Сыртқы істер министрлігі және БҰҰ Өңірлік орталығы қарусыздану және ядролық қаруды таратпау мәселелерін талқылады

Сыртқы істер министрлігі және БҰҰ Өңірлік орталығы қарусыздану және ядролық қаруды таратпау мәселелерін талқылады

Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі Азия-Тынық мұхит өңірінде бейбітшілік және қарусыздандыру мәселелері бойынша БҰҰ Өңірлік орталығымен бірлесіп және Еуропалық Одақтың қолдауымен Ядролық қару үшін және басқа да ядролық жарылғыш заттар үшін Ыдырайтын материалды өндіруге тыйым салу туралы шарт (ЫМӨТШ) тақырыбы бойынша Оңтүстік және Орталық Азия елдері үшін семинар өткізді.

ЫМӨТШ-ті әзірлеу бойынша келіссөздер үдерісі ядролық қарудан азат әлемге қол жеткізу туралы Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасын іске асыруда маңызды элементтердің бірі болып табылады. Еліміздің ерекше тарихи рөлін және қарусыздану, ядролық қаруды таратпау саласында көшбасшы мемлекет мәртебесін ескере отырып, Қазақстан БҰҰ күш-жігерлерін қолдайды және ЫМӨТШ мәтінін әзірлеу бойынша дайындық үрдісіне белсенді түрде қатысады.

Аймақтық семинар БҰҰ Жоғары құрамындағы сарапшылар тобы және БҰҰ Қарусыздандыру мәселелері басқармасы іске асыратын ЫМӨТШ-ті әзірлеу бойынша консультативтік үдерісті дамыту, сонымен қатар келісімшартқа Азия-Тынық мұхит өңірін қоса алғанда барлық өңірдің елдерін кеңірек тарту мақсатында ұйымдастырылуда. Аталған іс-шара осыған ұқсас семинарлар сериясының бір бөлігі болып табылады. Мұндай семинарлардың бірі ағымдағы жылғы 27-28 наурыз кезеңінде БҰҰ аясында Бангкок қаласында өткен болатын.

Іс-шараның ашылуында ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Ержан Ашықбаев сөз сөйлеп, Қазақстанның жаһандық ядролық қарусыздану үрдісіне бейілділігін атап, сондай-ақ Мемлекет басшысының «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесінде баяндалған мақсаттар мен міндеттерге толық сай келетін ядролық қарудан азат әлемге қол жеткізудің маңызды құралы ретінде ЫМӨТШ-ті барынша жылдам түрде әзірлеудің маңыздылығына назар аударды.

Семинарға Азия Тынық мұхит өңірі мемлекеттерінің өкілдері, сондай-ақ ядролық қауіпсіздік саласындағы қазақстандық бейінді ведомстволардың сарапшылары қатысты.