3 наурыз – Дүниежүзілік жабайы табиғат күні!
2013 жылғы 20 желтоқсанда БҰҰ Бас Ассамблеясы 68-ші сессиясында № 68/205 қарарын қабылдап, 3 наурызды Дүниежүзілік жабайы табиғат күні деп жариялады. Бұл күннің таңдалуы бекер емес: дәл осы күні, 1973 жылы, Жабайы фауна мен флора түрлерінің халықаралық саудасы туралы конвенция (CITES) қабылданды.
Дүниежүзілік жабайы табиғат күнінің жыл сайын өзіне тән тақырыбы болады. 2025 жылғы тақырып – «Жабайы табиғатты қорғауды қаржыландыру: адамдар мен планетаға инвестиция». Бұл ұран бізге жаһандық экологиялық дағдарыс, климаттың өзгеруі, биологиялық әртүрліліктің жойылуы және табиғи экожүйелердің бұзылуы жағдайында жабайы табиғатты қорғауға қаржы бөлудің маңызды ғана емес, өмірлік қажеттілік екенін еске салады.
Жабайы табиғат – ұлттық байлық және адамзаттың баға жетпес мұрасы. Ол экологиялық тепе-теңдікті сақтауда шешуші рөл атқарады. Алайда, адам әрекетінің салдарынан көптеген өсімдіктер мен жануарлар жойылып кету қаупіне ұшырауда, ал экожүйелер бұзылып жатыр.
Бұл күн – жабайы фауна мен флораның алуан түрлілігі мен сұлулығына назар аударуға мүмкіндік береді, сондай-ақ жабайы табиғатты экономикалық, экологиялық және әлеуметтік салдарлардан қорғаудың маңыздылығын еске салады. Заңсыз аңшылық, браконьерлік, орман ағаштарын кесу және қоршаған ортаның ластануы биологиялық әртүрлілікке орны толмас зиян келтіреді. Бүгінде табиғатты сақтау үшін мемлекеттер, қоғам және әрбір адам күш біріктіруі қажет.