Қазақстан мен Катар инвестициялық ынтымақтастықты нығайтуда

Қазақстан мен Катар инвестициялық ынтымақтастықты нығайтуда

Мемлекет басшысының Доха қаласына сапары қарсаңында ҚР СІМ Инвестициялар комитетінің төрағасы Ғабидулла Оспанкұлов катарлық «JTA International Investment Holding», «UR Tranzit» және «Al Fakhama Al Arabiya For Project and Trading Services» сияқты компаниялардың басшылығымен бірқатар кездесулер өткізді. Кездесулер барысында тараптар Қазақстанда бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыру аясындағы ынтымақтастық перспективаларын талқылады.

 

Мәселен, JTA инвестициялар жөніндегі директоры Иман Сафармен өткен кездесуде Ғ. Оспанкұлов компанияның халықаралық жобаларды қаржыландырудағы тәжірибесін талқылады. 2010 жылы құрылған бұл компания бизнес пен ауқымды жобалар үшін инновациялық инвестициялық шешімдер ұсынуға маманданған. JTA еншілес компаниялары энергетика, құрылыс, инновациялар, туризм, көлік, денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы және азық-түлік қауіпсіздігі сияқты негізгі салаларды қамтиды. Катар мен Ұлыбританиядағы корпоративтік орталықтары бүкіл топтың стратегиялық басқаруын және құрылымдық дамуын қамтамасыз етеді. 

 

UR Tranzit компаниясының негізін қалаушы Абделрахман Мұсамен өткен кездесуде тараптар Қазақстандағы инвестициялық жобаны іске асыруға арналған компанияның перспективалық жоспарларын талқылады. 2024 жылғы 1 қарашада өткен Қазақстанның жаһандық инвестициялар жөніндегі дөңгелек үстелі (KGIR-2024) аясында катарлық компания ҚР ИИДМ, «Бәйтерек» ҰБХ және «KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ өкілдерімен кездесу өткізіп, Қарағанды облысында аккумулятор өндіруді ұйымдастыру үшін «QazTechna» ЖШС-мен ынтымақтастық мүмкіндігін талқылаған болатын. UR Tranzit – электр көліктерінің мобильділігі саласындағы жетекші компания, ол көлік құралдарын жобалау мен өндіруден бастап, инфрақұрылым құру мен сатудан кейінгі қолдауға дейінгі толық шешімдер жиынтығын ұсынады. Компания портфолиосында коммерциялық және жолаушылар электр көліктері, электробустар, электр жүк көліктері, сондай-ақ литий аккумуляторлары, зарядтау станциялары, энергия сақтау жүйелері мен жаңартылатын энергияға арналған шешімдер өндірісі бар. 

Al Fakhama Al Arabiya компаниясының бас директоры Мұстафа Әл-Ананимен өткен келіссөздер барысында Ғ. Оспанкұлов Қазақстандағы инвестициялық қызығушылық тудыратын салаларды талқылады. Al Fakhama Al Arabiya азық-түлік өнеркәсібінде ет, азық-түлік өнімдері, жаңа піскен жемістер мен көкөністерді саудалау сияқты қызметтердің кең спектрін ұсынады. Сондай-ақ компания қоршаған ортаның ластануын азайтуға ықпал еткен қауіпсіз қалдықтарды қайта өңдеуге бағытталған бірқатар жобаларды жүзеге асырды.

Дереккөз: invest.gov.kz