Қазақстан биоалуантүрлілікті сақтау саласындағы халықаралық ынтымақтастықты кеңейтуде

Ереванда өткен Биоалуантүрлілік туралы конвенция тараптары конференциясының 17-ші отырысы (КС-17) аясында Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің төрағасы Данияр Тұрғамбаев Биоалуантүрлілік саласындағы ұлттық стратегиялар мен іс-қимыл жоспарларын іске асыруды жеделдету жөніндегі серіктестіктің (NBSAP Accelerator Partnership) жаһандық үйлестірушісі міндетін атқарушы Джеймисон Эрвинмен кездесті.
Тараптар Қазақстанның биоалуантүрлілікті сақтау және орнықты пайдалану тұжырымдамасын іске асыруға қолдау көрсету және 2027 жылға арналған ынтымақтастықтың басым бағыттарын талқылады.
Қазақстан 2024 жылдан бері аталған серіктестікке қатысып келеді. Данияр Тұрғамбаев ұлттық фасилитатордың атқарған жұмысы үшін және Үндістанмен жолбарыс популяциясын орнықты басқару саласында тәжірибе алмасуға бағытталған алғашқы бірлескен жобаны қолдағаны үшін алғыс білдірді.
Комитет төрағасы мынадай басым бағыттарды атап өтті: үйлестіру тетігі, ақпараттық жүйе, жануарлар дүниесінің мониторингі, экожүйелерді қалпына келтіру, түрлерді қайта жерсіндіру, экологиялық дәліздер, ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды тиімді басқару, жастарды тарту және табиғатқа зиян келтірмейтін экотуризм. Сарапшылар мен серіктестерді тарту үшін нақты сұраулар дайындау ұсынылды.
Джеймисон Эрвин Қазақстанды жабайы жануарлар популяциясын қалпына келтіру және оларды қайта қоныстандыру саласындағы елеулі жетістіктерімен құттықтады. Сондай-ақ ол Серіктестіктің серіктестерді іріктеу тетігі арқылы ресурстар тарту, Безостың Жер қоры (Bezos Earth Fund) қорымен ынтымақтастық орнату және биоалуантүрлілікті қаржыландыру жөніндегі Ереван бастамасының (Yerevan Biodiversity Finance Challenge) мүмкіндіктерін атап өтті. Бұл бастама биоалуантүрлілікті сақтау міндеттерін ұлттық бюджеттік жоспарлауға енгізуге және табиғатқа қолайлы экономикалық ынталандыру тетіктерін дамытуға бағытталған.
Орталық Азияның биоалуантүрлілік жөніндегі өңірлік негіздемелік бағдарламасын қолдау, оны іске асыру және ресурстар тарту жоспарларын әзірлеу, сондай-ақ трансшекаралық бастамаларды дамыту және КС-17-ден кейін өңір елдерінің әлеуетті серіктестермен кездесуін өткізу мүмкіндіктері талқыланды. Қазақстан экожүйелерді қалпына келтіру, түрлерді қорғау және табиғи аумақтарды басқару саласындағы тәжірибесімен бөлісуге дайын.
Тараптар Қазақстанның биоалуантүрлілігін сақтау және өңірлік ынтымақтастықты нығайту үшін нақты іс-шаралар мен мерзімдерді қамтитын бірлескен іс-қимыл жоспарын әзірлеуге және іске асыруға келісті.