2024 жылдың жаңа жыл алдындағы кезеңінде қылқан жапырақты ағаш тұқымдыларының жас талдарын қорғауды күшейту жөнінде жедел шаралар қолдану үшін, БҰЙЫРАМЫН:
1. Мемлекеттік орман иеленушілер үшін:
1) жаңа жылдық шыршалар дайындау және бұтақтардан құрама жасанды шыршаларды дайындау, Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің 2024 жылға облыстар бойынша бекітілген орман күтіп-баптау және басқа да мақсаттарда ағаш кесулер есебінен сүрек дайындау көлемінде жүргізілсін;
2) мәдени-бұқаралық іс-шаралар өткізу үшін жаңа жылдық шыршаларды босату Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің рұқсатымен облыстар әкімдіктерінің тапсырыстары негізінде жүргізілсін.
2. Облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекцияларының, мемлекеттік ұлттық табиғи парктердің, мемлекеттік орман табиғи резерваттарының, мемлекеттік табиғи қорықтардың, Сандықтау оқу-өндірістік орман шаруашылығының, «Жасыл аймақ» республикалық мемлекеттік кәсіпорынының, Республикалық орман селекциялық-тұқым шаруашылығы орталығының және облыс әкімдіктерінің орман шаруашылығы мемлекеттік мекемелерінің басшыларына:
1) 2024 жылдың 1 желтоқсанынан бастап құқық қорғау органдары қызметкерлерінің қатысуымен ұтқыр топтар құрсын және 2024 жылдың
31 желтоқсанына дейін қылқан жапырақты ағаш тұқымдыларының жас талдарын қорғау, оның ішінде негізгі жолдардың бекеттерінде заңсыз кесуден қорғау бойынша кезекшілік ұйымдастырсын;
2) бұқаралық ақпарат құралдары арқылы қылқан жапырақты екпелерге жанашырлықпен қарау туралы бұқаралық-түсіндіру жұмысын жүргізсін.
3. Облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекцияларының басшылары:
1) мемлекеттік орман иеленушілердің қылқан жапырақты ағаш тұқымдыларының жас талдарын қорғау жөнінде іс-шаралар өткізуіне және бөлшек саудада жаңа жылдық шыршалар сатылуына (құрама шыршалар мен контейнерлердегі тірі шыршалардан басқа) шектеу қойылуына бақылау жасалуын;
2) осы бұйрықты 2024 жылдың жаңа жыл алдындағы кезеңінде қылқан жапырақты ағаш тұқымдыларының жас талдарын қорғауды күшейту бойынша іс-шараларды әзірлеу үшін облыстар әкімдіктеріне жеткізуді және өтінімдерді Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетіне дер кезінде беруді;
3) қоса беріліп отырған нысанға сәйкес Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетіне 2024 жылдың 1 желтоқсанынан бастап апта сайын (әрбір жұма күні) осы бұйрықты орындау бойынша қабылданған шаралар туралы ақпаратты ұсынуды және 2024 жылдың 31 желтоқсанына қорытынды ақпарат беруді;
4) апта сайын облыстық аумақтық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі инспекцияларының ресми интернет-ресурсында қылқан жапырақтыларды қорғау, оларды заңсыз кесу жағдайлары және қабылданып жатқан шаралар туралы хабарлама жариялануын қамтамасыз етсін.
4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылауды өзіме қалдырамын.
5. Осы бұйрық қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді.