«Қазақстан» республикалық телерадиокорпорациясы жаңа маусымда ақпараттық-сараптамалық, қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық, мәдени-рухани және ойын-сауық бағытындағы бірқатар жобаны көрерменге ұсынады.
«Qazaqstan» телеарнасында «Ақпарат», «Апта», «Prime Era», «Ізгілік формуласы», «Жасампаз ұлт» және «Таза сана» бағдарламалары жалғасады. Жаңа жобалардың қатарында мемлекеттік бағдарламалардың орындалу барысы мен қолдау шараларының тиімділігін саралайтын «Жауапты мемлекет», жаңа әлеуметтік, индустриялық және инновациялық нысандар туралы «Қарқынды құрылыс», елдегі маңызды реформалар мен мемлекеттік бастамалар жайлы «Қазақстан антологиясы» бар. «Бір елдің перзенттері» жобасында түрлі этнос өкілдерінің ел дамуына қосқан үлесі айтылып, «Құрылтай» бағдарламасында заң шығару саласындағы өзекті мәселелер сөз болады.
Сонымен қатар араға 20 жыл салып, «SuperStar» музыкалық байқауы эфирге қайта оралады. Жаңа маусымда медицина, цифрлық қауіпсіздік, заң үстемдігі, еңбек адамы, кәсіпкерлік, отбасы құндылықтары мен экологиялық мәдениет тақырыптарын қозғайтын жеті отандық телехикая жарық көреді. Деректі фильмдер қатарын «Алтын Орда», «Шабандоз», «Үстірт арқары», «Өзен жағалап…», «Шыңында өскен Алтайдың» және «Соңғы алма» туындылары толықтырады.
«Balapan» телеарнасы күзгі маусымда «Жас кемеңгер» зияткерлік жобасын, ұлттық спорт түрлерін насихаттайтын «Балалар бәйгесі» бағдарламасын және «Чемпион» ситком-сериалын ұсынады.
«Қазақ радиосының» жаңа маусымында заң шығару үдерісі, Құрылтай мен Халық кеңесінің қызметі туралы «Заң мен тәртіп», сыртқы саясат пен халықаралық ынтымақтастық жайлы «Елдестірмек елшіден» және «Хит-парад» немесе «Ән шеру» музыкалық жобасы эфирге шығады. Сондай-ақ тыңдарманға «Тұңғыштар», «Таңғажайып Алматы» бағдарламалары мен мәдениет және спорт жаңалықтарын қамтитын апталық «Афиша» дайджесі ұсынылады.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі
Елімізде балаларға арналған ұлттық контентті дамытуға баса мән беріліп келеді. Балалар мен жасөспірімдерге арналған, 96 жылдық тарихы бар республикалық «Ұлан» газеті ulandigital.kz цифрлық платформасын іске қосты.
Жаңа сайт оқушыларға материал оқумен қатар, контент әзірлеуге де мүмкіндік береді. «Хат жазамын» бөлімі арқылы жас авторлар өз мақалаларын, өлеңдерін және басқа да шығармашылық жұмыстарын редакцияға бірнеше минут ішінде жолдай алады. Ай сайын белсенді қатысушылар арасынан үздік тілші анықталып отырады.
Платформада балаларға журналистиканың негіздерін жеңіл тілмен түсіндіретін медиа мектеп те бар. Онда балалар ақпаратпен жұмыс істеудің қыр-сырын меңгеріп, материал әзірлеу және кәсіби этика негіздерімен танысады. Ал «Ержеттім… Бойжеттім…» айдары жасөспірімдермен ашық әрі сенімді байланыс орнатуға арналып, мұнда редакция әр жазбаны жеке қарайды, әрі жолданған хаттар жарияланбайды.
Платформа толықтай қазақ тілінде әзірленіп, балаларға арналған қауіпсіз цифрлық орта ретінде жұмыс істейді. Сайтта сыртқы жарнама орналастырылмаған. Пайдаланушылар редакция туралы ақпаратпен танысып, тікелей байланыс орната алады, сондай-ақ газеттің баспа және PDF нұсқасына жазылуға болады.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі
Астанада Euronews халықаралық жаңалықтар арнасының қазақ тілінде ақпарат таратуына орай ресми таныстырылым өтті. Қазақ тілі Euronews арнасында тұрақты хабар таратылатын 14 тілдің қатарына қосылды. Бұл – Орталық Азия халықтарының тілдері арасында алғаш рет жүзеге асқан бастама.
Таныстырылымға Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат бірінші вице-министрі Қанат Ысқақов, Euronews директорлар кеңесінің төрағасы Педро Варгас Давид және Euronews агенттігінің Астанадағы бюро жетекшісі Боян Бркич қатысты.
Іс-шара барысында Мәдениет және ақпарат бірінші вице-министрі Қанат Ысқақов бұл жобаның мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуге, отандық ақпарат кеңістігін дамытуға және қазақтілді аудиторияның халықаралық сапалы ақпарат тұтынуына ықпал ететінін атап өтті.
«Euronews телеарнасының қазақ тіліндегі ақпарат тарата бастауы – еліміздің ақпарат кеңістігі үшін айтулы оқиға. Әлемдегі жетекші халықаралық жаңалықтар арналарының бірі алғаш рет Қазақстанның мемлекеттік тілінде халықаралық жаңалықтарды тұрақты түрде ұсынатын болады», – деді Қанат Ысқақов.
Өз кезегінде Euronews директорлар кеңесінің төрағасы Педро Варгас Давид қазақ тіліндегі жаңалықтардың іске қосылуы арнаның көптілді хабар тарату аясын кеңейтуге және әлемнің әр түкпіріндегі аудиторияға тәуелсіз халықаралық ақпаратқа еркін қол жеткізуіне бағытталған ұстанымының айқын көрінісі екенін айтты.
«Қазақстан – Орталық Азиядағы негізгі серіктестеріміздің бірі. Осы жобаны жүзеге асыруға көрсеткен қолдауы үшін Қазақстан Республикасының Үкіметіне алғысымызды білдіреміз. Екіжақты әріптестігіміз алдағы уақытта да табысты жалғасатынына сенімдімін», – деді Педро Варгас Давид.
Жоба кезең-кезеңімен жүзеге асырылады. Алғашқы кезеңде қазақ тіліндегі жаңалықтар жұмыс күндері Euronews-тің YouTube арнасында жарияланып тұрады. Алдағы уақытта қазақ тіліндегі жаңалықтар өзге де медиаплатформаларда, оның ішінде телеэфирде де кезең-кезеңімен көрерменге жол тартады. Сондай-ақ Euronews халықаралық жаңалықтарының шамамен 90 пайызы қазақ тіліне бейімделіп ұсынылады.
Сонымен қатар 6-8 шілде аралығында Астанада Euronews-тің Азия елдеріндегі редакцияларының алғашқы өңірлік семинары өтіп жатыр. Қатысушылар өңірлік редакциялар арасындағы әріптестікті нығайту, кәсіби тәжірибе алмасу және Euronews желісінің Азиядағы жұмыс аясын кеңейту мәселелерін талқылауға бас қосты.
Еске салайық, Euronews-тің Астанадағы кеңсесі 2024 жылдың күзінде жұмысын бастады. Бүгінде ол халықаралық телеарнаның жергілікті бағдарламаларын әзірлейтін әрі әлемнің түкпір-түкпіріне таратылатын өңірлік контентті дайындайтын маңызды орталықтың қызметін атқарып келеді.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі
28 маусым – Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күні. Кәсіби мереке қарсаңында Астанада сала қызметкерлеріне мемлекеттік наградаларды табыстау рәсімі өтті.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен еліміздің ақпарат саласын дамытуға елеулі үлес қосқан журналистер, редакторлар, продюсерлер, тележүргізушілер, фототілшілер мен отандық журналистиканың ардагерлері мемлекеттік наградалармен марапатталды.
Сала үздіктерінің бірқатарына наградаларды Мемлекет басшысы жеке өзі табыстады. Сондай-ақ Қазақстан Республикасы Президентінің атынан бұқаралық ақпарат құралдарының қызметкерлеріне мемлекеттік наградаларды ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева табыс етті.
Сала өкілдерін кәсіби мерекемен құттықтаған Аида Балаева Мемлекет басшысының сөзін мысалға келтірді.
«Бүгін Қазақстан Президенті бұқаралық ақпарат құралдарының ардагерлері мен жас журналистерге мемлекеттік наградаларды табыстады. Осы орайда Мемлекет басшысының сөйлеген сөзінен бір үзінді келтіргім келеді. Бұл сөздер бүкіл медиа саласының еңбегіне берілген жоғары баға деп білемін. «Бұл кәсіби мерекенің ел өмірінде алатын орны айрықша. Себебі журналистер қауымы – ең алдымен қоғамның жаршысы әрі шынайы жанашыры. Сіздер әрдайым халықтың көкейінде жүрген өзекті мәселелерді көтеріп, жұрт мүддесіне адал қызмет етіп келесіздер. Қазіргі жаһандық технология дамыған заманда азаматтарға жедел, сапалы әрі шынайы ақпарат тарату, ұтымды сараптама ұсыну да журналистер қауымына жүктелген абыройлы міндет саналады. Мемлекет сіздердің ерен еңбектеріңізді жоғары бағалайды.Ел Президенті ретінде бүгін мен барша медиа саласы мамандарына шынайы ризашылығымды білдіремін», – деді Мемлекет басшысы. Шын мәнінде, кейінгі жылдары елімізде ауқымды саяси реформалар жүзеге асырылды. Осы үдерісте бұқаралық ақпарат құралдарының атқарған рөлі айрықша болды. Мемлекеттік бастамалардың, бағдарламалар мен арнайы жобалардың табысты іске асуы көп жағдайда қоғамның қолдауына байланысты. Ал сіздер мемлекет пен қоғамды, билік пен халықты жалғаған алтын көпір ретінде аса маңызды миссияны атқарып келесіздер», – деді Премьер-министрдің орынбасары.
Елімізде медиа саласын жүйелі жаңғырту жұмыстары жалғасып келеді. Атап айтқанда, 2023 жылы цифрлық платформалардың қызметін реттеуге және интернет-жарнама нарығының ашықтығын қамтамасыз етуге бағытталған «Онлайн-платформалар және онлайн-жарнама туралы» Заң қабылданды. Ал 2024 жылғы маусымда күшіне енген «Масс-медиа туралы» Заң саланы дамыту үшін заманауи құқықтық жағдай қалыптастырып, сөз бостандығының кепілдіктерін нығайтты.
Биылғы 1 шілдеден бастап күшіне енетін Жаңа Конституцияда сөз бостандығының, ақпарат алу құқығының және дербес деректерді қорғаудың кепілдіктері күшейтіліп, ашық әрі жауапты ақпараттық кеңістікті дамытуға берік негіз қаланды.
Бүгінде Қазақстанның медиа саласы елдегі маңызды қоғамдық институттардың біріне айналды. Республикада 5 303 бұқаралық ақпарат құралы тіркелген. Оның ішінде 3 181 мерзімді баспасөз басылымы, 253 телеарна, 97 радиостанция, сондай-ақ 1 457 ақпарат агенттігі мен желілік басылым бар.
Кәсіби мерекеге орай сала қызметкерлері «Құрмет» орденімен, «Ерен еңбегі үшін», «Шапағат» медальдарымен және «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталды. Сондай-ақ бірқатар медиа саласының өкіліне «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағы берілді.
Марапатталғандар тізімі:
Виктор Федюнин – «ҚазАқпарат» халықаралық агенттігінің фототілшісі – «Құрмет» ордені.
Төреғали Тәшенов – журналистика ардагері – «Құрмет» ордені.
Тимур Касабеков – «Qazaqstan» ұлттық телеарнасының арнайы жобалар тобының арт-директоры – «Құрмет» ордені.
Бекен Қайратұлы – «Егемен Қазақстан» республикалық газеті» ЖШС аға тілшісі – «Құрмет» ордені.
Гуляим Төлешева – «Казахстанская правда» республикалық газеті» АҚ жауапты хатшысы – «Құрмет» ордені.
Базарбек Түкібаев – Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті» КеАҚ оқытушысы – «Құрмет» ордені.
Сәуле Алдамұратқызы – «Abay TV» телеарнасының продюсер-редакторы – «Ерен еңбегі үшін» медалі.
Әлия Баймұхамедова – «Media Holding Atameken Business» ЖШС бас директорының орынбасары – «Ерен еңбегі үшін» медалі.
Тамара Вааль – «Vласть» интернет-журналының елордалық бюросының шеф-редакторы – «Ерен еңбегі үшін» медалі.
Советхан Жагиев – журналистика ардагері – «Ерен еңбегі үшін» медалі.
Айгүл Жүнісова – «ЭРА» телекомпаниясы» ЖШС директорының орынбасары – «Ерен еңбегі үшін» медалі.
Оңалтай Қуандық – «7 арна» телеарнасының шеф-редакторы – «Ерен еңбегі үшін» медалі.
Анар Омарова – «7 арна» телеарнасының шығарушы редакторы – «Ерен еңбегі үшін» медалі.
Виталий Попов – «Мир» мемлекетаралық телерадиокомпаниясы ақпарат қызметінің бас редакторы – «Ерен еңбегі үшін» медалі.
Анар Каринтаева – «Media Holding Atameken Business» ЖШС шеф-редакторы – «Ерен еңбегі үшін» медалі.
Жомарт Оспан – «Егемен Қазақстан» республикалық газеті» ЖШС бөлім меңгерушісі – «Ерен еңбегі үшін» медалі.
Серғали Балажан – журналист – «Шапағат» медалі.
Алексей Буренков – «7 арна» телеарнасының шығарушы редакторы – «Шапағат» медалі.
Динара Қарбаева – «7 арна» телеарнасының шығарушы режиссері – «Шапағат» медалі.
Ибрагим Орынбеков – «Хабар» агенттігі» АҚ өңірлік тілшілер желісінің редакторы – «Шапағат» медалі.
Әлия Шермағамбетова – «24KZ» телеарнасы жаңалықтар бөлімінің жүргізушісі – «Шапағат» медалі.
Ғабидолла Мүсіреп – «Егемен Қазақстан» газетінің бас редакторы – «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағы.
Марал Байғара – «24KZ» телеарнасы жаңалықтар бөлімінің авторы әрі жүргізушісі – «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісі.
Илья Рыбин – «Медиа дамыту қоры» корпоративтік қоры арнайы жобалар департаментінің директоры – «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісі.
Гүлайым Мұхамбетжанова – «Талдау және ақпарат орталығы» РМК директорының орынбасары – «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісі.
Сергей Стебневский – «7 арна» телеарнасы бас директорының орынбасары – «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісі.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі
«Қазақстан» телерадиокорпорациясының құрамындағы салалық телеарналар көктемгі телемаусымда мазмұндық бағытын жаңартып, көрерменге сапалы әрі сан қырлы контент ұсынды.
Qazsport телеарнасы спорт жанкүйерлеріне әлемдік деңгейдегі ірі жарыстарды тікелей эфирде көрсетуді жалғастырады. Арна тәулігіне 12-14 сағат тікелей эфирде жұмыс істейді. Алдағы уақытта футболдан әлем чемпионаты, жазғы Азия ойындары және өзге де халықаралық турнирлер көрермен назарына ұсынылмақ.
Abai TV телеарнасы жаңа маусымға 17 жоба дайындады. Олардың қатарында ұлттық музыканы насихаттайтын «Қосалқа» бағдарламасы бар. Жобада күйшілік және әншілік мектептердің ерекшеліктері, сондай-ақ олардың көрнекті өкілдерінің шығармашылығы таныстырылады. Халық жадында көмескі тарта бастаған көне жауһар күйлер мен әуендер қайта жаңғырып, көрерменге жаңа қырынан ұсынылады. Сонымен қатар арна эфирінен «Опера крупным планом», «Пока все вместе», «Өрнек» және «Пайым» жобалары көрсетіледі. Телеарна контентінің шамамен 30 пайызы ғылым бағытына арналған. Атап айтқанда, «Ғылым тілі», «Время науки», «Ғылым жаңалықтары» бағдарламалары тұрақты түрде эфирге шығады. Бұдан бөлек, «Сарасөз», «Үркер», «Ұмытпаймыз», «Вечные ценности» жобалары өз жалғасын табады.
Balapan телеарнасы ұсынған жаңа жобалардың қатарында «Сұлтан Бейбарыс. Мысыр құпиялары» анимациялық сериалы мен Отан қорғаушылар күніне орай әзірленген алғашқы әскери-патриоттық «Шекарашы балақай» мультхикаясы бар. Сонымен бірге «Әл-Фараби», «Экобек», «Теңгетай», «Кел, балалар, оқылық!» сияқты бірқатар жобаның дайындық жұмыстары басталды.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі
Алматыдағы ҚР Ұлттық кітапханасында «Шалқар» радиосының 60 жылдығына арналған салтанатты жиын өтті. Іс-шара аясында мерейтойға орай жарық көрген «Ұлттың үнбайрағы» атты кітап таныстырылды.
Іс-шараға Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев, ҚР Мәдениет және ақпарат бірінші вице-министрі Қанат Ысқақов, радио саласының ардагерлері мен қызметкерлері, зиялы қауым өкілдері қатысты.
Салтанатты жиында Мемлекет басшысының құттықтау хаты оқылды. Сонымен қатар, радионың дамуына үлес қосқан ардагерлер мен қызметкерлерге марапат табысталды.
Бұдан бөлек, мерейтой аясында қазақтың тұңғыш радиодикторы, Қазақ радиосының ардагері, Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген мәдениет қызметкері Мина Сейітова атындағы дикторлар байқауы жарияланды. Байқау шарттары туралы толық ақпаратпен «Шалқар» радиосының сайтынан танысуға болады.
Айта кетейік, наурыз айының басында Алматы қаласындағы «Радио үйі» ғимаратында толық жөндеуден өткен студия ашылып, оған қазақтың тұңғыш радиодикторы Мина Сейітованың есімі берілді.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі
ҚР МАМ Ақпарат комитеті 2026 жылғы 10 ақпанда сағат 16:00-де реттеуші құралдардың және (немесе) талаптардың реттеушілік әсеріне талдау жүргізу және пайдалану қағидаларына сәйкес (Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 30 қарашадағы № 748 бұйрығымен бекітілген) телерадио хабарларын таратудың ұлттық операторы тарататын еркін қолжетімді теле-, радиоарналардың тізбесіне енгізілген теле-, радиоарналар үшін міндеттерін белгілеу бөлігінде, сондай-ақ телерадио хабарларын тарату мақсаты үшін жиілік белдеулерін, радиожиіліктерді (радиожиілік арналарын) бөлу жөніндегі конкурс жеңімпаздарының міндеттерін белгілеу бөлігінде «Масс-медиа туралы» Қазақстан Республикасының Заңына реттеуші құралдардың реттеушілік әсерін талдау нәтижелері бойынша қоғамдық талқылаулар өткізу жоспарланғанын хабарлаймыз.
6-22 ақпан аралығында Италияның Милан және Кортина-д-Ампеццо қалаларында XXV қысқы Олимпиада ойындары өтеді.
Төртжылдықтың басты додасы «Qazaqstan», «Qazsport», «Хабар» және «Jibek Joly» республикалық арналарынан тікелей эфирде көрсетіледі.
Ақ ойындарда 8 спорт түрінен 116 медаль жиынтығы сарапқа салынады. Бүгінде Қазақстан үш спорт түрі – шорт-трек, конькимен жүгіру және мәнерлеп сырғанаудан олимпиадалық квоталардың иегері атанды.
Қысқы Олимпиадалар тарихында тұңғыш рет жарыстарды ресми түрде қос қала қабылдайды. Италия төрінде 100-ге жуық елдің 3000 спортшысы өнер көрсетеді деп жоспарланып отыр.
Олимпиада кезінде түсірілім топтары дүбірлі додадан эксклюзивті хабар таратады. Сонымен қатар «Qazaqstan» мен «Qazsport» арналарынан күн сайын «Олимпиада күнделігі», «Qazsport» телеарнасынан тікелей эфирде «Милан – Кортина 2026» студиялық бағдарламасы көрерменге жол тартады.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі
Еліміздің медиасаласында заманауи технологияларды пайдалану бойынша журналистерге арналған тренингтер сериясы аяқталды. Екі ай бойы іс-шаралар Шымкент, Ақтау және Алматы қалаларында өтті. Оған елдің тоғыз өңірінен 50-ден астам БАҚ өкілі қатысты.
Тренинг бағдарламасы тәжірибе жүзінде кәсіби дағдыларды дамытуға бағытталды. Атап айтсақ, контентті әртүрлі платформаларға бейімдеу, фактчекинг, деректерді талдау және редакциялық жұмыста цифрлық құралдарды пайдалану үйретілді. Басымдық мультимедиялық контентке, медиаэтикаға, сондай-ақ жасанды интеллект құралдарын енгізу мен әлеуметтік желілермен жұмыс істеуге берілді.
Жоба Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі мен «Кселл» АҚ арасындағы ынтымақтастық туралы меморандум аясында жүзеге асырылды.
Тренингке қатысушылар тапсырмалар орындап, кейстерді талдап, оқыту соңында жобаларды қорғады.
Спикерлер қатарында «Кселл» АҚ және Ericsson компаниясының өкілдері болды. Олар телекоммуникация саласының дамуындағы жаңашылдықтарды айтып, цифрлық трансформацияны халыққа жеткізуде БАҚ рөлін ерекше атап өтті.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі
Анкарада Қазақстан, Әзербайжан, Қырғызстан, Түркия, Өзбекстан, Мажарстан және Түрікменстан өкілдерінің қатысуымен Түркі мемлекеттеріндегі жалған ақпаратпен күрес тақырыбына арналған форум өтуде.
Форумның мақсаты – ақпараттық саясатқа жауапты мемлекеттік органдар, БАҚ өкілдерін, академиялық қауымдастықты, коммуникация саласындағы сарапшылар мен журналистерді біріктіре отырып, түркі елдері арасында тиімді коммуникациялық платформа құру және жалған ақпаратпен күрес бойынша ынтымақтастықты нығайту.
Аталмыш форум Түркі мемлекеттер арасындағы өзара байланысты нығайта отырырып, цифрлық дәуірдің мүмкіндіктерін пайдалануға сеп болатын ауқымды алаңға айналуды мақсат етеді.
ҚР Мәдениет және ақпарат вице-министрі Қанат Ысқақов Қазақстан жалған ақпаратпен күрес бағытында Түркі мемлекеттері арасындағы ынтымақтастықты қолдайтынын атап өтті. Себебі елдер арасындағы тіл мен мәдени жақындық ортақ ақпараттық кеңістік қалыптастырады.
Мемлекет Қазақстандағы жалған ақпаратпен күрес шараларын ұдайы назарда ұстайды. Бұл мәселені Президент бірнеше рет маңызды басымдық ретінде атап өтті.
Сондай-ақ форум аясында Қанат Ысқақовтың Түркия Республикасы Президенті Әкімшілігінің Коммуникациялар басқармасының басшысы Бурханеттин Дуранмен кездесуі өтті.
Жиын барысында ақпараттық ортадағы екіжақты ынтымақтастық бойынша өзекті мәселелер талқыланды.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі