
Мемлекет басшысының 2022 жылғы 8 қарашадағы Атырау облысына жұмыс сапары барысында балық саласын дамытудың мемлекеттік қолдау мәселесін қарауға қатысты тапсырмасын орындау мақсатында 2023 жылғы 13 қыркүйекте Үкімет қаулысымен Балық шаруашылығын дамытудың 2030 жылға дейінгі бағдарламасына өзгерістер енгізілді (
http://adilet.zan.kz/rus/docs/P2300000784#z5 ).

Қазіргі уақытта акваөсіру субъектілерін субсидиялау түрінде
қолдаудың қаржылық шаралары бар:

- жем-шөп өндіру цехын, балық өсіру шаруашылықтарын, балық өңдеу объектісін құру және кеңейту, жабдықтар мен техника сатып алу кезінде инвестициялардың 25 пайызын өтеу (
http://adilet.zan.kz/rus/docs/V2200028450);

- бекіре, албырт, тұқы, жайын, цихлид, лат, араван тұқымдас балықтар мен шаян тәрізділерді өсіру кезінде пайдаланылатын азықтарды сатып алу шығыстарының 30 пайызын, балық өсіру-биологиялық негіздемесі, балық отырғызу материалын сатып алу құнының, дәрілік препараттар құнының, бағалы балық түрлерінің балық басын толықтыратын аналық балық үйірін сатып алу құнының 50 пайызын өтеу (
http://adilet.zan.kz/rus/docs/V2200028188).

Бұл ретте, қаулы шеңберінде балық шаруашылығын мемлекеттік қолдау шараларының кешені әзірленді:

- балық шаруашылығы субъектілеріне кредит беру кезінде сыйақы мөлшерлемелерін субсидиялау;

- акваөсіру (балық шаруашылығы) субъектілеріне су беру жөніндегі қызметтердің құнын субсидиялау;

- балық өнімдерін қайта өңдеуді субсидиялау;

- балық шаруашылығы саласындағы инвестициялық жобаларды төмендетілген пайыздық мөлшерлеме бойынша сенім білдірілген агент арқылы бюджеттік кредиттеу.

Мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігі мақсатында Бағдарламада мемлекеттік қаржылық қолдау алушылар үшін қарсы міндеттемелерді енгізу көзделген.

Сонымен қатар, бизнесті жүргізуді жеңілдету, акваөсіру объектілерінің көлеңкелі айналымын болдырмау және статистикалық есепке алуды неғұрлым толық қамту, акваөсіру субъектілерінің тізілімін қалыптастыру үшін акваөсіруді дамыту мониторингінің ақпараттық жүйесін құру және енгізу жөніндегі іс-шара көзделген.

Білім беру, денсаулық сақтау, ішкі істер және қарулы күштер жүйесінде мемлекеттік қоғамдық тамақтандыру ұйымдарының басым тәртіппен өсірілген, сондай-ақ өңделген балықты сатып алу тетігін енгізу арқылы отандық балық өнімдерін өндірушілерді қолдау жөніндегі іс-шара көзделген.

Сондай-ақ, балық ресурстарын сақтау және өсімін молайту, ветеринариялық-санитариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, балық өнімдерін өткізу, сондай-ақ кәсіптік балық аулау мен балықты қайта өңдеуді дамыту, мемлекеттік балық питомниктері мен бекіре балық өсіру зауытының өндірістік базасын реконструкциялау және жаңғырту жөніндегі жаңа іс-шаралар енгізілді.

Тұтастай алғанда, бағдарламаның іс-шараларын іске асыру балық өсіру көлемінің өсуіне, балық өнімдерін ішкі тұтынуды ұлғайтуға, негізінен ауылдық жерлерде жаңа жұмыс орындарын құруға және инвестициялар тартуға ықпал ететін болады, сондай-ақ балық шаруашылығы субъектілерінің мемлекеттік қолдау шараларына қолжетімділігін кеңейтетін болады және ең бастысы балық саласының дамуына серпін беретін болады.