Жиі қойылатын сұрақтар
Дінтану сараптамасын жүргізу мемлекеттік қызметін көрстеудің екі тәсілі бар: Электронды (жартылай автоматтандырылған) және қағаз жүзінде. Қызмет тегін көрсетіледі.
Өтінішті электронды түрде қалай беру керек:
- «Электрондық үкімет» порталына (egov.kz) немесе «Электрондық лицензиялау» порталына (elicense.kz) кіріңіз.
- Порталда тіркеліңіз немесе авторизациядан өтіңіз.
- «Дінтану сараптамасын жүргізу» қызметін таңдаңыз.
- Электрондық өтініш формасын толтырыңыз.
- Өтінішті электрондық цифрлық қолтаңбамен (ЭЦҚ) қол қойып жіберіңіз.
- Өтінішіңіздің статусын жеке кабинетіңіз арқылы бақылаңыз.
Электронды түрде өтініш бергенде қажетті құжаттар:
- Электрондық цифрлық қолтаңбамен (ЭЦҚ) қол қойылған электрондық өтініш нысаны;
- Сараптама нысанасының Қазақстан Республикасы ұйымдарының кітапхана қорларына түскенін растайтын құжаттың электрондық көшірмесі, немесе миссионерлерді не діни бірлестікті тіркеуге арналған өтініштің электрондық көшірмесі, немесе діни бірлестік басшысынан не оның міндетін атқарушы тұлғадан республика аумағына әкелінгенін растайтын құжаттың электрондық көшірмесі.
Өтінішті қағаз (қолма-қол) түрде қалай беру керек:
- Дін істері комитетінің кеңсесіне жүгініңіз (Байланыс телефондары: 8 (7172) 74-11-78, 74-18-48. Мекенжайы: Астана қ., Мәңгілік ел даңғылы, 8, Министрліктер үйі, 14 кіреберіс);
- Қажетті құжаттарды ұсыныңыз*;
- Құжаттарды қабылдағаннан кейін 22 (жиырма екі) жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінің Дін істері комитеті (бұдан әрі – Комитет) шешім қабылдап, қызмет алушыны хабардар етеді.
Қағаз түрде өтініш бергенде қажетті құжаттар:
- Белгіленген нысандағы өтініш;
- Жеке тұлғалар үшін – жеке басын куәландыратын құжат немесе цифрлық құжаттар сервисінен алынған электрондық құжат;
- Заңды тұлғалар үшін – діни бірлестікті мемлекеттік тіркеу (қайта тіркеу) туралы куәлік немесе анықтама;
- Сараптама нысанасының ҚР ұйымдарының кітапхана қорларына түскенін растайтын құжаттың электрондық көшірмесі, немесе миссионерлерді не діни бірлестікті тіркеуге арналған өтініштің көшірмесі, немесе діни бірлестік басшысынан не оның міндетін атқарушы тұлғадан республика аумағына әкелінгенін растайтын құжаттың көшірмесі;
- Сараптама нысаналары;
- Егер ұсынылған материал шет тілінде болса – қазақ немесе орыс тіліне нотариаттық куәландырылған аудармасы ұсынылуы қажет.
Қызмет көрсетушінің (Комитеттің) әрекетіне шағымдану
Егер дінтану сараптамасын жүргізу бойынша шешімге, әрекетке немесе әрекетсіздікке қанағаттанбасаңыз, шағым бере аласыз.
Шағымды қайда беру керек:
- Қызметті көрсеткен органға;
- Қызметкердің өзіне (әрекетіне/әрекетсіздігіне шағымдану кезінде);
- Жоғары тұрған орган – Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігіне;
- Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігіне.
Мемлекеттік қызмет көрсету мәселелері бойынша шешімге, әрекетке (әрекетсіздікке) шағымдану тәртібі:
- Уәкілетті орган сіздің шағымыңызды тіркелген сәттен бастап бес жұмыс күні ішінде қарауға міндетті;
- Қызмет алушының шағымы қанағаттандырылмаған жағдайда, Комитет үш жұмыс күнінен кешіктірмей шағымды және барлық құжаттарды жоғары тұрған мемлекеттік орган – Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігіне жолдайды. Бұл туралы сол күні сізге хабар беріледі;
- Егер шағым бойынша оң шешім қабылданса (өтініш берушінің пайдасына), ол жоғары тұрған мемлекеттік органға жіберілмейді;
- Шағымды қарау мерзімі келесі жағдайларда он жұмыс күнінен аспайтын мерзімге ұзартылуы мүмкін:
- қосымша зерттеу немесе тексеру жүргізу қажет болған жағдайда;
- қосымша ақпарат алу қажет болғанда.
Сот тәртібі:
Сотқа тек сотқа дейінгі шағымдану рәсімінен кейін ғана жүгінуге болады (егер заңда өзгеше көзделмесе).
|
«Ехоба куәгерлері» діни бірлестігі Қазақстан Республикасының Әділет органдарында ресми тіркелген және өз қызметін елдің заңнамасына сәйкес жүзеге асырады. Бірлестіктің діни қызметіне қатысу ерікті негізде құрылады. Қоғамның әр мүшесі одан шығуға құқылы. Діни бірлестіктің басшылығы тарапынан мәжбүрлеу шаралары көрсетілген жағдайда, қауымның әрбір мүшесі бұзылған немесе даулы конституциялық құқықтарын, бостандықтарын немесе заңмен қорғалатын мүдделерін қорғау үшін құқық қорғау органдарына, сондай-ақ заңдарда белгіленген тәртіппен сотқа жүгінуге құқылы. Ресей Федерациясындағы Иегова куәгерлерінің айналасындағы жағдайға қатысты Ресей Федерациясының сот органдарының шешімдері оларға Қазақстан Республикасының аумағында тыйым салуға негіз болып табылмайды. |
|
Дыбыстық қысым деңгейі ҚР Ұлттық экономика министрінің м.а. 2015 жылғы 28 ақпандағы №169 бұйрығымен бекітілген «Адамға әсер ететін физикалық факторларға қойылатын гигиеналық нормативтерге» сәйкес түнгі және күндізгі уақытта да дыбыс қысымының рұқсат етілген деңгейі 55-тен 70 дБА-ға дейін айқындалған ережемен реттеледі. Дін істері комитеті жыл сайын Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының (бұдан әрі – ҚМДБ) басшылығын және облыстардың, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларының әкімдіктерін дыбыс қысымының деңгейін белгіленген нормаларға сәйкес келтіру, сондай-ақ діни қызметшілер арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажеттігі туралы хабардар етеді. |
Дыбыс қысым деңгейінің бұзылу фактісін тексеру және анықтау Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің (бұдан әрі – ҚР ДСМ СЭБК) құзыретіне кіреді. Дыбыстың қысым деңгейі рұқсат етілген гигиеналық нормативтерден асқан жағдайда еліміздің азаматтары
ҚР ДСМ СЭБК жүгінуге құқылы.
|
«Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңның 3-бабына сәйкес мемлекет дін мен діни бірлестіктерден бөлінген. Осыған орай, мемлекет діни ғибадат нысандарын (мешіт, медресе, құлшылық ету бөлмелері, шіркеу, синагога және т.б.) қаржыландыруға құқылы емес. Сондай-ақ, «Қайырымдылық туралы» Заңның 6-бабының 5-тармағына сәйкес мемлекеттік органдар бюджет қаражаты есебінен қайырымдылықпен айналысуға құқылы емес. |
Жоғарыда баяндалғандарды ескере отырып, ДІК тарапынан діни ғибадат нысандарына қаржылай көмек көрсету мүмкін емес екендігін хабарлаймыз.
|
ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің Дін істері комитеті мектептерде діни атрибутикасы бар киімді киюге (хиджаб) тыйым салу бойынша келесіні хабарлайды. Еліміздің заңнамасына сәйкес («Білім туралы» Заңның 47 және 49-баптары) оқушылардың міндетті мектеп формасын сақтауын, ал осы міндетті орындау ата-аналарға жүктелген. Сондай-ақ, «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңның 3-бабының 4-тармағына сәйкес, рухани (діни) білім беру ұйымдарын қоспағанда, Қазақстан Республикасында білім беру мен тәрбиелеу жүйесі діндер мен діни бірлестіктерден бөлінген және зайырлы сипатта болады. Яғни, әлеуметтік қатынастар, оның ішінде білім беру саласындағы қатынастар діни нормалармен емес, сәйкесінше елдің заңнасымен реттеледі. Сондықтан, Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдары азаматтарға олардың мемлекет пен қоғам алдындағы міндеттерін айқындай отырып, тиісті құқықтар береді. Сонымен бірге, бұл норма дінге деген көзқарасқа байланысты қандай да бір кемсітушілікке ұшыратпайтынын атап өту қажет. |
Жоғарыда айтылғандардың негізінде ата-аналарды ҚР Білім және ғылым министрінің бұйрығымен бекітілген Орта білім беру ұйымдары үшін міндетті мектеп формасын сақтауға шақырамыз.
|
Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің Дін істері комитеті қажылықты ұйымдастыруға қатысты келесіні хабарлайды. Қажылық жасау тек діни іс-шара болып табылады, себебі Исламдағы бес міндеттің біріне жатады. Сонымен қатар, «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» 2011 жылғы 11 қазандағы Қазақстан Республикасы Заңының 3-бабының 1-тармағына сәйкес мемлекет дін мен діни бірлестіктерден бөлінген. Осыған орай, қажылықты ұйымдастыруды тікелей Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы (бұдан әрі – ҚМДБ) жүзеге асырады. ДІК және басқа да бірқатар мемлекеттік органдар өз құзыреті шеңберінде еліміздің азаматтарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету аясында жекелеген ұйымдастырушылық мәселелерді шешуге көмек көрсетеді. |
Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, ҚМДБ басшылығына жүгінуді орынды деп санаймыз. Сонымен бірге, шариғатқа сәйкес қажылықты орындау міндеті, тек тиісті жағдайға, оның ішінде қаржылай жағынан мүмкіндігі бар мұсылмандарға ғана қатысты болып табылады.
«Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 9-бабының 1-тармағына сәйкес, құдайға құлшылық ету, діни әдет-ғұрыптар мен рәсімдер үшін қажетті, сондай-ақ діни нышанның элементтері бар заттар, бұйымдар мен атрибуттар, дiни мақсаттағы заттар болып табылады.
Осыған орай Заңның 6-бабына сәйкес, бұл заттар дінтану сараптамасының объектілеріне жататындықтан оларға дінтану сараптамасы жүргізіледі. Дінтану сараптамасының нәтижесі бойынша заттың діни қатыстылығын анықтайтын хат дайындалады.
Біріншіден, қоғамдағы міндетті мектеп формасын сақтауға қатысты мемлекеттің заңнамалық нормаларына тоқталған жөн. Қазақстан Республикасы Конституциясының 22-бабына сәйкес «Әркімнің ар-ождан бостандығына құқығы бар». Бұл ретте, осы бапта жазылғандай, «Ар-ождан бостандығы құқығын жүзеге асыру жалпы адамдық және азаматтық құқықтар мен мемлекет алдындағы міндеттерге байланысты болмауға немесе оларды шектемеуге тиіс».
Конституциялық және өзге де заңнамалық нормаларға сүйене отырып, «Білім туралы» Заң осы саладағы тиісті құқықтық қатынастарды анықтайды. Атап айтқанда, «Білім туралы» Заңның 47 және 49 баптары оқушылардың мектеп формасын міндетті түрде сақтауын және ата-аналардың мектеп формасын сақтауды қамтамасыз ету міндетін бекітеді.
Осыған орай, ҚР Білім және ғылым министрінің 2016 жылғы 14 қаңтардағы «Орта білім беру ұйымдары үшін міндетті мектеп формасына қойылатын талаптар туралы» бұйрығы қолданыстағы заңнама нормаларына сәйкес әзірленген.
Сондықтан бұл сенушілердің құқықтарын бұзу болып табылмайды.
«Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Қазақстан Республикасының Заңы 3-бабының 1-тармағына сәйкес мемлекет дін мен діни бірлестіктерден бөлінген. Діни бірлестіктердің қызметі заңға қайшы келмеген жағдайда, мемлекет діни бірлестіктердің қызметіне араласпайтындығы көрсетілген.
Осы орайда, мешіт имамдарын қызметке тағайындау, ескерту, сөгіс жариялау, оларды орнында қалдыру және қызметінен босату мәселелері Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас Мүфтидің тікелей құзыретіне жататындығын мәлімдейміз.
ҚР «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңына сәйкес шетелдік азаматтарды діни бірлестіктердің қызметіне қатысуға шақырмас бұрын, миссионер өкілдiк ететін дiни бiрлестiктің шет мемлекеттің заңнамасы бойынша ресми тiркелгендігін куәландыратын заңдастырылған немесе апостиль қойылған құжаты, сонымен қатар қажеттілігіне қарай азаматтарды елімізде тіркелген діни бірлестіктердің арнайы шақыруы болу шарттары көрсетілгендігін мәлімдейміз.