Сарбаздың арызы бойынша қылмыстық іс қозғалды

Ағымдағы жылдың 8 қыркүйегінде әлеуметтік желілерде 5573 әскери бөлімінің қатардағы мерзімді қызметшісі К.Е. Шабуниннің сол әскери бөлімнің келісімшарт бойынша әскери қызметші мен офицері тарапынан заңсыз әрекеттерге байланысты әскери бөлімді өз бетінше тастап кету туралы бейне жарияланды.

Сол күні Ақмола гарнизонының әскери прокуратурасы ҚР ІІМ Орталық өңірлік әскери-тергеу басқармасымен бірлесіп Шабуниннің орналасқан жерін анықтау бойынша шаралар қабылдады, ол қызмет орнына қайтарылды және оған қатысты қауіпсіздік шаралары қамтамасыз етілді.

Шабуниннің өтініші ҚК-нің 451-бабы 1-бөлігі (билікті асыра пайдалану) бойынша сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізілімінде тіркелді, оның дәлелдерін тексеру бойынша тергеу әрекеттері жүргізілуде, сараптама тағайындалды.

ҚПК-нің 201-бабына сәйкес тергеу мүддесіндегі өзге ақпарат жария етуге жатпайды.

Сотқа дейінгі тергеп-тексеру нәтижелері туралы жұртшылық жария етуге жол берілетін көлемде хабардар етілетін болады. Осыған байланысты тек ресми дереккөздерге сенуіңізді сұраймыз.

Сотқа дейінгі іс жүргізу барысы Ақмола гарнизоны әскери прокуратурасының бақылауында.

 

Бас әскери прокуратура