GOV.KZ – Мемлекеттік органдардың цифрлық ресурстарының бірыңғай платформасы

Меню
Страницы
Құжаттар
Баспасөз орталығы
Байланыс ақпараты
Департамент туралы
Қызметі
Онлайн қабылдау
Статистикалық көрсеткіштер
Өзгерістер мен түсіндірмелер
Все материалы
Зейнетақы және әлеуметтік қамсыздандыру
22 октября 2026
ТМД азаматтарының құқықтарына кепілдіктер туралы келісім шеңберіндегі ҚР-дағы зейнетақымен қамсыздандыру құқығы.

ТМД-ға мүше мемлекеттер азаматтарының зейнетақымен қамсыздандыру саласындағы құқықтарының кепілдіктері туралы 1992 жылғы 13 наурыздағы Келісім Қазақстанда аумақтық принцип негізінде қолданылады.

Келісімнің басты мақсаты — елдер азаматтарының әлеуметтік құқықтарын қорғау. Бұл азамат басқа мемлекетке көшкен кезде, оның еңбек өтілі зейнетақы тағайындау кезінде сол елдің заңнамасына сәйкес есепке алынатынын білдіреді. Сондай-ақ, 1992 жылғы Келісімге сәйкес, зейнетақы құқықтарын анықтау кезінде 1992 жылғы 1 қаңтарға дейін Қазақстан мен бұрынғы КСРО аумағында жүріп өткен еңбек өтілі ескеріледі.

ТМД-ға мүше мемлекеттердің және бұрынғы КСРО құрамына кірген мемлекеттердің аумағында тиісті тәртіппен берілген немесе 1991 жылғы 1 желтоқсанға дейін рәсімделген зейнетақымен қамсыздандыруға қажетті құжаттар Достастыққа мүше мемлекеттердің аумағында легализациясыз (заңдастырусыз) қабылданады.

 

Келісімге қатысушылар:

  • Қазақстан Республикасы
  • Қырғыз Республикасы
  • Тәжікстан Республикасы
  • Өзбекстан Республикасы
  • Армения Республикасы
  • Түрікменстан Республикасы
  • Беларусь Республикасы

 

Ресми түрде шыққан мемлекеттер (бұл елдер 1992 жылғы Келісімді орындауды толығымен тоқтатты):

  • Ресей Федерациясы келісімнен шықты (2023 жылғы 1 қаңтардан бастап)
  • Украина (2023 жылғы 19 маусымнан бастап).

 

Келісімнің ҚР-дағы негізгі ережелері:

  • Тағайындау принципі: Азаматтарды зейнетақымен қамсыздандыру олар тұратын мемлекеттің заңнамасы бойынша жүзеге асырылады (Келісімнің 1-бабы).
  • Өтілді есепке алу: ТМД-ға мүше кез келген мемлекеттің аумағындағы еңбек өтілі (соның ішінде КСРО ыдырағанға дейінгі жұмыс кезеңі) Қазақстанда зейнетақы тағайындау кезінде танылады және есепке алынады.
  • Зейнеткерлердің қоныс аударуы: Азамат Қазақстаннан Келісімге қатысушы басқа мемлекетке көшкен кезде, бұрынғы тұрғылықты жері бойынша зейнетақы төлеу тоқтатылады, ал жаңа мемлекет зейнетақыны өз заңнамасына сәйкес тағайындайды.

Халықаралық келісімдердің арқасында шетелге жұмыс істеуге кететін адамдар өздерінің әлеуметтік құқықтарын жоғалтпайды және еңбегіне қарай тиісті зейнетақысына қол жеткізе алады.

Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы бақылау
Еңбекті қорғау және қауіпсіздік
22 октября 2026
ҚАЗАҚСТАНДА 56 МЫҢНАН АСТАМ ЖҰМЫСШЫНЫҢ ЕҢБЕК ҚҰҚЫҒЫ ҚОРҒАЛДЫ

2026 жылдың алғашқы 9 айының қорытындысы бойынша Қазақстанда мемлекеттік еңбек инспекторларының жұмысының арқасында 56 мыңнан астам жұмысшының еңбек құқығы қорғалды.

2026 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша мемлекеттік еңбек инспекторлары еңбек заңнамасының сақталуына қатысты 5,7 мыңнан астам тексеру жүргізген. Тексеру нәтижесінде жұмыс берушілерге анықталған заңбұзушылықтарды жою туралы нұсқамалар беріліп, қызметкерлердің бұзылған құқықтарын қалпына келтіру шаралары қабылданған.

Еңбекақының уақытылы әрі толық төленуіне ерекше көңіл бөлінеді. Тексеру барысында бірқатар кәсіпорында жалақы бойынша берешек бары анықталған. Бұл мәселені шешу үшін жұмыс берушілермен бірлесіп, берешекті өтеу кестелері бекітілген. Оның орындалуын мемлекеттік еңбек инспекторлары тұрақты бақылауда ұстап отыр.

Қабылданған шаралардың нәтижесінде жұмыс берушілер жалақы бойынша берешекті өтей бастаған. Соның арқасында жүздеген жұмысшының еңбек құқығы қалпына келтірілді.

Мәселен, Солтүстік Қазақстан облысында «Москворецкое» ЖШС-нің 93 жұмысшысына екі ай бойы жалақы төленбеген. Осы жағдайға байланысты Мемлекеттік еңбек инспекциясы департаменті жоспардан тыс тексеру жүргізген. Тексеру барысында қыркүйек-қазан айлары үшін 48,8 млн теңге көлемінде жалақы берешегі бары анықталған. Тексеру қорытындысы бойынша жұмыс берушіге берешекті өтеу туралы нұсқама беріліп, әкімшілік айыппұл салынған.

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі еңбек заңнамасының сақталуын қамтамасыз ету бағытындағы жүйелі жұмысын жалғастырып келеді. Негізгі басымдықтар жұмысшылардың заңды құқықтары мен мүдделерін қорғау, жалақының уақытылы төленуін қамтамасыз ету, анықталған заңбұзушылықтарды жою және жұмыс берушілердің қызметкерлер алдындағы міндеттерін орындау жауапкершілігін арттыру болып табылады.

Зейнетақы және әлеуметтік қамсыздандыру
22 октября 2026
Зейнетақы аннуитеті зейнетақы жинақтары есебінен өмір бойы төлем алуға мүмкіндік береді

2026 жылдың 8 айында Қазақстанда зейнетақы аннуитеті бойынша сақтандыру төлемдері 81,5 млрд теңгені құрады. Ал сақтандыру жарналарының көлемі 624,7 млрд теңгеге жетті. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі зейнетақымен қамсыздандырудың осы тетігі қалай жұмыс істейтінін және келісімшарт жасасу үшін қандай талаптар қойылатынын түсіндіреді.

Зейнетақы аннуитеті бойынша азамат өзінің зейнетақы жинақтарын өмірді сақтандыру компаниясына аударады. Ал компания оған өмір бойы тұрақты төлем жасап отыруға міндеттеме алады. Демек, төлем адамға өмір бойы беріледі. Тіпті төлемдердің жалпы сомасы бастапқыда аударылған қаражаттан асып кетсе де, төлем жалғаса береді.

Зейнетақы аннуитеті бойынша келісімшарт жасау үшін белгіленген жасқа толып, зейнетақы жинағында жеткілікті қаражат болуы керек. Қажетті сома әр адамға жеке есептеледі. Бұл ретте азаматтың жасы мен болашақ төлемдердің мөлшері ескеріледі.

2026 жылы зейнетақы аннуитетін рәсімдеп, бірден төлем ала алады: ерлер – 55 жастан бастап, әйелдер – 53 жастан. Ал міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары кемінде 60 ай бойы төленген азаматтар жеткілікті жинағы болған жағдайда 50 жастан бастап төлем ала алады.

Бұдан бөлек, кейінге қалдырылған зейнетақы аннуитеті де бар. Мұндай келісімшарт арқылы болашақ төлемдердің шарттарын алдын ала белгілеуге болады. Оны 45 жастан бастап, ал міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары кемінде 60 ай бойы төленген жағдайда 40 жастан бастап рәсімдеуге болады. Бұл ретте төлемдер заңнамада және келісімшартта белгіленген жасқа жеткеннен кейін басталады.

Зейнетақы аннуитеті бойынша сақтандыру төлемдері жыл сайын өсіп отырады. Заңнамада белгіленген индексация мөлшері кемінде 8%-ды құрайды. Ал төлемдердің нақты мөлшері мен шарттары келісімшартта көрсетіледі.

Сонымен қатар келісімшартта төлемдерге кепілдік берілетін кезеңді қарастыруға болады. Егер сақтандырылған адам осы кезең аяқталғанға дейін қайтыс болса, төлемдер келісімшартта көзделген тәртіп пен шарттарға сәйкес мұрагерлеріне беріледі. Бұл тетікті БЖЗҚ-дағы зейнетақы жинағының қалған бөлігін мұраға қалдыру тәртібімен шатастырмаған жөн. Екеуі – екі бөлек мәселе.

Зейнетақы аннуитеті бойынша төлем алып жүрген азамат жұмысын жалғастыра алады. Алайда аннуитет рәсімдеу мемлекеттік зейнетақыны мерзімінен бұрын тағайындауды білдірмейді. Мемлекеттік зейнетақы алу құқығы заңнамада белгіленген талаптарға сәйкес анықталады.

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне қарасты Мемлекеттік аннуитеттік компания да зейнетақы аннуитеті бойынша қызмет көрсетеді. Компания азаматтарға зейнетақы жинағының жеткіліктілігін есептеу және болашақ төлемдердің мөлшерін анықтау бойынша кеңес береді.

Келісімшарт жасамас бұрын азаматтарға сақтандыру ұйымдарының ұсыныстарын салыстырып, оның талаптарын мұқият зерделеу ұсынылады. Әсіресе бастапқы төлем мөлшеріне, төлемдердің жыл сайын өсу тәртібіне, кепілдік кезеңіне және келісімшартты өзгерту шарттарына назар аударған жөн. Алдын ала есепті өмірді сақтандыру компаниясынан алуға болады. Сондай-ақ БЖЗҚ-дан болжамды түрде алатын төлемдер мен сақтандыру компаниясы ұсынатын төлемдерді салыстыру үшін enpf.kz сайтындағы болжамды зейнетақы калькуляторын пайдалануға болады.

Зейнетақы және әлеуметтік қамсыздандыру
21 октября 2026
Бала күтімі және зейнетақы: Қазақстандағы ер адамдар нені білуі керек?

Бала күтімі – ана да, әке де атқара алатын маңызды әлеуметтік міндет. Белгіленген талаптар сақталған жағдайда, осы кезеңді есепке алу ата-аналардың бала тәрбиесіне қосқан үлесін мойындауға және олардың зейнетақы құқықтарын қорғауға мүмкіндік береді.

Қазақстан Республикасының 2023 жылғы 20 сәуірдегі № 224-VII Әлеуметтік кодексінің 206-бабы 2-тармағының 5) тармақшасына сәйкес, мемлекеттік базалық зейнетақы төлемін тағайындау кезінде зейнетақы жүйесіне қатысу өтіліне жұмыс істемейтін ананың немесе жұмыс істемейтін әкенің (балаға іс жүзінде күтім жасаған жағдайда) кішкентай балаларды күту кезеңі есепке алынады. Бұл ретте әрбір бала үш жасқа толғанға дейінгі күтім кезеңі жалпы алғанда 12 жылдан аспауға тиіс.

Сонымен қатар ата-ананың балаға тікелей күтім жасағанын және тиісті кезеңде жұмыс істемегенін растау қажет.

Әкеге бала күтімі кезеңін растау үшін балаға іс жүзінде күтім жасау фактісі мен оның ұзақтығын белгілейтін сот шешімі қажет. Сондай-ақ бала күтімінің бір кезеңі ата-ананың екеуінің де еңбек өтіліне бір мезгілде есептелмеуі тиіс екенін ескеру қажет.

Осылайша, Қазақстан Республикасының заңнамасы жасына байланысты зейнетақы тағайындау кезінде жұмыс істемеген әкенің балаға іс жүзінде күтім жасаған кезеңін еңбек өтіліне қосу мүмкіндігін қарастырады.

 

Зейнетақы және әлеуметтік қамсыздандыру
Жұмыспен қамту
21 октября 2026
Мемлекеттің қолдауымен 10 мыңнан астам мүгедектігі бар қазақстандық жұмыспен қамтылды

Қазақстанда мүгедектігі бар адамдарды жұмыспен қамтуға қолдау көрсету жалғасуда. Жыл басынан бері мемлекет ұсынған жұмыспен қамту шараларының көмегімен 10,8 мың адам жұмысқа орналасқан.

2026 жылдың 1 қазандағы мәлімет бойынша, жұмысқа орналасуға көмек сұрап, мансап орталықтарына 29,5 мың мүгедектігі бар азамат жүгінген. Олардың 18,2 мыңы жұмыспен қамтуға бағытталған белсенді шараларға қатысқан.

Нәтижесінде 10,8 мың адам жұмысқа орналасты. Оның 5,1 мыңы тұрақты жұмыс тапса, 5,4 мыңы мемлекет субсидиялайтын жұмыс орындарына орналасқан. Атап айтқанда, 4 264 адам қоғамдық жұмыстарға, 367 адам әлеуметтік жұмыс орындарына, 495 адам «Жастар практикасы» бағдарламасына, ал 499 адам «Күміс жас» жобасына қатысу арқылы жұмысқа орналасқан.

Мүгедектігі бар азаматтарды жұмыспен қамтуды қолдаудың негізгі тетіктерінің бірі жұмыс орындарына квота белгілеу. Әлеуметтік кодекске сәйкес, 50 және одан да көп адам жұмыс істейтін ұйымдарға қызметкерлердің жалпы санының 2-4 пайызы көлемінде квота белгіленеді. Бұл ретте ауыр, зиянды және қауіпті еңбек жағдайлары бар жұмыс орындары есепке алынбайды.

2026 жылы мүгедектігі бар 16 706 адамды жұмысқа орналастыруға арналған квота белгіленді. Биылғы екінші тоқсанның қорытындысы бойынша осы квота аясында елімізде шамамен 6,2 мың адам жұмысқа орналасқан.

Салыстыру үшін айтсақ, 2025 жылы белгіленген 16 719 жұмыс орнының 8,1 мыңы қамтылып, квота бойынша жұмысқа орналастыру көрсеткіші 48 пайызды құрады.

Сонымен қатар әр адамның жеке қажеттілігіне сай арнайы жұмыс орындарын ашуға көңіл бөлініп отыр. 2026 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша осындай 47 жұмыс орны ашылған. Оның 25-і есту қабілеті бұзылған адамдарға, 12-сі көру қабілеті бұзылған азаматтарға, тағы 10-ы тірек-қимыл аппараты бұзылған адамдарға арналған.

Арнайы жұмыс орындарын ашқан жұмыс берушілерге де мемлекет қолдау көрсетеді. Атап айтқанда, жұмысқа орналасқан мүгедектігі бар азаматтардың жалақысын субсидиялау қарастырылған. 2026 жылғы 1 қазандағы мәлімет бойынша, мұндай субсидия 235 қызметкерге төленген. Оның 19-ы 2026 жылы, 105-і 2025 жылы, 111-і 2024 жылы жұмысқа орналасқан.

Бұдан бөлек, мемлекет мүгедектігі бар азаматтарға жаңа мамандық меңгеруге және өз кәсібін ашуға да көмектеседі.

Жыл басынан бері 243 адам қысқа мерзімді кәсіптік оқудан өтті.

«Бастау Бизнес» жобасы аясында 3 639 адам кәсіпкерлік негіздерін үйренді. Олардың 2 375-і тиісті сертификат алды. Сонымен қатар 2 951 адам онлайн оқуға қатысып, оның 2 265-і оқуын сәтті аяқтап, сертификатқа ие болды.

Ал 2026 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша 578 мүгедектігі бар азамат жаңа бизнес-идеяларын жүзеге асыру үшін мемлекеттік грант алды. Бұл қолдау азаматтарға өз ісін ашып, кәсіпкерлік қабілетін дамытуға мүмкіндік береді.

Жалпы, Қазақстанда мүгедектігі бар адамдарды жұмыспен қамту үшін бірнеше қолдау тетігі қарастырылған. Олардың қатарында мансап орталықтары арқылы жұмыс іздеу, квота бойынша жұмысқа орналасу, арнайы жұмыс орындарын ашу, кәсіптік оқыту, жалақыны субсидиялау, қайтарымсыз гранттар беру және жастарға микрокредит ұсыну бар. Сонымен бірге азаматтар жұмыс іздеп, өз бетінше де жұмысқа орналаса алады.

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мүгедектігі бар азаматтардың жұмысқа орналасу мүмкіндігін кеңейту, кәсіби дағдыларын дамыту және әр адамның еңбек етуіне жағдай жасау бағытындағы жұмыстарды жалғастыруда.

Зейнетақы және әлеуметтік қамсыздандыру
Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы бақылау
20 октября 2026
ПАНДУС БАР — ДЕМЕК, НЫСАН ҚОЛЖЕТІМДІ МЕ?

Пандустың болуы нысанның толық қолжетімді екенін білдірмейді!

Мүгедектігі бар адамдар мен халықтың жүріп-тұруы шектеулі басқа да топтар үшін нысанның қолжетімділігі — ғимаратқа кіре алумен ғана шектелмейтін маңызды мәселе. Адам ғимаратқа қауіпсіз кіріп, ішінде кедергісіз қозғалып, қажетті қызметті өз бетінше пайдалана алуы керек.

 Нысанның қолжетімділігін бағалау кезінде неге назар аудару қажет?

 Кіреберіс пен пандус
- Пандус қауіпсіз, орнықты және сырғанамайтын болуы керек;
- Көлбеу бұрышы, ені және алаңдарының өлшемдері нормативтік талаптарға сәйкес болуы қажет;
- Екі жағында тұтқалар мен қауіпсіздік элементтері қарастырылуы тиіс;
- Пандусқа апаратын жолда кедергілер болмауы керек.

 Есіктер мен ғимарат ішіндегі қозғалыс
- Кіреберіс есіктері арбамен еркін өтуге мүмкіндік беруі керек;
- Табалдырықтар мен тар өткелдер қозғалысқа кедергі келтірмеуі тиіс;
- Қажетті үй-жайларға, қызмет көрсету орындарына және қабаттарға кедергісіз жету мүмкіндігі қамтамасыз етілуі қажет.

Ақпараттың қолжетімділігі
- Бағыттаушы және ескерту тактильді көрсеткіштері болуы;
- Ақпараттық белгілер анық әрі түсінікті орналастырылуы;
- Көру немесе есту қабілеті бұзылған адамдар үшін қажетті ақпараттық шешімдер қарастырылуы керек.

 Қосымша қолайлылықтар
- Қажет болған жағдайда қолжетімді санитариялық тораптар;
- Нысанға жақын орналасқан арнайы автотұрақ орындары;
- Лифт немесе көтергіш құрылғылар арқылы қажетті қабаттарға жету мүмкіндігі қарастырылуы тиіс.

 Нысанның қолжетімділігін қалай тексеруге болады?

  1. Кіреберіске дейінгі жолдың кедергісіз екенін тексеріңіз.
  2. Пандустың қауіпсіздігі мен пайдалану қолайлылығына назар аударыңыз.
  3. Ғимарат ішінде қажетті қызметке өз бетінше жетуге болатынын бағалаңыз.
  4. Ақпараттық белгілердің түсініктілігін және қосымша қолжетімділік құралдарының болуын тексеріңіз.

Маңызды!

Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, мүгедектігі бар адамдар әлеуметтік және көлік инфрақұрылымы объектілеріне кедергісіз қол жеткізуге және қызметтерді басқа азаматтармен тең дәрежеде алуға құқылы. Нысандардың қолжетімділігі қолданыстағы құрылыс нормалары мен ұлттық стандарттардың талаптарына сәйкес қамтамасыз етілуі тиіс.

Қолжетімді орта — бұл тек пандус емес. Бұл — әр адамның қауіпсіз қозғалуына, қажетті қызметті алуына және қоғам өміріне тең дәрежеде қатысуына мүмкіндік беретін жағдайлар жиынтығы.

Көтергіш құрылғылар

Кейбір нысандарда баспалдақтарды еңсеру үшін пандустың орнына немесе оған қосымша көтергіш құрылғылар орнатылады. Олар мүгедектігі бар адамдардың, соның ішінде кресло-арбамен қозғалатын азаматтардың ғимаратқа кіруіне және қажетті деңгейге көтерілуіне мүмкіндік береді.

Көтергіш құрылғылардың қолжетімділігін бағалау кезінде мыналарға назар аудару қажет:

  • құрылғының техникалық жарамдылығы және қауіпсіз жұмыс істеуі;
    • құрылғыға кедергісіз жақындау және оған ыңғайлы орналасу мүмкіндігі;
    • кресло-арбаны қауіпсіз орналастыруға жеткілікті орынның болуы;
    • басқару тетіктерінің қолжетімділігі және құрылғыны пайдалану тәртібінің түсініктілігі;
    • құрылғының тұрақты техникалық қызметтен өтуі;
    • қажет болған жағдайда көмек көрсетуге жауапты қызметкердің болуы.

Егер көтергіш құрылғы істемесе, оған қол жеткізу мүмкін болмаса немесе оны пайдалану үшін қажетті жағдайлар қамтамасыз етілмесе, нысанның іс жүзіндегі қолжетімділігі шектелуі мүмкін.

Есте сақтаңыз: пандус немесе көтергіш құрылғының болуы ғана жеткіліксіз. Ең бастысы — адамның ғимаратқа қауіпсіз кіріп, қажетті қызметті кедергісіз алуына нақты мүмкіндік болуы.

Пандустың бар-жоғын ғана емес, нысанның шынымен қолжетімді екенін бағалайық!

#ҚолжетімдіОрта #КедергісізОрта #Инклюзия #ӘлеуметтікҚолдау #Қазақстан

Жұмыспен қамту
20 октября 2026
Қазақстанда қандай мамандарға сұраныс жоғары?

Қазақстанда білікті мамандарға деген сұраныс жоғары деңгейде сақталып отыр. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ақпараттық жүйелеріндегі деректерге сәйкес, кадр тапшылығы әсіресе денсаулық сақтау саласында, сондай-ақ жекелеген жұмысшы, техникалық және инженерлік мамандықтар бойынша байқалады. Сонымен қатар өнеркәсіптің, цифрлық технологиялардың және инфрақұрылымның дамуы азаматтарды жұмыспен қамтуға және кәсіби тұрғыдан өсуіне жаңа мүмкіндіктер ашып отыр.

Биыл маман тапшылығы айқын байқалған салалардың бірі – денсаулық сақтау. Мәселен, акушер-гинекологтарға арналған 469 бос жұмыс орнына небәрі 100 түйіндеме, педиатрлардың 448 бос орнына 139 түйіндеме, ал анестезиолог-реаниматологтардың 300 бос орнына 75 түйіндеме ғана тіркелген. Онколог, неонатолог және эндокринолог мамандарына да сұраныс жоғары.

Сонымен қатар жұмысшы мамандықтарының өкілдеріне де сұраныс сақталып отыр. Жұмыс берушілерге білікті электриктер, механиктер, слесарьлар, дәнекерлеушілер, машинистер, жабдық операторлары, құрылысшылар мен жүргізушілер қажет. Осы орайда инженерлер мен өндірістік процестерді автоматтандыру жөніндегі мамандарға да қажеттілік артуда.

Бұл мамандарға сұраныс өнеркәсіптің дамуына, жаңа нысандардың салынуына, кәсіпорындардың жаңғыртылуына, көлік және энергетикалық инфрақұрылымның кеңеюіне байланысты. Қазіргі жұмыс берушілерден кәсіби біліктілікпен қатар заманауи технологияларды меңгеру де талап етіледі.

Сұраныс жоғары тағы бір бағыт – цифрлық технологиялар саласы. Еңбек нарығында бағдарламалық қамтамасыз етуді әзірлеушілер, қолданбалы бағдарламаларды жасаушылар және басқа да IT-мамандар қажет. Автоматтандыру мен жасанды интеллектіні енгізу кәсіби қызметінде цифрлық құралдарды тиімді пайдалана алатын мамандарға деген сұранысты арттырып отыр.

Ұзақ мерзімді болжамға сәйкес, 2035 жылға дейін Қазақстан экономикасына 2,9 млн маман қажет болады. Оның жартысынан астамына деген сұраныс жұмысшы кәсіптеріне тиесілі. Бұл экономиканы білікті кадрлармен қамтамасыз етуде техникалық және кәсіптік білім берудің маңызы артып келе жатқанын көрсетеді.

Еңбек нарығының қажеттіліктеріне сай кадрларды алдын ала даярлау мақсатында 2026 жылы ең сұранысқа ие мамандықтар тізімі 51-ден 174-ке дейін кеңейтілді. Тізімге инженерия, құрылыс, өңдеу өнеркәсібі, биотехнология, жасыл және атом энергетикасы бағыттары енгізілді.

Сонымен қатар мамандарды жұмыс берушілермен бірлесіп даярлау жүйесі дамып келеді. ҚР Үкіметінің деректеріне сәйкес, бүгінде дуальды оқыту жүйесімен 552 колледждің 138 мың студенті қамтылған. Кадр даярлау процесіне шамамен 11 мың кәсіпорын қатысады. Бұдан бөлек, 43 мың студент жұмыс берушілердің нысаналы тапсырысы бойынша білім алып жатыр.

Мұндай оқыту форматы студенттерге кәсіпорындарда тікелей тәжірибе жинақтауға, болашақ мамандығымен танысуға және оқуын аяқтағаннан кейін жұмысқа орналасу мүмкіндігін арттыруға жол ашады.

Сонымен бірге жаңа мамандық меңгергісі немесе біліктілігін арттырғысы келетін азаматтар қысқа мерзімді кәсіптік оқыту және қайта даярлау бағдарламаларын пайдалана алады. Олардың қатарында жұмыс берушілер сұранысына ие бағыттар бойынша білім алу мүмкіндіктері де бар.

Жалпы, еңбек нарығындағы жағдай кадр тапшылығы еңбек ресурстарының жалпы жетіспеушілігінен гөрі, қолда бар біліктіліктердің экономика қажеттіліктеріне сәйкес келмеуімен байланысты екенін көрсетеді. Сондықтан сұранысқа ие бағыттар бойынша мамандар даярлау, практикалық дағдыларды дамыту және білім беру ұйымдарының жұмыс берушілермен өзара байланысын нығайту ерекше маңызға ие.

Кадрларға деген қажеттілікті болжау болашағы бар мамандықтарды алдын ала айқындауға, білім беру бағдарламаларын жетілдіруге және азаматтарға мамандық таңдау немесе кәсіби бағытын өзгерту кезінде саналы шешім қабылдауға көмектеседі.

Зейнетақы және әлеуметтік қамсыздандыру
Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы бақылау
Өзгерістер мен түсіндірмелер
Әлеуметтік өзгерістер
18 октября 2026
Еңбек министрлігі бала саны бірдей отбасылардың мемлекеттік көмекке мұқтаждығы неге әртүрлі болатынын түсіндірді

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап енгізілетін мемлекеттік әлеуметтік қолдау жүйесіндегі өзгерістерді түсіндіруді жалғастыруда. Жаңа тәртіп бойынша кейбір мемлекеттік жәрдемақыларды тағайындау кезінде отбасының әлеуметтік жағдайы да ескеріледі. Яғни азаматтың қай санатқа жататынымен қатар, оның нақты өмірлік жағдайына да назар аударылады.

Қазір бірқатар мемлекеттік жәрдемақы әлеуметтік санатқа қарай тағайындалады. Мұндай жағдайда әлеуметтік мәртебесі бірдей отбасылардың табысы мен тұрмыс жағдайы әртүрлі болса да, бірдей көмек алуы мүмкін.

Мысалы, төрт баладан тәрбиелеп отырған екі отбасын алайық.

Дидардың отбасының тұрмысы жақсы делік. Өз баспанасы, қымбат көлігі, тұрақты жұмысы және жеке кәсібі бар. Осы көрсеткіштерді ескере отырып, отбасы әлеуметтік жағдайы жоғары «А» санатына жатқызылған.

Ал Ерланның да төрт баласы бар. Бірақ оның отбасының жағдайы басқаша. Олар шағын пәтерде тұрады, ата-анасы жалдамалы жұмыста істейді. Қымбат мүлкі мен қосымша табыс көздері жоқ. Жалпы жағдайына қарай бұл отбасы әлеуметтік саламаттылық деңгейінің қанағаттанарлық «С» санатына жатады.

Көріп отырғанымыздай, екі отбасының бала саны бірдей болғанымен, тұрмыс жағдайы мен өз қажеттіліктерін өз бетінше өтеу мүмкіндігі әртүрлі. «А» санатындағы отбасы мемлекеттік көмекке аса мұқтаж болмауы мүмкін. Ал «С» санатындағы отбасы үшін жәрдемақы күнделікті шығындарын өтеуге едәуір көмектеседі.

Әлеуметтік қорғау жүйесін жетілдірудегі негізгі мақсаттың бірі осындай айырмашылықтарды ескеріп, көмекті нақты мұқтаж отбасыларға бағыттау.

2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап кейбір мемлекеттік жәрдемақыларды тағайындау кезінде мұқтаждық деңгейі ескерілмек. Ол үшін Отбасының цифрлық картасы пайдаланылады. Бұл жүйе мемлекеттік ақпараттық базалардағы мәліметтер негізінде отбасының жағдайын бағалауға мүмкіндік береді.

Бағалау кезінде отбасының табысы, жұмыспен қамтылуы, баспана жағдайы, мүлкі, кәсіпкерлік қызметі, несие міндеттемелері және жалпы тұрмыс деңгейі ескеріледі.

Осы мәліметтер негізінде отбасылар бес санатқа бөлінеді:

* «А» – саламаттылықтың жоғары деңгейі;

* «В» – саламаттылықтың ауқатты деңгейі;

* «С» – саламаттылықтың қанағаттанарлық деңгейі;

* «D» – саламаттылықтың экономикалық жағдайы осал деңгейі;

* «Е» – саламаттылықтың экономикалық және әлеуметтік жағдайы осал деңгейі.

Бұл ретте отбасының пәтері, көлігі немесе басқа да мүлкінің болуы оны автоматты түрде әл-ауқаты жоғары санатқа жатқызбайды. Санат отбасының жағдайын сипаттайтын барлық көрсеткішті бірге бағалау арқылы анықталады.

Келер жылдың 1 қаңтарынан бастап мұқтаждық деңгейіне қарай тағайындау тәртібі мемлекеттік жәрдемақының 14 түріне қолданылады. Заңда көзделген жағдайларды қоспағанда, «А» және «В» санатындағы отбасыларға бұл төлемдер тағайындалмайды. Ал белгіленген талаптарға сай келетін «С», «D» және «Е» санатындағы отбасылар аталған қолдау түрлерін алу құқығын сақтайды.

Сонымен қатар республикалық бюджеттен төленетін қалған 22 түрлі мемлекеттік жәрдемақыны тағайындау тәртібі өзгермейді.

Жаңа тәсілдің басты мақсаты мемлекеттік көмекті әділ әрі нақты бағыттау. Яғни әр отбасының шынайы жағдайын ескеріп, қолдауды шын мұқтаж азаматтарға бірінші кезекте жеткізу.

Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы бақылау
18 октября 2026
Екі жүзден астам қазақстандық кейбір мемлекеттік жәрдемақылардан өз еркімен бас тартты: шешім саналы түрде қабылданады

Қазақстанда екі жүзден астам азамат кейбір мемлекеттік жәрдемақыларды алуды өз еркімен тоқтату туралы шешім қабылдады. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасып жатыр, ал мұндай шешім қабылдағандардың саны біртіндеп артып келеді.

Қазіргі тұрмыстық жағдайын бағалай келе, отбасын өз бетінше қамтамасыз ете алатынына көз жеткізген азаматтар осындай шешім қабылдаған. Олар мемлекеттік көмектен мүлде бас тартып жатқан жоқ. Тек өздеріне тиесілі төлемді алуды тоқтатып, бұл көмектің бүгінгі күні шын мұқтаж отбасыларға бағытталғанын қалайды.

Мұндай шешім қабылдаған азаматтар туралы ақпараттар еліміздің әр өңірінен түсіп жатыр. Олардың арасында кәсіпкерлер, көпбалалы ата-аналар және тұрмыстық жағдайын жақсартып, бүгінде отбасын өз бетінше қамтамасыз ете алатындар да бар.

Бұрын аталған жәрдемақылар азаматтың белгілі бір әлеуметтік санатқа жатуына қарай тағайындалатын. Кейбір жәрдемақылар азамат өтініш бермей-ақ, автоматты түрде рәсімделетін. Ал SMS арқылы жәрдемақыдан өз еркімен бас тартудың жеңілдетілген тәртібі бұрын болмаған. Енді азаматтарға осындай мүмкіндік беріліп отыр.

Бұған дейін Отбасының цифрлық картасындағы мәліметтер бойынша әлеуметтік жағдайы жоғары А санатына жататын отбасылардың кейбір жәрдемақы алушыларына SMS-хабарлама жіберілген. Онда азаматтарға тиісті төлемнен өз еркімен бас тарту мүмкіндігі түсіндірілген.

Азамат жәрдемақыдан бас тарту туралы шешімін SMS-хабарламаға жауап беру арқылы білдіре алады. Өз еркімен бас тартқан азаматтардың тиісті төлемдері 2027 жылғы 1 қаңтарға дейін, яғни әлеуметтік қолдаудың жекелеген түрлерін тағайындаудың жаңа тәртібі күшіне енгенге дейін тоқтатылады. Бұл ретте тек азамат бас тартқан төлем ғана тоқтатылады.

Отбасының цифрлық картасы мемлекетке әр отбасының әлеуметтік-экономикалық жағдайын нақтырақ бағалауға көмектеседі. Соның негізінде мемлекеттік қолдау отбасының шынайы жағдайына қарай көрсетіледі. Әлеуметтік қорғау жүйесін жетілдірудегі басты мақсат та осы, көмекті уақытында көрсетіп, оны ең алдымен шын мұқтаж адамдарға бағыттау.

Осы ретте SMS-хабарламаның келуі жәрдемақының автоматты түрде тоқтатылатынын немесе төленбей қалатынын білдірмейді. Бұл шешімді азаматтың өзі қабылдайды. Ал заңда көзделген жәрдемақыны алуды жалғастырған азаматтар мемлекеттік қолдауға деген заңды құқығын пайдалана береді.

Кейбір отбасылар үшін мемлекеттік көмек өмірінің белгілі бір кезеңінде үлкен қолдау болған. Ал бүгінде тұрмысы түзеліп, табысы артқан соң, олар жәрдемақыдан өз еркімен бас тартуды жөн көріп отыр. Мұны әлеуметтік көмектің нақты мұқтаж адамдарға бағытталуын қолдау деп түсінуге болады.

Мәселен, Ақтөбе қаласының тұрғыны, алты баланың анасы әрі кәсіпкер Қалауша Садықова өзкәсібін енді бастаған кезде мемлекеттік қолдаудың отбасы үшін маңызды болғанын айтады.

«Мен көпбалалы ана ретінде мемлекеттік көмектің отбасы үшін қаншалықты маңызды екенін жақсы түсінемін. Өз кәсібімді енді бастаған кезде бұл қолдаудың біз үшін пайдасы зор болды. Қазір кәсібім дамып, отбасымды өзім қамтамасыз ете аламын.

Сондықтан көпбалалы отбасыларға берілетін жәрдемақыдан өз еркіммен бас тарту туралы шешім қабылдадым. Мемлекеттік көмекті нақты мұқтаж отбасыларға бағыттау олардың жағдайына көбірек көңіл бөлуге мүмкіндік береді деп ойлаймын», – дейді Қалауша Садықова.

Осындай шешімді «Жайық» волейбол клубының директоры Азамат Нұрмұхамбетов те қабылдаған. Ол I топтағы мүгедектігі бар адамға күтім жасайтын тұлға ретінде ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақы алып келген.

«Әлеуметтік көмек көрсетуде атаулылық қағидатын қолдаймын. Әр адамның өмірлік жағдайы әртүрлі, ал мемлекеттік қолдау көптеген азамат үшін өте маңызды. Өзім алып жүрген жәрдемақыдан өз еркіммен бас тартуды жөн көрдім. Осындай тәсіл қиын жағдайға тап болған адамдарға көмекті тиімдірек көрсетуге мүмкіндік береді деп санаймын», – дейді Азамат Нұрмұхамбетов.

Қостанай облысында тұратын көпбалалы ана Анна Шерер де өз оқиғасымен бөлісті. Ол жұбайымен бірге агробизнеспен айналысып, ауыл шаруашылығын дамытуға үлес қосып жүр.

«Жолдасым екеуміз жұмыс істейміз, төрт баланы тәрбиелеп отырмыз. Отбасымызды өз күшімізбен қамтамасыз етуге тырысамыз. Қазір материалдық жағдайымыз көпбалалы отбасыларға берілетін жәрдемақыдан өз еркімізбен бас тартуға мүмкіндік береді. Бұл – өзіміз қабылдаған саналы шешім. Дегенмен мұндай көмектің көптеген ата-ана үшін, әсіресе өмірдің қиын кезеңдерінде, қаншалықты маңызды екенін жақсы түсінемін. Мемлекеттік көмек жүйесіне құрметпен қараймын. Ең бастысы, көмек көрсеткенде әр отбасының нақты жағдайы ескерілуі керек деп ойлаймын», – дейді Анна Шерер.

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, мұндай шешімдер ең алдымен азаматтардың өмірлік жағдайының өзгергенін көрсетеді. Егер отбасы бүгінде өзін-өзі қамтамасыз ете алса, тиісті жәрдемақыдан өз еркімен бас тарту мүмкіндігін пайдалана алады. Ал отбасының материалдық жағдайы өзгерсе, оның әлеуметтік әл-ауқаты да қайта бағалануы мүмкін.

Осылайша, жаңа тәсілдің негізінде адамның өзі және оның нақты өмірлік жағдайы тұр. Мемлекет әлеуметтік қолдау жүйесін жетілдіру арқылы көмекті шынымен қажет жерге бағыттауды көздейді. Бұл ретте заңда қарастырылған әлеуметтік кепілдіктер сақталады.

2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда мемлекеттік әлеуметтік қолдаудың кейбір түрлерін тағайындау кезінде жаңа тәсілдер қолданыла бастайды. Тиісті көмекке құқығы бар-жоғын анықтағанда азаматтың белгілі бір әлеуметтік санатқа жататыны ғана емес, Отбасының цифрлық картасындағы мәліметтер негізінде бағаланатын отбасының әлеуметтік әл-ауқаты да ескеріледі.

Өзгерістердің басты мақсаты мемлекеттік көмекті барынша нақты әрі әділ көрсету. Яғни, бүгін көмекке мұқтаж адамдарға дер кезінде қолдау білдіріп, тұрмысы жақсарған отбасылардың жағдайындағы оң өзгерістерді де ескеру.

Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы бақылау
18 октября 2026
Қазақстан әлеуметтік қолдауды күшейтеді: қандай жәрдемақылар отбасының санатына қарамастан беріледі?

Мемлекет мұқтаждықты бағалаудың жаңа жүйесін енгізу кезінде кейбір азаматтарға берілетін жәрдемақыларға қатысты нақты ерекшеліктерді заңмен бекіткен. Мысалы, отбасының әл-ауқаты қандай санатқа жататынына қарамастан, мүгедектігі бар балаларға, сондай-ақ I және II топтағы мүгедектігі бар адамдарға тиісті мемлекеттік жәрдемақылар тағайындала береді.

Осындай ерекшеліктер ата-анасынан айырылған жетім балаларға асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша жәрдемақы тағайындауға, сондай-ақ мемлекеттік наградалармен марапатталған және жасына байланысты зейнетақы алып отырған көпбалалы аналарға да қатысты. Яғни отбасы әл-ауқаты жоғары А немесе ауқатты В санатына жатқызылса да, бұл қолдау түрлері сақталады.

Ал басқа да кейбір жәрдемақыларды тағайындау тәртібі өзгереді. Олардың қатарында еңбекке қабілетсіз адамдарға күтім жасайтын азаматтарға берілетін төлемдер де бар. Сондықтан әр жәрдемақының шарттарын жеке қарастырған жөн. Мүгедектікке немесе отбасын қолдауға байланысты төлемдердің барлығы бірдей еш өзгеріссіз сақталады деп айту дұрыс емес.

Социальные сети
Меню подвал
ҚР Президентінің жолдаулары
ҚР Президентінің сайты
ҚР Премьер-Министрінің сайты
Цифрлық трансформация тұжырымдамасы
Өмірлік жағдайлар
ҚР Мемлекеттік рәміздері
Терминдер мен қысқартулар
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі
Экран дикторы
Жасанды интеллектті дамытудың 2024 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы