Меню

Мобильная связь
Интернет
Фиксированная связь
Почтовая связь
Проверка качества сотовой связи
Выдача разрешений на использование радиочастотного спектра Республики Казахстан
Развитие новых технологий и инфраструктуры в области связи
Государственная политика в области связи
 «Шымкент қаласының жер қатынастары басқармасы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтау мақсатында жүргізілген ішкі талдаудың ТАЛДАМАЛЫҚ АНЫҚТАМАСЫ

 «Шымкент қаласының жер қатынастары басқармасы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтау мақсатында жүргізілген ішкі талдаудың

ТАЛДАМАЛЫҚ АНЫҚТАМАСЫ

 

Шымкент қаласы                                                                18 маусым 2026 жыл

 

Ішкі талдау жүргізу обьектісінің толық атауы:

«Шымкент қаласының жер қатынастары басқармасы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі (әрі қарай - Басқарма).

 

Ішкі талдау жүргізудің негіздері:

«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Қазақстан Республикасының 2015 жылғы 18 қарашадағы Заңы, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Төрағасының 2016 жылғы 19 қазандағы №12 бұйрығымен бекітілген Сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау жүргізудің үлгілік қағидалары және Шымкент қаласының жер қатынастары басқармасының 2026 жылғы 06 мамырдағы №20 н/қ бұйрығы.

Сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдаудың бағыттары:

1) ұйымдастырушылық- басқарушылық қызметіндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтау.

Сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдауды жүргізетін құрылымдық бөлімше, лауазымды тұлға (лауазымды тұлғалар) немесе жұмыс тобының персоналдық құрамы:

  1. А.Исламов – басқарма басшысы;
  2. Б.Омарханов – басқарма басшысының орынбасары;
  3. А.Камбаров – басқарма басшысының орынбасары;
  4. Н.Зайров–құқықтық қамтамасыз ету бөлімінің басшысы;
  5. Б.Ахметов–жер қатынастары саласы мониторинг бөлімі;
  6. А.Джумышиев –жер қатынастарын реттеу мен аукцион бөлімінің басшысы;
  7. Н.Шажалиев – жерлерді мемлекет мұқтажына қайтару бөлімінің басшысы;
  8. Д.Ертаев – жерлерді есепке алу бөлімінің басшысы;
  9. Н.Жұманәлі - құқықтық қамтамасыз ету бөлімінің бас маманы.

Ішкі талдауға өзге субъектілердің мамандары мен сарапшылары тартылған жоқ.

 

Сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдаумен қамтитын кезең: 2025 ж.-15.06.2026 ж.

 

Сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау жүргізу кезеңі: 13.05.2026– 15.06.2026 жыл.

 

Сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдауды жүргізуге және жұмыстың нәтижесіне басшылық, үйлестіру және жауаптылық жүктелетін сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау субъектісінің лауазымды тұлғасы: Н.Зайров

Сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау жүргізу.

Ұйымдастырушылық- басқарушылық қызметіндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтау.

Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтау бойынша талдау жұмыстарының сипаттамасы:

Шымкент қаласының жер қатынастары басқармасымен сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін ішкі талдау қорытындылары бойынша ұстанымдарын жою.

Басқарманың негізгі атқаратын функционалдық қызметінің бірі болып Шымкент қаласы аймағында әлеуметтік-экономикалық дамуына мүмкіндік беретін жерді тиімді пайдалануға, жер ресурстарын басқару мен жер қатынастарын мемлекеттік реттеу болып табылады.

Персоналды басқарумен байланысты сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтау (оның ішінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне шалдыққан лауазымдарды айқындау):

2025 жыл бойынша Басқарма 5 бөлімнен, 1 бағынысты мекемеден тұрған.

2025 жылы штат саны-28. Келісімшарт негізінде жұмыс істейтін қызметкерлер саны 23 құраған.

2026 жылдың 15 маусым айы бойынша Басқарма 5 бөлімнен тұрады.

Штат саны – 28 мемлекеттік қызметкер, келісім-шарт негізінде жұмыс істейтін қызметкерлер саны – 23 құрайды.

Талдау барысында, мемлекеттік қызметшілердің және келісім-шарт негізінде жұмыс істейтін қызметкерлердің жеке іс құжаттары ішінара қаралды. Нәтижесінде: іс құжаттарда кемшіліктер анықталмады.

Басқарманың барлық мемлекеттік қызметшілері қолданыстағы заңнамаға сәйкес, белгіленген мерзімде жыл сайынғы кіріс пен мүлік туралы декларацияны тапсырмау және заңмен белгіленген тиісті шектеулері қабылдамау фактілері анықталмады.

250 формада декларация тапсыру бойынша:

2025 жылы мемлекеттік қызметкерлердің нақты 28 (штат бойынша 28, бос орын 0) және келісім-шарт негізінде жұмыс жасайтын нақты 23 (штат бойынша 23, бос орын 0) қызметкерлердің барлығы тапсырған.

2026 жыл 15.06 кезең бойынша Келісім-шарт негізінде жұмыс жасайтын нақты – 23 (штат бойынша 23 бос орын 0) қызметкерлердің барлығы тапсырған.

2025 жылы тәртіптік жауапкершілікке 17 мемлекеттік қызметшілер тартылған.

Ағымдағы жылдың 15 маусымында тәртіптік жауапкершілікке
5 мемлекеттік қызметшілер тартылған.

Ұсыным: Басқармада жұмыс атқаратын мемлекеттік және келісім-шарт негізінде қызмет атқаратын қызметшілердің сыбайлас жемқорлыққа қарсы мінез-құлқын қалыптастыру бойынша тұрақты түрде түсіндіру жұмыстары жүргізілсін.

 

Мүдделер қақтығысымен байланысты сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтау: Мүдделер қақтығысының белгілері анықталған жоқ.

Мемлекеттік көрсетілетін қызметтермен байланысты сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтау:

2025 жылы Басқармада мемлекеттік көрсетілетін қызметтері тізіліміне сәйкес 9 мемлекеттік қызмет көрсетілген, жалпы саны - 45770 құрайды.

Ал, 2026 жылдың 15 маусымын қоса алғанда Басқармада мемлекеттік көрсетілетін қызметтер тізіліміне сәйкес 9 мемлекеттік қызмет көрсетілген, жалпы саны– 16836  құрайды. Оның ішінде:

  • жер учаскелерін қалыптастыру жөнінде жерге орналастыру жобаларын бекiту-12391;
  • іздестіру жұмыстарын жүргізу үшін жер учаскелерін пайдалануға рұқсат беру-45;
  • жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгертуге шешім беру-1301;
  • жер учаскелерінің бөлінетіндігі мен бөлінбейтіндігін айқындау-269;
  • жер учаскесін жеке меншікке ақысын бірден төлеп не бөліп төлеуге сату-700;
  • жер учаскесінің жалдау мерзімін ұзарту-789;
  • еркін жер учаскесін сауда-саттыққа (аукционға) шығару туралы ұсыныс берген кезде жер учаскелерін сату бойынша сауда-саттықты (аукциондарды) немесе жер учаскелерін электрондық түрде жалға алу құқығын ұйымдастыру және өткізу жолымен жер учаскесіне құқықтарды сатып алу-4;
  • бүлінген жерлерді қалпына келтіру жобасын келісу және беру-0
  • республикалық маңызы бар қала, астана, облыстық және аудандық маңызы бар қалалар шегінде жер учаскесіне құқықтар алу-1337.

        Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі-ҚР ӘРПК) 7 бабы, 1,2 бөліктеріне сәйкес, әкімшілік орган, лауазымды адам әкімшілік рәсімдерді өз құзіреті шегінде және Қазақстан Республикасының Конституциясына және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес жүзеге асырады.

        Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2020 жылғы                    1 қазандағы № 301 бұйрығымен жер қатынастары саласындағы мемлекеттік қызметтерді көрсету жөніндегі қағидалары (бұдан әрі-Қағида) бекітілген.

        Қағида талаптарына сәйкес, тиісті мемлекеттік қызмет көрсетуден бастарту үшін негіздер болған кезде, көрсетілетін қызметті алушыға осы Қағидаларға 3-қосымшадағы нысан бойынша мемлекеттік қызметті көрсетуден бас тарту туралы алдын ала шешім туралы хабарлама жіберіледі, онда көрсетілетін қызметті алушыға алдын ала шешім бойынша ұстанымын білдіру мүмкіндігі үшін тыңдалым өткізудің уақыты мен орны (тәсілі) көрсетіледі.

      Тыңдалым туралы хабарлама мемлекеттік қызмет көрсету мерзімі аяқталғанға дейін 3 (үш) жұмыс күнінен кешіктірілмей жіберіледі. Тыңдалым хабарлама жасалған күннен бастап 2 (екі) жұмыс күнінен кешіктірілмей жүргізіледі.

      Тыңдалым нәтижелері бойынша көрсетілетін қызметті беруші қолайлы әкімшілік акт немесе мемлекеттік қызмет көрсетуден уәжді бас тарту туралы шешім қабылдайды.

        Мемлекеттік қызмет алушыларға мемлекеттік қызмет көрсетуден бастарту туралы алдын ала хабарлама тиісті түрде жеткізілмеуі салдарынан, алдын ала шешімге өз ұстанымын білдіру мүмкіндігі берілмей, Басқарма тарапынан ҚР ӘРПК-нің талаптары өрескел бұзылуда.

        ҚР ӘРПК-нің 79 бабына сәйкес әкімшілік акт заңды әрі негізделген, түсіну үшін анық болуға, бірізді қолдануды қамтамасыз етуге, оның қолданылатын адамдар қатарын толық айқындауға тиіс.

        Алайда, Басқармамен әкімшілік істі дұрыс қарау үшін маңызы бар нақты мән-жайларды жан-жақты, толық объективті зерттеу үшін шаралар қабылдамайды.

        Басқармамен мемлекеттік қызмет көрсетуден бас тарту үшін Қағиданың 1-қосымшасының 9-тармағында көзделген бас тарту негіздері болмағанына қарамастан, заңсыз және жеткілікті түрде негізделмеген шешімдер қабылдану фактілері орын алуда.

        ҚР ӘРПК талаптарына сәйкес барлық күмәндар, қайшылықтар мен көмескіліктер әкімшілік рәсімге қатысушының пайдасына түсіндіріледі.

        Осыған байланысты, әкімшілік орган мемлекеттік қызмет көрсету және әкімшілік актілер қабылдау барысында заңдылық, әділдік, мөлшерлестік, әкімшілік қалау шектерін сақтау, анықтық презумпциясы, сондай-ақ әкімшілік актілердің біркелкілігі қағидаттарын қатаң басшылыққа алуы тиіс.

        Әсіресе, ұқсас құқықтық жағдайларда әртүрлі шешімдер қабылдауға жол бермеу, қабылданатын әкімшілік актілердің заңды, негізді, түсінікті және уәжді болуын қамтамасыз ету қажет.

        Аталған жағдайларды алдын алып, мемлекеттік қызметтер бойынша бас тарту, қолайлы әкімшілік акт қабылдаған өтініштерге тоқсан сайын талдау жүргізу және бас тарту негіздерінің қайталану себептерін анықтап, жүйелі проблемаларды жою бойынша шаралар қабылдау.

        Мемлекеттік қызмет көрсету барысында бюрократия мен әуре-сарсаң көріністеріне жол бермеу қажет.

        Сонымен қатар, бір мемлекеттік қызмет бойынша бір өтінішке қатысты әртүрлі негіздермен бірнеше рет бас тарту фактілерін сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің индикаторлары ретінде айқындау орынды. Мұндай жағдайларға тұрақты мониторинг жүргізу қызмет алушылардың құқықтарының бұзылуының алдын алуға, негізсіз әкімшілік кедергілерді азайтуға, өтініштерді қарау сапасын арттыруға және мемлекеттік қызмет көрсету процесін оңтайландыруға мүмкіндік береді.

        Сондай-ақ, қайталама бас тартулардың себептеріне талдау жүргізіп, олар бойынша жүйелі сипаттағы кемшіліктер анықталған жағдайда тиісті ұйымдастырушылық және құқықтық шаралар қабылдау қажет. Бұл өз кезегінде мемлекеттік қызметтер көрсету кезінде заңдылық, ашықтық және тиімділік қағидаттарының сақталуын қамтамасыз етеді.

        Қорытындылай келе, әкімшілік рәсімдердің барлық кезеңдерін сақтай отырып, көрсетілетін қызметті алушыға өз ұстанымын білдіруге мүмкіндік беру, тыңдалым өткізу және қабылданатын шешімнің құқықтық әрі нақты негіздемесін толық көрсету қажет. Бұл өз кезегінде негізсіз бас тартулардың алдын алуға, азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерінің сақталуын қамтамасыз етуге және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендетуге ықпал етеді деп санаймыз.        

        Ұсыным:

        -Мемлекеттік қызмет көрсетуден бас тарту туралы шешімдер қабылдау кезінде Қағиданың 1-қосымшасының 9-тармағында көзделген негіздердің толық және жан-жақты зерделенуі қамтамасыз етілсін, ал күмәнді немесе даулы жағдайларда қосымша тексеру жүргізу тәжірибесі енгізілсін;

        - Қызметкерлерге ҚР ӘРПК қағидаттарын, оның ішінде заңдылық, әділдік, мөлшерлестік, анықтық презумпциясы және әкімшілік актілердің біркелкілігі қағидаттарын сақтау бойынша түсіндірме жұмыстары ұйымдастырылсын;

        - Мемлекеттік қызмет көрсету кезінде қабылданатын әкімшілік актілердің заңдылығы, негізділігі бойынша тұрақты мониторинг жұмыстары жүргізілсін.

 

        Мемлекет мұқтажы үшін жер учаскелерін иеліктен шығарумен байланысты сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтау:

        2025 жылы қала бойынша нысандардың құрылысын жүргізу үшін мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығару туралы 406 жер учаскесі мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығарылды.

        -327 жер учаскесі бойынша алынатын алаңы 142,7 га құрап, мемлекет мұқтажы үшін иеліктен шығару туралы шарт негізінде 7.5 млрд.теңге қаржы төленген.

        -53 жер учаскесі бойынша алынатын алаңы 11,8 га құрап, тең бағалы жер учаскесі берілген.

        -11 жер учаскесі бойынша алаңы 46 га құрап, сот шешімі негізінде өтемақысыз қайтарылған.

        -8 жер учаскесі бойынша алаңы 247 га құрап, меншік иелерінің өз еркімен бас тартуына байланысты өтемақысыз қайтарылған.

        2026 жылдың 15 маусымына дейінгі аралығында жалпы 54 жер учаскесі мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығарылды.

        -50 жер учаскесіне, алынатын алаңы 7,2 га мемлекет мұқтажы үшін
1,4 млрд.тг өтемақы төленді;

        -4 жер учаскесіне тең бағалы жер учаскесі берілді.

        Жер - ұлттық қазына, сондықтан ол меншіктің ол ерекше меншік объектісі болып табылады және мемлекеттің қорғауында болады.

        Қоғамдық маңызы бар мақсаттарға қол жеткізу үшін «Мемлекеттік мүлік туралы» Заңның 1-бабының 24) тармақшасының талаптарына сәйкес мемлекет мұқтажы үшін иеліктен шығару рәсімі бюджет қаражатының есебінен заңсыз байытудың көзі болмауы керек.

        «Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігі туралы» Заңының                           6-бабының 11) тармақшасына сәйкес стратегиялық ресурстарды ел мүдделерiне кереғар пайдалануды қоса алғанда, мемлекеттiң экономикалық қауiпсiздiгiне нұқсан келтiру ұлттық қауіпсіздіктің негізгі қауіп-қатерлерінің бірі болып табылады.

        Маңызды нысандардың құрылысы үшін Басқармамен жер телімдерін мемлекет мұқтажына қайтару бойынша тұрақты жұмыстар атқарылуда.

        Құқықтық қамтамасыз ету бөлімімен (бұдан әрі-Бөлім) жүргізілген талдау барысында мемлекет мұқтажы үшін жер учаскелерін мәжбүрлеп иеліктен шығару кезінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдері көп жағдайда иеліктен шығарылатын жер учаскелері мен оларда орналасқан жылжымайтын мүліктің нарықтық құнын айқындау үшін бағалау cатысында және есебін қабылдау кезеңінде туындауы ықтимал.

        Басқарма тарапынан көрсетілетін қызметтерді сатып алу туралы шарттарға сәйкес жылжымайтын мүлікті бағалау қызметтері сатып алынады. Аталған қызметтердің нәтижесі ретінде бағалаушы тарапынан ұсынылатын бағалау есебі мемлекет мұқтажы үшін иеліктен шығарылатын мүліктің құнын және меншік иесіне төленетін өтемақы мөлшерін айқындау кезінде негізгі құжаттардың бірі болып табылады.

        Бағалау есебінің сапасы, онда пайдаланылған бастапқы деректердің дұрыстығы, салыстырмалы объектілердің негізді таңдалуы, бағалау әдістерінің дұрыс қолданылуы және қорытынды нарықтық құнның объективтілігі жеткілікті деңгейде тексерілмеген жағдайда, өтемақы мөлшерінің негізсіз төмендетілуі немесе ұлғайтылуы мүмкін.

        Мұндай жағдайлар меншік иелерінің құқықтарының бұзылуына, бюджет қаражатының тиімсіз жұмсалуына, сот дауларының көбеюіне, қосымша сот сараптамаларын тағайындауға және мемлекет тарапынан төленетін шығындардың артуына алып келуі ықтимал.

        Осыған орай, мемлекет мұқтажы үшін жер учаскесін мәжбүрлеп иеліктен шығару туралы талап қою сотқа жолданғанға дейін ұсынылған бағалау есебінің нарықтық құнын балама ретінде алынған жер учаскелерінің нысаналы мақсаты мен алаңына зерделеу жұмыстарын жүргізу ұсынылады.

        «Мемлекеттік мүлік туралы» Заңның 65-бабының 14-тармаққа сәйкес жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін алып қоюға байланысты мемлекет мұқтажы үшін иеліктен шығарылатын жер учаскесін немесе өзге де жылжымайтын мүлікті нақты беру мәжбүрлеп иеліктен шығарған кезде иеліктен шығарылатын мүлікке қатысты құқықтары тоқтатылатын немесе шектелетін меншік иесі немесе мемлекеттік емес жер пайдаланушы осы Заңда белгіленген тәртіппен жүргізілген тең бағамен өтеуді алғаннан кейін ғана жүзеге асырылуы мүмкін.

        Қазақстан Республикасы Конституциясының 26-бабының 3-тармағына сәйкес ешкім сот шешімінсіз өз мүлкінен айырылмайды. Заңмен көзделген ерекше жағдайларда мемлекет мұқтажы үшін мүліктен күштеп айыру оның құны тең бағамен өтелген кезде ғана жүргізілуі мүмкін.

        Жер учаскесінің мемлекет мұқтажы үшін тек бір бөлігі иеліктен шығарылған жағдайда, жер учаскесінің қалған бөлігіне меншік иесінің құқығы сақталады және уәкілетті органдар сол құқықты тіркеу, сәйкестендіру және жерге орналастыру рәсімдерін уақтылы жүргізу арқылы оның құқықтық жағдайын қалпына келтіруге міндетті.

        Егер мемлекет мұқтажы үшін жердің тек бір бөлігі ғана алынған болса, қалған бөлігі меншік иесінің иелігінде сақталады. Мемлекеттік органдар ол жерді кадастрдан алып тастауға, басқа тұлғаларға немесе мемлекеттік мекемелерге беруге құқылы емес.

        Мысал ретінде, Т.Т.Куанышбековке жалпы алаңы 0,25 га құрайтын жеке меншік құқығымен табысталған жер учаскелерінің бір бөлігі мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығарылған.

        Алайда меншік иесіне қалуға тиіс жер учаскелерінің қалған бөліктеріне қатысты құқықтарды қалпына келтіру, қайта сәйкестендіру және кадастрлық деректерді өзектендіру бойынша тиісті шаралар уақтылы қабылданбаған. Соның салдарынан жер учаскесі туралы мәліметтер мемлекеттік жер кадастрының автоматтандырылған ақпараттық жүйесінен және жылжымайтын мүлік тіркелімдерінен алынып тасталған.

        Нәтижесінде меншік иесінде қалған алаңы құқықтық кадастрда бос жер ретінде көрініс тауып, әкімдік қаулылары негізінде өзге тұлғаға құқық табысталған.

        Тең бағалы жер учаскесін беру кезінде оның құқықтық мәртебесін, бос екендігін, кадастрлық сәйкестігін және үшінші тұлғалардың құқықтарының бар-жоғын алдын ала тексерудің бірыңғай алгоритмінің болмауы және мемлекет мұқтажы үшін иеліктен шығарылған жер учаскелері бойынша құқықтарды тоқтату және жаңа құқықтарды тіркеу рәсімдерінің өзара үйлестірілмеуі салдарынан меншік иелерінің құқықтарын әкімшілік тәртіппен қалпына келтіруді қиындатып, сот дауларының туындауына, мемлекеттік органдардың шешімдеріне сенімнің төмендеуіне және жер қатынастары саласында сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің сақталуына ықпал етеді.

        Ұсыным:

        - мемлекет мұқтажы үшін жер учаскесінің бір бөлігі ғана алынған жағдайда меншік иесінің иелігінде қалған жер бөлігіне қатысты құқықтарды рәсімдеу тәртібіне бастамашылдық жасау;

        - мемлекет мұқтажы үшін жер учаскесін мәжбүрлеп иеліктен шығару туралы талап қою сотқа жолданғанға дейін ұсынылған бағалау есебінің нарықтық құнын балама ретінде алынған жер учаскелерінің нысаналы мақсаты мен алаңына зерделеу жұмыстарын жүргізу;

        -тең бағалы жер учаскелерін беру рәсімін нақтылау мақсатында мемлекет мұқтажы үшін жер учаскелерін мәжбүрлеп иеліктен шығару рәсімдерін жүргізудің бірыңғай қағидаларын әзірлеу бойынша бастамашылдық таныту.

 

 

          Жерлерді есепке алумен байланысты сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтау:

        Шымкент қаласы аумағы бойынша жер телімдеріне зерделеу жүргізілген.

        Жалпы қала аумағында бұрын салынған құжатсыз тұрып жатқан                   2314 тұрғын құрылыстар анықталған (Абай ауданы – 1493, Әл-Фараби – 53, Еңбекші ауданы – 251, Қаратау ауданы – 234, Тұран ауданы - 283). Заңды-1831, заңсыз-483.

        Жалпы, қала бойынша жарамсыз - 187 құрылыс нысаны аудан әкімдіктерімен және құзырлы мекемелермен жұмыс тобының шешіміне сәйкес бірлесе бұзылды.

        Абай ауданында - 141, (оның ішінде Достық м/а: 98) 

        Қаратау ауданында – 42, 

        Еңбекші ауданында – 4.

        Алдағы уақытта тұрмайтын және тұруға жарамсыз 296 құрылыс қалып отыр. Тұруға жарамды – 1831 құрылыс бойынша заңдастыру мәселесі,  сот арқылы меншік құқығы танылған кезде шешіледі.

        Аталған мәселенің алдын алу және болдырмау мақсатында келесідей жұмыстар жүргізілді:

        Қала аумағындағы мемлекет жерін құжатсыз өз бетінше иеленіп                     2314 заңсыз соғылған үйлер анықталған болатын, 2026 жылдың 5 айында аудан әкімдігімен бірлесе түгендеу жұмыстары жүргізілді.

        Заңсыз соғылған тұрғын үйлерді сотпен талап арыздары қанағаттандырылған жағдайда тұрғын үй орналасқан жер телімін берілу мүмкіндігін хабарлау бойынша өтініштері түсіп қаралу барысында, жер қатынастары басқармасы және аудан әкімдіктерімен бірлесе тұрғын үйдің басына шығып құрылыстың жарамды немесе жарамсыз екендігіне талдау жасалып, суретке түсіріліп берілу мүмкіндігі бойынша жауап ұсынылуда.

        Игерілмей жатқан немесе нысаналы мақсатына сай пайдаланылмай жатқан жер учаскелерін Қазақстан Республикасы Жер кодексінің                       92-94 баптарының талаптарына сай, құзыреттілігіне сәйкес тиісті жұмыстар жүргізу үшін Шымкент қаласының жер ресурстарын басқару департаментіне 5 айда 147 жер телімі жолданды.

        Қала аумағында мақсаты бойынша пайдаланылмай отырған жер учаскелерінің бар екендігіне қарамастан, оларды уақтылы анықтау, есепке алу және мәжбүрлеп алып қоюға бағытталған шаралар толық көлемде жүргізілмеген.

        Сонымен қатар, қала аумағында жер учаскелерін өз бетінше иелену мәселесі өзекті проблемаға айналған.

        Жосықсыз тұлғалардың жер учаскесіне құқық алу мақсатында жерді өз бетінше иеленуді жалғастырып, қысқа мерзімде құрылыс жүргізіп, кейіннен оны заңдастыруды талап ету тәуекелі бар екендігі атап өтілген.

        Алайда жүргізілген зерделеу барысында мұндай тәуекелдердің әлі де сақталып отырғаны анықталды. Атап айтқанда, Достық шағын ауданында 2023 жылы тек іргетасы құйылған жер учаскесінде қазіргі уақытта тұрғын үй құрылысы жүргізілгені анықталған.

        Осыған ұқсас жағдай Ынтымақ-2 шағын ауданында да орын алған. Шымкент қаласының жер қатынастары басқармасына тиесілі кадастрлық №22-327-018-801, алаңы 24 га жер учаскесінде 2024 жылы іргетас күйінде болған 3 объектінің қазіргі уақытта құрылысы аяқталғаны анықталған.

        Аталған мән-жайлар Басқарма мен аудан әкімдіктері тарапынан жер учаскелерін өз бетінше иеленуді болдырмау, заңсыз құрылыстарды ерте кезеңде анықтау және олардың әрі қарай салынып кетуіне жол бермеу бағытындағы мониторинг іс-шараларының жеткілікті деңгейде жүргізілмегенін көрсетеді.

        Бұл өз кезегінде жер учаскелерін өз бетінше иелену фактілерінің жалғасуына, кейіннен заңсыз құрылыстарды заңдастыру туралы талаптардың көбеюіне, мемлекеттік жер қорын тиімді басқаруға кедергі келтіруге және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің туындауына алып келеді.

        Осыған байланысты жер учаскелерін өз бетінше иелену фактілерін ерте кезеңде анықтау мақсатында аудан әкімдіктерімен, жергілікті полиция қызметімен, сәулет және жер қатынастары саласындағы уәкілетті органдармен бірлескен тұрақты мониторинг жүргізу қажет.

        Одан бөлек, құжатсыз салынған тұрғын құрылыстардың көптеп анықталуы аудан әкімдіктері, жергілікті полиция қызметі және уәкілетті органдар арасында алдын ала анықтау, ескерту және жолын кесу бағытындағы үйлестіру жұмыстарын жетілдіру қажет деп санаймыз.

        Ұсыныс:

        -мемлекеттік жерді өз бетінше иелену фактілерін ерте кезеңде анықтау бойынша аудан әкімдіктерімен және полиция қызметімен бірлескен тұрақты рейдтік іс-шаралар ұйымдастыру;

        -мемлекетке қайтарылған, бос жатқан  және игерілмеген жер учаскекері бойынша арнаулы есеп жүргізу;

        -жерді өз бетінше иеленудің алдын алу бойынша түсіндіру жұмыстарын күшейту және салдары туралы тиісті түрде тұрақты түсіндіру жұмыстарын жүргізу;

        - мемлекет мұқтажы үшін иеліктен шығарылатын жер учаскелерінің орнына тең бағалы жер учаскелерін ұсыну мақсатында алдын ала тексерілген бос жер учаскелерінің арнайы резервтік тізілімін қалыптастыру және ұдайы жетілдіріп отыру;.

 

        Ішкі бақылаудың нәтижесі бойынша келесі бұзушылықтар анықталды:

        Мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің мерзімдерін бұзу бойынша келесі фактілер анықталды.

        «Жер учаскесін жалдау мерзімін ұзарту» мемлекеттік қызмет көрсету бойынша:

        Жер Кодекстің 37-бабының 2-2-тармағына сәйкес өз міндеттерін тиісінше орындаған, республикалық маңызы бар қала, астана, облыстық және аудандық маңызы бар қала шегінде орналасқан жер учаскесін уақытша өтеулі жер пайдаланушының (жалдаушының), егер Қазақстан Республикасының заңдарында немесе уақытша (қысқа мерзімді, ұзақ мерзімді) өтеулі жер пайдалану (жалдау) шартында өзгеше белгіленбесе, осы Кодекстің 44-2-бабы 4-тармағының 2), 3), 4) және 7) тармақшаларында белгіленген талаптарды қоспағанда, егер осы Кодексте өзгеше көзделмесе, жер учаскесінің шекаралары өзгермеген жағдайда осы Кодекстің
44-2-бабында көзделген тәртіппен жаңа мерзімге шарт жасасуға құқығы бар

        Атап айтқанда, қолайлы әкімшілік актілерді қабылдау барысында жер учаскелерінің нақты орналасқан жері, құқықтық мәртебесі, құқық иеленушілері туралы мәліметтер, құқықтық кадастр деректері және мүдделі тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделеріне әсер ететін мән-жайлар жан-жақты зерделенбеген. Сонымен қатар, әкімшілік рәсімдерге қатысуға құқығы бар мүдделі тұлғалардың қатысуы тиісті деңгейде қамтамасыз етілмеген.

        Нәтижесінде прокуратура органдарымен заңдылықтың бұзылу фактілері анықталып, сот тәртібімен Шымкент қаласы әкімдігінің бірқатар қаулылары заңсыз немесе ішінара жарамсыз деп танылған.

        Жер учаскесін құрылыс мақсатында беру кезінде Қазақстан Республикасы Жер кодексінің 44-1-бабында көзделген рәсімдердің, оның ішінде жер учаскесінің нақты шекараларын белгілеу және құқықтық жағдайын толық зерделеу талаптарының сақталу қажет.

        «Республикалық маңызы бар қала, Астана, облыстық және аудандық маңызы бар қалалар шегінде жер учаскесіне құқықтар алу» мемлекеттік қызмет көрсету бойынша:

        Қағида талаптарына сәйкес мемлекеттік қызмет көрсету екі кезеңнен тұрады.

        Бірінші кезең: сұралып отырған жер учаскесін мәлімделген нысаналы мақсаты бойынша пайдалану мүмкіндігін айқындау, жер учаскесін таңдау актісін дайындау, сәулет-жоспарлау тапсырмасын, инженерлік желілерге қосылуға техникалық шарттарды және топографияны жасау - 28 (жиырма сегіз) жұмыс күні ішінде, екінші кезең: көрсетілетін қызметті алушы жер учаскесін таңдау актісін келісу және жер-кадастрлық жұмыстардың қызметтері үшін ақы төлеу кезінде жер-кадастрлық жоспарды қоса бере отырып, жер учаскесіне жер пайдалану құқығын беру туралы шешім шығару, уақытша (қысқа мерзімді, ұзақ мерзімді) өтеулі (өтеусіз) жер пайдалану шартын жасау - 18 (он сегіз) жұмыс күні ішінде жүзеге асырылады.

        Басқарманың заң бөлімімен жүргізілген талдауы нәтижесінде мемлекеттік қызмет алушыларды өтінімін қарау барысында мемлекеттік қызмет көрсету мерзімдерінің бұзылғаны анықталды.

        Атап айтқанда, өтініштер Қағидада көзделген екі кезеңнен толық өткеніне және жер учаскесіне құқық беру туралы қаулы жобасын дайындау сатысына жеткеніне қарамастан, уәкілетті орган тарапынан тиісті әкімшілік акт қабылданбаған әрі заңнамада белгіленген мерзімдерде мемлекеттік қызмет көрсету нәтижесі ұсынылмаған.

        Осының салдарынан әкімшілік рәсімдер аяқталмай қалып, көрсетілетін қызметті алушылардың өтініштері бойынша түпкілікті шешімдер қабылдау мерзімдері бұзылған.

        Аталған мән-жайлар сот актілерімен де расталған. Атап айтқанда, Шымкент қаласының мамандандырылған әкімшілік сотының шешімімен Ж.Омарбаевтың өтінішін қарау барысында мемлекеттік қызмет көрсету мерзімдерінің сақталмағаны, өтініштің екі кезеңнен өткенімен жер учаскесіне құқық беру туралы тиісті әкімшілік акт қабылданбағаны және әкімшілік рәсімнің аяқталмағаны анықталып, әкімдіктің әрекетсіздігі заңсыз деп танылған.

        Сондай-ақ Шымкент қаласының мамандандырылған әкімшілік сотының шешімімен Н.Ізбасардың өтініші бойынша жер учаскесіне құқық беру туралы мәселені қарау кезінде мемлекеттік қызмет көрсету мерзімдерінің бұзылғаны, өтініш бойынша заңда белгіленген мерзімдерде шешім қабылданбағаны және негізсіз дәлелді бас тарту шығарылғаны анықталып, уәжді бас тарту заңсыз деп танылған.

        «Жер учаскелерін қалыптастыру бойынша жерге орналастыру жобаларын бекіту» бойынша:

        Талдау нәтижесінде жерге орналастыру жобаларын бекіту жөніндегі өтініштерді қарау барысында әкімшілік рәсімдерді жүргізу тәртібі мен заңнама талаптарының бұзылған жағдайлары анықталды.

        Атап айтқанда, кейбір өтініштер бойынша көрсетілетін мемлекеттік қызмет рәсімі барысында:

        -өтініштерді қарау кезінде әкімшілік рәсімдердің толық және жан-жақты жүргізілмегені;

        -мемлекеттік қызмет көрсетуден бас тарту туралы әкімшілік актілердің тиісті құқықтық негіздермен дәлелденбегені;

        -ӘРПК талаптарында көзделген тыңдалым рәсімдерінің сақталмағаны;

қабылданған шешімдерде бас тарту негіздерінің нақты көрсетілмегені анықталды.

        Аталған кемшіліктерге сот актілерімен де құқықтық баға берілген.

        Басқарма тарапынан Ж.Алиевтің жерге орналастыру жобасын бекіту жөніндегі өтінішін қарау кезінде Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің №301 бұйрығымен бекітілген Қағида талаптарына сәйкес құжаттарды тексеру міндетін толық орындамаған. Атап айтқанда:

        -жерге орналастыру жобасын бекіту кезінде сол жер учаскесіне қатысты бұрын қабылданған жерге орналастыру жобасы туралы мәліметтер ескерілмеген;

        -мемлекеттік ақпараттық жүйелердегі жылжымайтын мүлікке құқықтарды растайтын, жер учаскесіне құқық белгілейтін және сәйкестендіру құжаттары туралы мәліметтер тиісті деңгейде тексерілмеген;

        -бір жер учаскесіне қатысты екі тұлғаға жерге орналастыру жобасын бекітуге жол берілген;

        Аталған жағдай екі тұлға арасында құқықтық дау туындауына себеп болған.

        ҚР ӘРПК талаптарына сәйкес әкімшілік орган мемлекеттік қызмет көрсету кезінде істің нақты мән-жайларын жан-жақты, толық және объективті зерттеуге, ұсынылған мәліметтердің дұрыстығын тексеруге және заң талаптарына сәйкес шешім қабылдауға міндетті.

        Бұдан басқа, мемлекеттік қызмет көрсетуден бас тарту үшін заңды негіздер болған жағдайларда көрсетілетін қызметті алушыларға алдын ала шешім туралы хабарлама жолдау және тыңдау рәсімдерін өткізу талаптары сақталмаған. Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің 73-бабының талаптарына қарамастан, бірқатар жағдайларда тыңдау рәсімдері өткізілмеген немесе формальды түрде жүргізілген.

        Аталған заң бұзушылықтардың салдарынан прокуратура органдарымен ден қою актілері енгізіліп, заң бұзушылықтарды жою туралы нұсқамалар жолданған. Сонымен қатар соттармен жеке ұйғарымдар шығарылып, жауапты лауазымды тұлғалар тәртіптік жауапкершілікке тартылған.

        Жер учаскелерін мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығару рәсімдері бойынша:

        Бөліммен сот актілерін талдау барысында мемлекет мұқтажы үшін иеліктен шығарылатын жер учаскелерінің нарықтық құнын айқындау кезінде де тәуекелдердің бар екендігі анықталды.

        Атап айтқанда, Басқарма тарапынан ұсынылған тәуелсіз бағалаушының бағалау есебі кейбір жағдайларда жер учаскесінің нақты нарықтық құнын толық әрі объективті айқындамайтыны байқалады. Бағалау есебінің сапасы, ұқсас жер учаскелерінің дұрыс таңдалуы, бағалау әдістерінің негізді қолданылуы және есептің өзектілігі алдын ала жеткілікті деңгейде тексерілместен, аталған есеп соңғы әрі дұрыс ақпарат ретінде қабылданып, оның негізінде сотқа талап қою жолданады.

        Сот барысында тағайындалған сараптама қорытындылары арасында елеулі айырмашылықтар орын алған. Мұндай жағдайларда сот қосымша немесе комиссиялық сараптама тағайындауға мәжбүр болады, бұл істің қаралу мерзімін ұзартуға, қосымша сот шығындарының туындауына және мемлекет тарапынан төленетін өтемақы мөлшерінің едәуір ұлғаюына алып келеді.

        Осыған байланысты мемлекет мұқтажы үшін жер учаскесін мәжбүрлеп иеліктен шығару туралы талап қою сотқа жолданғанға дейін бағалау есебінің негізділігі тексерілуге тиіс деп санаймыз.

        Сонымен қатар, талдау барысында жер учаскелерін беру және мемлекет мұқтажы үшін иеліктен шығарылған мүліктің орнына тең бағалы жер учаскелерін табыстау рәсімдерінде бақылаудың жеткіліксіздігі мен ақпараттық жүйелердегі деректердің сәйкестігін қамтамасыз ету мәселелеріне қатысты тәуекелдер де анықталды.

        Атап айтқанда, Ж.К.Алиевке қатысты қаралған әкімшілік іс барысында бір жер учаскесінің екі түрлі тұлғаға рәсімделуіне алып келген әкімшілік рәсімдердегі кемшіліктер анықталған.

        Мемлекет мұқтажы үшін жер учаскесін мәжбүрлеп иеліктен шығару кезінде меншік иесіне тең бағалы жер учаскесін беру механизмі Қазақстан Республикасының жер заңнамасында жалпы қағидалармен көзделгенімен, нақты қандай жер қорынан, қандай кезектілікпен және қандай өлшемдер бойынша тең бағалы жер учаскесі таңдалатыны жөніндегі бірыңғай нақты алгоритм толық айқындалмаған.

        Г.А.Райымкуловқа берілген жер учаскесі мемлекет мұқтажы үшін алынған жер учаскесінің орнына тең бағалы жер ретінде ұсынылғанымен, оны таңдаудың қандай рәсім арқылы жүргізілгені, аталған жер учаскесінің нақты қандай жер қорынан алынғаны, оның бұрынғы құқықтық мәртебесі және басқа тұлғалардың заңды мүдделеріне әсер етуі толық тексерілмеген.

        Егер тең бағалы жер учаскесін беру арнайы жер қорынан немесе мемлекеттік жер қорынан жүзеге асырылатын болса, ол жердің бос екендігі, үшінші тұлғалардың құқықтары жоқтығы, жерге орналастыру құжаттарының дұрыстығы алдын ала анықталуы қажет.

        Әкімдік мемлекет мұқтажы үшін алынған жер учаскесінің орнына басқа тұлғаға жер беру туралы шешім қабылдағанымен, кейін дәл сол аумақта орналасқан жер учаскесіне Ж.К.Алиевке де Әкімдіктің №4905 қаулысының 1.156-тармағы негізінде жеке меншік құқығы берілген.

        Егер мемлекет мұқтажы үшін алынған жердің орнына берілетін тең бағалы жер учаскелері арнайы жер қорынан қалыптастырылып, олар бойынша алдын ала құқықтық сараптама, кадастрлық сәйкестік және бос жер учаскесі ретінде тексеру жүргізудің нақты рәсімі белгіленген жағдайда, аталған заңбұзушылықтың орын алуына жол берілмес еді.

        Жерлерді есепке алу бойынша:

        Басқармамен аудан әкімдіктері тарапынан жер учаскелерін өз бетінше иеленуді болдырмау, заңсыз құрылыстарды ерте кезеңде анықтау және олардың әрі қарай салынып кетуіне жол бермеу бағытындағы мониторинг іс-шараларының жеткілікті деңгейде жүргізілмегенін көрсетеді.

        Бұл өз кезегінде жер учаскелерін өз бетінше иелену фактілерінің жалғасуына, кейіннен заңсыз құрылыстарды заңдастыру туралы талаптардың көбеюіне, мемлекеттік жер қорын тиімді басқаруға кедергі келтіруге және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің туындауына алып келеді.

        Осыған байланысты жер учаскелерін өз бетінше иелену фактілерін ерте кезеңде анықтау мақсатында аудан әкімдіктерімен, жергілікті полиция қызметімен, сәулет және жер қатынастары саласындағы уәкілетті органдармен бірлескен тұрақты мониторинг жүргізу қажет.

        Одан бөлек, құжатсыз салынған тұрғын құрылыстардың көптеп анықталуы аудан әкімдіктері, жергілікті полиция қызметі және уәкілетті органдар арасында алдын ала анықтау, ескерту және жолын кесу бағытындағы үйлестіру жұмыстарын жетілдіру қажет деп санаймыз.

 

 

        Бақылау функцияларды жүзеге асырумен байланысты сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтау: Басқармада «Бақылау функциялары» жоқ.

        Бюджет және қаржы қаражатын игеру және бөлу:

        Басқармаға 2025 жылға 3 млрд 680 млн 659 мың теңге қаражат жергілікті  бюджет  есебінен қарастырылған.

        2026 жылға 2 млрд. 778 млн. 867 мың теңге қаражат жергілікті бюджет есебінен қарастырылған.

        Басқарманың мемлекеттік қызметкерлеріне 22-наурыз мерекесіне  орай басқарма басшысының 18.03.2025 жылғы  №08-ж/қ  бұйрығы  негізінде 9 438 841 теңге  көлемінде  сыйақы және «9-Мамыр-Жеңіс күні» мемлекеттік мекемесіне орай 05.05.2025 жылғы №04-ж/қ бұйрығымен 13 100 665 теңге төленді.

        Басқарманың келісім-шарт негізіндегі қызметкерлеріне 22-наурыз мерекесіне орай басқарма басшысының 18.03.2025 жылғы №08-т/қ бұйрығы негізінде 4 650 527 теңге көлемінде сыйақы және «9-Мамыр-Жеңіс күні» мемлекеттік мекемесіне орай 05.05.2025 жылғы №16-т/қ бұйрығымен 4940120 төленді.

        Сыйақы төлеу барысында сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің белгілері орын алмаған (үйлестірілген көлемінде және ресімдеу процесінде);

       

        Мемлекеттік сатып алу бойынша:

№

Тәсіл

Мемлекеттік сатып алу саны

Соммасы теңге

2026 жыл 15 маусымына дейін

1

Ашық конкурс

2

1 168 536

2

Өткізілмеген мемлекеттік сатып алу бойынша бір көзден сатып алу

4

4 564 960

3

Бір көзден, оның ішінде «Азаматтарға арналған үкімет» МеАҚ

15

535 909 419

4

Баға ұсыныстарын сұрату

44

4 409 112

 

Барлығы

65

546 052 027

 

Талдау барысында мемлекеттік сатып алу бойынша жұмыстары қолданыстағы заң талаптарына сәйкес өткізілгендігі және құқық бұзушылыққа ықпал ететін жағдайлар мен сыбайлас жемқорлық тәуекелдері анықталмады.

 

         Сыбайлас жемқорлық тәуекелдері, құқық бұзушылық туралы ақпарат анықталмады.

 

Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жою бойынша

Ұсынымдар

 

Ішкі талдау қорытындысы бойынша 10 ұсыныс бекіту ұсынылған. Атап айтқанда:

 

         1) Басқарма тарапынан әзірленетін қала әкімдігінің қаулы жобаларын келісуде мемлекеттік қызмет алушыға өтінімнің келісу схемасын онлайн қолжетімділікті қамтамасыз ете отырып, https://shymkent.qujat.gov.kz/ жүйесіне тиісті интеграция жұмысын жүргізу;

         2) Мемлекеттік қызмет көрсетуден бас тарту туралы шешімдер қабылдау кезінде қолданыстағы заңнамада көзделген негізінде толық және жан-жақты зерделенуін қамтамасыз ету, күмәнді немесе даулы жағдайларда қосымша тексеру жүргізу тәжірибесін енгізу;

         3) Мемлекет мұқтажы үшін бір бөлігі алынған жер учаскелерінің меншік иесінде қалған бөлігі бойынша жеке электрондық тізілім қалыптастырылып, жер учаскелеріне қатысты барлық мәліметтер қамтылған жүйе қалыптастыру мақсатында бастамашылдық таныту;

         4) Мемлекет мұқтажы үшін жер учаскесін мәжбүрлеп иеліктен шығару туралы талап қою сотқа жолданғанға дейін ұсынылған бағалау есебінің нарықтық құнын балама ретінде алынған жер учаскелерінің нысаналы мақсаты мен алаңына зерделеу жұмыстарын жүргізу;

         5) Мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығарылған жер учаскесінің орнына тең бағалы жер учаскелерін беру рәсімін жүргізудің бірыңғай қағидаларын әзірлеу бойынша бастамашылдық таныту.

         6) Әр аптаның бірінші жұмыс күні Басқарма қызметкерлерін сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, болдырмау және оның салдарлары туралы хаттамаға қол қойдыру арқылы түсіндірме жұмыстарын жүргізу;

         7)Мемлекеттік мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығарылған жер учаскелерін құқықтық кадастр деректер қорынан тіркеуден мерзімінде шығару әрекеттерін жүргізу үшін бұйрықпен жауапты маман бекіту;

         8) Қала аумағында өз бетінше иелік еткен жер учаскелеріне жүйелі мониторинг жүргізу үшін уәкілетті органдармен бірлескен жұмыс тобын құру;

         9) Қала аумағында нысаналы мақсатына сай пайдаланылмаған жер учаскелерінің меншік иелеріне ескерту хабарламалар жолдап, қолданыстағы заңнамаға сәйкес шара қабылдау үшін құзырлы органдарға жолдауды қамтамасыз ету;

         10) ҚР Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің талаптарын қатаң сақтай отырып, жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау, әкімшілік актілерді қабылдау және олардың орындалу тәртібіне ведомстволық бақылауды күшейту;

         11) Осы талдамалық анықтаманы жария талқылау жүргізілгеннен кейін басқарма басшысына ұсынып, басқарманың ресми интернет ресурсында жариялауды қамтамасыз етілсін;

    12) Сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ұшыраған лауазымдардың тізбесі сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау жүргізудің үлгілік қағидаларына 1-қосымшасына сәйкес бекітілсін;

   13) Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін ішкі талдау нәтижелері бойынша анықталған сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар жасауға ықпал ететін себептер мен жағдайларды жою жөніндегі іс-шаралар жоспары Сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау жүргізудің үлгілік қағидаларына 2-қосымшасына сәйкес бекітілсін;

         14) Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін ішкі талдау қорытындылары бойынша енгізілген ұсынымдардың орындалуы туралы ақпарат Сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау жүргізудің үлгілік қағидаларына                           3-қосымшасына сәйкес Шымкент қаласы әкімінің аппаратына ұсынылсын.

  

Документы
Новости
Полезные материалы
Медиагалерея
События
Реализуемые проекты
Услуги
Организации
Часто задаваемые вопросы

Социальные медиа

Меню подвал

Послания Президента РК
Сайт Президента РК
Сайт Премьер-Министра РК
Концепция цифровой трансформации
Жизненные ситуации
Государственные символы РК
Термины и обозначения
Служба центральных коммуникаций при Президенте РК
Экранный диктор
Концепция развития искусственного интеллекта на 2024 – 2029 годы