Жерасты суларын геологиялық зерттеудің жаңа қағидалары бекітілді

Жерасты суларын геологиялық зерттеудің жаңа қағидалары бекітілді

Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі мен Су ресурстары және ирригация министрлігі жерасты суларына қатысты жер қойнауын мемлекеттік геологиялық зерттеуді ұйымдастыру және жүргізу тәртібін айқындайтын бірлескен бұйрықты бекітті.

Құжат Қазақстан Республикасының «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» кодексін іске асыру аясында әзірленіп, жерасты су ресурстарын зерттеу саласындағы құқықтық реттеу жүйесін жетілдіруге бағытталған.

Жаңа қағидаларда жер қойнауын мемлекеттік геологиялық зерттеуге қатысушылардың функциялары мен өкілеттіктері нақты айқындалып, уәкілетті органдар мен мүдделі ұйымдар арасындағы өзара іс-қимыл тетіктері белгіленген.

Сонымен қатар, құжатта геологиялық барлау жұмыстарының нысандық жоспарын қалыптастыру, жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеу және келісу, сондай-ақ жүргізілген зерттеу жұмыстарының нәтижелерін қабылдау мен бағалау тәртібі реттеледі.

Аталған бұйрықты қабылдау жер қойнауын мемлекеттік геологиялық зерттеу рәсімдерінің ашықтығы мен жүйелілігін арттыруға, геологиялық жұмыстарды жоспарлау және іске асыру тиімділігін күшейтуге, сондай-ақ жүргізілетін іс-шараларды бақылаудың бірыңғай тәсілдерін қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ жаңа қағидаларды енгізу республикалық бюджеттен қосымша қаржы бөлуді талап етпейтіні және әлеуметтік-экономикалық немесе құқықтық теріс салдарға алып келмейтіні атап өтілді.

 

Бұйрықтың толық мәтінімен келесі сілтеме бойынша танысуға болады: https://www.gov.kz/memleket/entities/mps/documents/details/1017118?lang=kk