Бас әскери прокуратурада қадағалау жұмысы қорытындыланды

Бас Прокурордың орынбасары Жандос Өмірәлиевтің қатысуымен Бас әскери прокуратураның алқасында 2024 жылдың бірінші жартыжылдығындағы жұмысы қорытындыланды.

Отырысты ашқан Бас Прокурордың орынбасары әскери прокуратура органдарының өткен кезеңдегі жұмысының оң нәтижелерін атап өтті.

Қадағалау шараларымен бюджетке 1,5 млрд теңге өтелді, мемлекетке 1,2 млрд теңге сомасындағы активтер қайтарылды.

Әскери қызметкерлердің 5 мыңнан астам отбасы мүшелерінің әскери медициналық мекемелерде медициналық көмек алу құқығы қалпына келтірілді.

Ден қою актілері бойынша 1 миллиард теңгеден астам сот шешімдері орындалды.

Қылмыстық істерді тергеу және сотта қарау кезінде азаматтардың конституциялық құқықтарының бұзылуына жол берілмеді.

Отырыс қорытындысы бойынша Бас әскери прокурор Дастан Секенов аймақтар мен гарнизондардың прокурорларына алдағы кезеңге қадағалау қызметінің басым бағыттары бойынша, оның ішінде әскери қызметшілер мен кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғауды, қару-жарақ пен оқ-дәрілердің сақталуын қамтамасыз ету, мемлекетке келтірілген залалды өтеу және активтерді қайтару, әскери қылмыстың алдын алу, есірткі, алаяқтық, азаптау және тұрмыстық зорлық-зомбылық қылмыстарына қарсы күресу міндеттерін қойды.

Бас әскери прокуратура