, халықаралық inDrive компаниясымен бірлесіп Blockchain & AI Technology Center (BAITC) іске қосуда. Бастама мемлекеттік сектордың өзекті міндеттерін шешуге бағытталған.

inDrive компаниясы Decentrathon 5.0-де қалыптасқан ынтымақтастық желісін жалғастыра отырып, «GovTech Camp» бағдарламасының бас серіктесі болды. Компания сарапшылары тапсырмаларды қоюдан бастап дайын шешімдерді тексеруге дейін, соның ішінде негізгі тақырыптар бойынша топтық сессиялар мен әр командаға арналған жеке консультацияларды қамти отырып, командаларға бағдарламаның басынан аяғына дейін қолдау көрсететін болады. Бұл inDrive компаниясының Қазақстанның технологиялық экожүйесін дамыту бойынша мемлекетпен жүйелі жұмыс істеу бағытының жалғасы.

Бағдарламаның негізгі кезеңі 2026 жылдың 6 шілдесінен қыркүйек айының ортасына дейін өтеді. Бағдарламаға Decentrathon 5.0 хакатонының inDrive бағыты бойынша іріктелген 40 үздік команда қатысады. 12 апта бойы әзірлеушілер Астанада тұрып, саланың жетекші сарапшыларымен бірлесіп жұмыс істейді.

Қатысушылар inDrive компаниясы, inVision U университеті, ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі мен Астана қаласы әкімдігіне арналған технологиялық шешімдерді әзірлейді.

«Бүгінде мемлекет үшін мықты командалар мен болашағы зор шешімдерді анықтау ғана емес, сонымен қатар олардың мемлекеттік органдар мен ұйымдарда енгізіліп, кеңінен қолданылу деңгейіне дейін жетілдірілуіне қолайлы жағдай жасау ерекше маңызды. Мұндай формат әзірлеушілердің әлеуетін, бизнестің сараптамалық тәжірибесін және мемлекеттік сектордың нақты қажеттіліктерін бір арнаға тоғыстыруға мүмкіндік береді. Бұл жасанды интеллект пен цифрлық технологияларды дамыту басымдықтарына толық сай келеді, сондай-ақ Қазақстанда қолданбалы инновацияларды енгізудің жаңа мәдениетін қалыптастырады» — деп атап өтті Ростислав Коняшкин, Қазақстан Республикасы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің бірінші вице-министрі.

Бағдарламаның екінші негізгі бағыты inDrive экожүйесі мен inVision U университеті үшін технологиялық шешімдер құру болып табылады. Командалар халықаралық компанияның құрылымында қолдануға болатын жобалармен жұмыс істейтін болады.

«Decentrathon мықты командаларды, қызықты идеялар мен жұмыс гипотезаларын біріктірді. GovTech Camp — осы жұмыстың заңды жалғасы: 12 апта, нақты тапсырыс берушілер және шешімді прототиптен пилотқа дейін жеткізу үшін әдетте елордадан тыс жерде жетіспейтін ортаға қол жеткізу мүмкіндігі. Біздің мақсатымыз — тек жұмыс істейтін өнім жасау ғана емес, сонымен қатар командалардың өсуіне көмектесу. Қатысушыларға вакуумда емес, нақты деректермен, шектеулермен және мемлекеттік құрылымдар мен процестердің логикасымен жұмыс істеуді үйренуге жәрдемдесеміз. Біз өнімдерді дамыту, техникалық сараптама және қолданбалы инновациялар мәдениетін қалыптастыру бағыттарында қолдау көрсетеміз. Бұл тек технологияларға ғана емес, адамдарға жасалған инвестиция», — деп атап өтті inDrive CTO-сы Юрий Мисник.

GovTech Camp аясында жобаларды жан-жақты қолдауға ерекше назар аударылады. Қатысушылар сараптамалық ортаға, менторлық қолдауға, қажетті инфрақұрылымға қол жеткізіп, өз шешімдерін әлеуетті тапсырыс берушілермен тікелей жұмыс істеу арқылы жетілдіру мүмкіндігіне ие болады. Мұндай тәсіл командаларға жобалардың техникалық әлеуетін арттырып қана қоймай, нарықтың, мемлекеттік органдар мен ірі ұйымдардың цифрлық өнімдерді енгізуге қоятын талаптарын тереңірек түсінуге мүмкіндік береді.

Қатысушылар техникалық тапсырмаларды тікелей inDrive компаниясы, inVision U университеті, ҚР ЖИЦДМ және Астана қаласы әкімдігі өкілдерінен алып, жобаларды алғашқы күннен бастап іске асыруға кіріседі.

Бағдарлама қорытындысы бойынша үздік жобалар өз шешімдерін Орталық Азиядағы ең ірі технологиялық форум – AI & Digital Bridge 2026 аясында таныстырады. Шара отандық цифрлық технологияларды дамытуға, қысқа мерзімді хакатондар мен жобалық жарыстардан тұрақты технологиялық өнімдерді әзірлеуге көшуге, сондай-ақ Қазақстанның IT-қауымдастығын нығайтуға бағытталған.

07 июля 2026
2026 жылғы 7шілдесінде «Қарағанды облысының цифрлық технологиялар басқармасы» ММ сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру аясында семинар өтті

Ағымдағы жылдың 07 шілдесінде сағат 12:00-де Қарағанды қаласы, Ермеков көшесі, 73 мекенжайында «Қарағанды облысының цифрлық технологиялар басқармасы» мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі – Басқарма) қызметіндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне жүргізілген ішкі талдау нәтижелерін жария талқылау өткізілді.

Жария талқылаудың тақырыбы: «Басқарма қызметіндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне жүргізілген ішкі талдау нәтижелері туралы».

Осылайша, «Қарағанды облысының цифрлық технологиялар басқармасы» мемлекеттік мекемесінің 2026 жылғы 1 маусымдағы №34 бұйрығымен бекітілген жұмыс тобы 2026 жылғы 2 маусым мен 24 маусым аралығында Басқарма қызметіндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау жүргізді.

Басқармада сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау жүргізу туралы ақпарат «Қарағанды облысының цифрлық технологиялар басқармасы» мемлекеттік мекемесінің ресми интернет-ресурсында орналастырылды:
https://www.gov.kz/memleket/entities/karaganda-digital/press/news/details/1232024

Жария талқылау №4 «Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және оған қарсы іс-қимыл» үлгілік базалық бағытын (ҮББ-4) іске асыру жоспарын орындау шеңберінде өткізілді.

Жүргізілген талдау нәтижелері бойынша «Қарағанды облысының цифрлық технологиялар басқармасы» мемлекеттік мекемесінің қызметіндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне жүргізілген ішкі талдау нәтижелері бойынша талдамалық анықтама әзірленді.

Басқарма қызметіндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне жүргізілген ішкі талдау нәтижелерін жария талқылау барысында талдамалық анықтамада көрсетілген ұсынымдар барлық қатысушылар тарапынан қолдау тапты.

 

Социальные сети
Instagram
Меню подвал
ҚР Президентінің жолдаулары
ҚР Президентінің сайты
ҚР Премьер-Министрінің сайты
Цифрлық трансформация тұжырымдамасы
Өмірлік жағдайлар
ҚР Мемлекеттік рәміздері
Терминдер мен қысқартулар
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі
Экран дикторы
Жасанды интеллектті дамытудың 2024 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы