Түркістан сілеусіндері Іле-Алатау ұлттық паркінде фототұзаққа түсті
Іле-Алатау мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағында жабайы табиғатқа қатысты жаңа мәліметтер анықталды. Паркте сүтқоректілердің 48 түрі тіркелген, оның 5 түрі Қазақстан Республикасының Қызыл кітабына енген. Сол сирек кездесетін жануарлардың бірі – Түркістан сілеусіні (Felis lynx isabellinus).
Бұл жыртқыш мысық тұқымдастарға жатады және табиғатта өте сирек кездеседі. Оның тіршілігі әдетте фототұзақтар арқылы қадағаланады. 2024 жылдың көктемі мен күзі кезінде жүргізілген мониторинг барысында сілеусіндер инспекторлар орнатқан тұздықтардың жанында фототұзаққа түскен.
Бұл деректер Қазақстанның биологиялық алуантүрлілігін сақтау үшін маңызды. Тұрақты мониторинг Түркістан сілеусіндерінің мінез-құлқын тереңірек түсініп, оларды қорғауға арналған шараларды әзірлеуге мүмкіндік береді.